• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Қазан, 2020

«Қарқаралы» тарқамайды (Аудан басшылығының берген уәдесі осындай)

839 рет
көрсетілді

Жалпы, аудандық газеттердің ахуалы, олар кездесіп отырған бүгінгі күннің түйткілді мәселелері «Egemen Qazaqstan» газетінде бұған дейін де жазылып, жарияланған болатын. Бүгінгі мақалаға арқау болған жайт та осы саладағы негізгі проблемаларға назар аудару қажеттігін көрсетіп отыр.

Тоқсан жылдық тарихы бар «Қарқаралы» газетінің басын бұлт торлағанына да бірқыдыру уақыт болған-ды. Енді міне, аяғында әлеуметтік желідегі әңгімеге ұласып, жалпақ елге жайылды. Facebook қолданушыларының бірі жазған «Қарқаралы» газеті жабылғалы тұр» деген үрейге толы жалғыз ауыз сөз мәселенің мән-жайына тереңірек үңілуге осылайша түрткі болды.

Дау тудырған мәселе аудан­дағы ақпараттық саясатқа қа­тысты жарияланған ашық кон­курстың қорытындысынан келіп шыққан. Нақтырақ айтқанда, Қарқаралы аудандық ішкі саясат бөлімі осы жылдың наурыз айын­да «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң бойынша ақпараттық саясат жүргізу жөніндегі ашық конкурс жариялап, оған екі басылым – жергілікті «Қарқаралы» газеті мен Қарағанды қаласында орыс тілінде шығатын «Новый Вестник» апталығы қатысқан болатын.

Осы жерде оқырманның кө­кейінде «Айдаладағы «Новый Вестник» басылымының қазақ тілінде шығатын «Қарқаралы» газетінде несі бар?» деген заңды сұрақтың туындауы әбден мүм­кін еді. Солайы солай ғой. Бірақ бұл газеттің тарапынан заңға қайшы келетін әрекетті таппайсыз. Өйткені қолданыстағы «Мем­лекеттік сатып алу туралы» заң бойынша кез келген ба­сылымның конкурста бақ сынап, ақпараттық саясат жүр­гі­зу құқығын жеңіп алуына толық мүмкіндігі бар...

Сонымен, жоғарыда айтқан конкурста 9 млн 374 мың 999 тең­ге баға ұсынған «Новый Вестник» газетінің жолы болады да, «Қарқаралы» газеті сан со­ғып қала береді. Бірақ мойны­на зор жауапкершілік алған қара­ғандылық апталық әуел баста іске құлшына кіріскенімен, көп ұзамай аяғына жем түскен аттай кібіртіктеп қа­лады.

Неге десеңіз, келісімшарттағы «Қар­қаралы ауданында 3 мың оқырманы болуы тиіс» деген талап «НВ» үшін алынбас қамалдың нағыз өзі болып шығады. Талап орындалмаған соң, тапсырыс беруші – аудандық ішкі саясат бөлімі аталған басылымды сотқа беріп, арадағы келісімшартты бұзуға мәжбүр болады. Бұл турасында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нариман Есов былай дейді:

– Келісімшартта көрсетілген талаптарды орындай алмағаны үшін «Новый Вестник» басылымын «Жосықсыз өнім беруші» ретінде тану туралы сотқа шағым түсірдік. Бірақ төтенше жағдай және карантин кезінде бұзылған келісімшарт болғандықтан, заңдық талаптарға сәйкес сот «Жосықсыз өнім беруші ретінде та­нылмайды және айыппұл салынбайды» деген шешім шығарды. Сол себепті ке­лісімшарт біржақты бұзылып, жұмыс тоқтатылды.

Жағдайдың осылайша қалып­тас­қанынан қарамастан, «Қарқаралы» газеті тоқтаусыз шығып жатқан екен. Тек екі нөмірі ғана оқырман қолына тимеген. Мұны басылымының бас редакторы Рымбек Смағұлов та қуаттайды.

– Газет бүгінгі күнге дейін жұмысын тоқтатқан жоқ. Еңбекақы жағынан кідіріс болғаны рас. Енді, аудан әкімдігінің араласуымен ол мәселе де оң шешімін тауып, қуанып отырған жайымыз бар, – дейді басылым басшысы.

«Қарқаралы» газетінің редакциясында барлық қызметкерін қосқанда тоғыз адам еңбек етеді. Ұжым мүшелері жалақыларын соңғы рет шілде айында қолға алған екен. Осындай қиындыққа қарамастан, аудандық басылым қызмет­керлерінің өздерінің кәсіби ісіне шын берілгендіктерін іспен дәлелдеп келе жатқанына еріксіз тәнті боласың.

Иә, қазіргі бәсекенің заманында алаңсыз өмір сүру қағаз түрінде шы­ғатын қазақтілді баспасөзге оңай тиіп тұрған жоқ. Мемлекеттік тапсырыстың мөлшермен берген қаржысына ілде­бай­лап күн көрмесең, жарнаманың жа­рылқай қоймасы белгілі. Басылым­ның қорына «Құттықтау», «Еске алу», «Ақы­лы мақала» арқылы анда-санда түсіп тұратын аз-маз қаражаттың жыр­тық­ты жамауға да жетпейтіні белгілі.  «Қар­қаралы» газетінің бас редакторы Рым­бек Смағұловтың: «Мың жер­ден тырысқанмен, аудандық газеттер ешқашан да өзін-өзі ақтаған емес. Ес­тігендеріңіз болса айтыңыздаршы, қай аудандық газет өзін-өзі ақтап отыр екен?» деген сөзінің жаны бар. Десе де, бү­­гінгідей бәсекенің бәсіне бағынған заманда уақыт талабына сай қам-ха­рекет жасау­ды да ұмытпаған жөн. Ме­неджментті меңгеруге мән бермей, мемлекетке қол жая беру – тығырықтан алып шығар жол еместігін түсінетін уақыттың жеткенін еске салмай тағы болмайды.

Қарқаралы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нариман Есов мәлім еткендей, қазан айының басында тағы да ашық конкурс жарияланыпты. Таразының бір басында алдағы үш айға бөлінген 3 млн теңге қаражат тұр. Тендердің бұл додасында «Қарқаралы» газетінің жолы бола ма, болмай ма, ол – алдағы уақыттың еншісіндегі шаруа. Бірақ тоқсан жылдан бері қасиетті өлкенің жылнамасын жазып, жаңалығын жария қылып келе жатқан байырғы басылым болашаққа сеніммен қарайды. Айтпақшы, аталған конкурсқа әлгі «Новый Вестник» газеті тағы да қатысуы бек мүмкін, құқы бар. Өйткені сот оны «Жосықсыз өнім беру­ші» деп таныған жоқ. Бұл дегеніңіз, қол­даныстағы «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңдағы тиісті баптарға өзге­рістер мен түзетулер енгізудің ауадай қажет екенін ұқтыра түседі. Аталған заң солқылдақтықтан арылғанда ғана «НВ» сияқты көкейін қу ақша тескен басылымдар қазақтілді газеттердің несібесіне ауыз салмас еді.

«Қарқаралы» газетінің айналасын­дағы жағдай туралы пікірін сұрағанымыз­да, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын мәселені таза заң аясында қарастыру керектігіне баса назар аударды. «Мысалы, конкурсқа қатысуға ниет білдірген басылымдарға қандай да бір кедергі келтіру қолданыстағы заңға қайшы әрекет болып саналады. Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекелестік ортаға берілген кезеңде менеджментті мықты меңгерген тараптың мерейі үстем болатыны белгілі. Ал аталған газеттің басындағы жағдайға ұқсас оқиғалар қайталанбас үшін қолданыстағы «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң баптарына өзгерістер мен түзетулер енгізілер болса, нұр үстіне нұр болар еді», деді Ерлан Құсайын.

Ал «Қарқаралы» газетінің үш айдан бері еңбекақы алмаған қызметкерлерінің жақын күндері қуанышты сәтті бас­тан кешетін түрлері бар. «Газет қыз­мет­керлеріне еңбекақылары демеушілер есе­бінен толықтай төленеді. Сонымен қатар редакцияның бірде-бір қызметкері қысқартуға ұшырамайды», деп мәлімдеді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нариман Есов.

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, EQ

Орайы келгенде айта кету керек, «Egemen Qazaqstan» газетінің 2020 жыл­дың 2 маусым күнгі №105 санында жа­рық көрген «Теміртауда қазақ баспасөзі жоқ» атты мақалада жоғарыда айтылған әңгімеге ұқсас мәселені көтерген болатынбыз. Онда 60 мыңға жуық жергілікті ұлт өкілі тұратын Теміртауда бүгінгі күнде қазақ тілінде бірде-бір газет шық­пайтыны айтылған еді.

Бүгінгі мақаланы редакцияға жібергелі жатқан кезде «Egemen Qazaqstan» газе­тінің Қарағандыдағы қосынына Темір­таудың жаңадан тағайындалған әкімі Қайрат Бегімов хабарласып, аталған мәсе­ленің жай-жапсарымен жан-жақты танысқаннан кейін, қаладағы қазақ баспа­сөзін қайта жандандырудың жолдары қарастырылатынын жеткізді.

Ал «Қарқаралы» газеті жайындағы әңгімеге қайта оралар болсақ, жергілікті атқамінер азаматтардың ұстанымы кө­ңілге сенім ұялатады. Көтерілген мәселе аудан әкімі Эльдар Дүйсетаевтың жіті назарында екен. «Қарқаралы» газеті жабылмайды да, тарқамайды да. Иә, конкурсқа байланысты аздаған проблеманың туын­дағаны рас. Дегенмен жағдай жақын арада заң аясында реттеліп, мәселе оң шешімін табады деп сеніммен айта аламын», деп уәде берді атағы алты Алашқа белгілі ауданның басшысы.

 

Қарағанды облысы,

Қарқаралы ауданы