Қаңтар-қыркүйек аралығында қазақстандықтар жаңа жеңіл автокөліктерді сатып алуға 555,2 млрд теңге жұмсаған. Бұл бір жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда 20,8 пайызға жоғары. Демек, халық мінілген көлікке емес, жаңа техникаға қызығушылық таныта бастады және отандық өнімдерге сұраныс артуда.
«ҚазАвтоӨнеркәсіп» Қазақстан автокөлік саласы кәсіпорындары одағының мәліметінше, осы жылдың тоғыз айында ресми дилерлер арқылы 61 336 автокөлік сатылыпты. Көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 24,1 пайызға жақсарған.
– Қыркүйек айы нарық үшін қолайлы болды. Өйткені өткен айда 9 604 көлік сатылды. Былтыр дәл осы кезеңде 5 954 көлік саудаланған еді. Яғни, көрсеткіш 61,3 пайызға жоғары. Қыркүйекте нарықта сатылған көліктердің жалпы құны 86,9 млрд теңгеге тең болды. Тамыз айымен салыстырғанда сауда 2,5 пайызға өскен. Еске сала кетейік, тамызда 9 370 автокөлік сатылды, – деді одақтың стратегиялық жоспарлау жөніндегі директоры Артур Мискарян.
Тоғыз айда көлік сатып алғандардың 70,6 пайызы немесе 43 312-сі отандық зауыттардың өнімін таңдаған. Ал импорттың үлесі – 18 024 көлік. Бұл қаңтар-қыркүйек аралығында сатылған өнімдердің 29,4 пайызына тең.
Есепті кезеңнің қорытындысына сүйенсек, ел тұрғындары көбірек таңдаған брендтердің бестігі төмендегідей қалыптасып отыр: Lada (13 496 көлік сатылған), Hyundai (11 509), Toyota (7 841), Ravon (6 548) және KIA (4 689). Бұлардан бөлек, сұранысқа ие маркалардың қатарында Chevrolet, GAZ, Renault, Volkswagen және Nissan бар.
Тарқата айтсақ, қазақстандықтар тоғыз айда 5 943 Lada Granta, 5 414 Ravon Nexia және 3 338 Toyota Camry сатып алған. Hyundai Tucson (3 308) мен Lada Vesta (3 149) модельдеріне қызығушылық танытқандар да аз емес.
– Қазақстан нарығындағы дилерлік топтың көшін әдеттегідей «БИПЭК АВТО – АЗИЯ АВТО» холдингі бастап тұр. Тоғыз айда сатылған жаңа көліктердің 30,8 пайызы дәл осы компанияға тиесілі. Екінші орынға «Astana Motors» компаниясы жайғасқан. Оның нарықтағы үлесі қаңтар-қыркүйек қорытындысы бойынша 19,5 пайызды құрады. Бестікке «Allur Auto» (үлесі 6 пайыз), «Вираж» (5,8 пайыз) және «Shym Auto» (2,3 пайыз) еніп отыр, – деді А.Мискарян.
Соңғы тоғыз айда сатып алынған көліктердің 15 308-і алматылықтарға тиесілі. Бұл аралықта астаналықтар 11 344 көлік, ал шымкенттіктер 6 059 техника сатып алған.
– Қыркүйек айы жаңа автокөліктер нарығы үшін де қолайлы болды. Дәл осы қарқын сақталатын болса, автодилерлер жылды былтырғы көрсеткіш шамасында аяқтамақ. Сәл-пәл жоғары болуы да ықтимал. Бұл жерде елдегі эпидемиялық жағдай мен саладағы іскерлік белсенділік үлкен маңызға ие, – дейді одақтың стратегиялық жоспарлау жөніндегі директоры.
Еске сала кетейік, былтыр қазақстандықтар 71,4 мың жаңа автокөлік сатып алған болатын. Оған 654,3 млрд теңге жұмсалған. Сатып алушылардың 42,2 мыңы отандық көліктерді тізгіндегенін де атап өткен жөн.
Осы орайда, Қазақстан автобизнес қауымдастығының деректеріне де назар аударуды жөн көрдік. Қауымдастықтың мәліметінше, тамыз айында Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарына 20 707 көлік жаңадан тіркелген. Ал қайта тіркелген көліктердің саны – 112 533. Бұл көрсеткіш 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,6 пайызға жоғары. Нарықтағы белсенділікке дилерлердің жаңа автокөліктермен толығуы және Армениядан әкелінген көліктерге сары түсті нөмір беру тәртібінің айтарлықтай жеңілдеуі себеп болған.
– Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары карантинге байланысты сәуір айында жабық тұрды. Соның өзінде сегіз айдың ішінде 689 451 көлік тіркеуден өткен. Көрсеткіш 2019 жылдың тамыз айымен салыстырғанда, 17 пайызға артты. Тіркелген көліктердің 268 724-інің қолданыстағы мерзімі 20 жылдан асып кеткен. Ал зауыттан шыққанына үш жыл толмаған жаңа техникалардың үлесі өткен жылға қарағанда 3,1 пайызға өсіп отыр. Қазақстандықтар көбінесе Toyota (107 099 көлік), Lada (94 548), Volkswagen (45 773), Mercedes-Benz (39 442) және Hyundai (32 897) секілді автокөлік брендтерін тіркеген немесе қайта тіркеуден өткізген, – деді Қазақстан автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашева.
Оның айтуынша, екінші ай қатарынан сатылым 9 мың көліктен асып түсіп отыр. Бірақ нарықтың әлеуеті бұдан да жоғары көрінеді. Сондықтан қауымдастық қалған үш айды есепке алғанда, жыл қорытындысы бойынша сатылым көлемі 90 мың көліктен асып түседі деп болжам жасауда.
Жалпы, Қазақстандағы автокөлік өндірісі соңғы он жылда айтарлықтай өсім көрсетті. Дағдарысты та бастан өткергені есімізде. Мәселен, 2010 жылдан бастап бұл салада 130 жаңа машина жасау өндірісі іске қосылып, 14 мыңнан астам жұмыс орны құрылған.
2015 жылы теңгенің еркін айналымға жіберілуіне байланысты автокөлік өндірісі дағдарысқа ұшырады. 2010 жылы өндіріс көлемі 4 мың көлікті құраса, дағдарыстан бір жыл бұрын, яғни 2014 жылы 40,8 мың көлікке жеткен. Дағдарыстан кейін (2016 жылы) бұл көрсеткіш 7,7 мың көлікке дейін қысқарды.
Үкімет нарықты қолдау мақсатында жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасын енгізді. Соның нәтижесінде нарық қалпына келе бастады. 2019 жылдан бастап автокөлік өндірісі нарығы нақты өсім көрсетуге көшті. Яғни, 2010 және 2019 жылдар аралығында өндіріс көлемі 12,5 есе өскен. Өнеркәсіптегі автокөлік өндірісінің үлесі шамамен 2 пайызға дейін ұлғайды.
Айтпақшы, Қазақстанның автоөнеркәсіп нарығына тағы бір ірі ойыншы кірді. Ол – Hyundai Trans Kazakhstan жеңіл автокөлік өндіретін зауыты. Жаңа зауыт «Astana Motors» компаниясының еншілес кәсіпорны болып саналады. Зауыт бірінші кезеңде жыл сайын 30 мың көлік шығаруға қауқарлы. Екінші кезеңі іске қосылған соң жылдық өндіріс қуаты 45 мың техникаға дейін жетпек. Кәсіпорын ішкі нарықты ғана қамтымай, өнімдерін ТМД елдеріне экспорттамақ.
– Коронавирус пандемиясына байланысты қалыптасқан дағдарысқа әрі теңге бағамының құбылмалылығына қарамастан, зауыт құрылысын жоспарланған мерзімде, бір жарым жылда аяқтадық. Осы жылдың сәуір айында зауытта ірі торапты құрастыру әдісімен автомобильдер өндірісі басталды. 15 қазанда ұсақ торапты құрастыру әдісімен автомобильдер өндіруге арналған цехты іске қосты. Біз барлық міндеттемені толық көлемде орындаймыз және келесі жылдың басында нарыққа ұсақ тораптық әдіспен жиналған алғашқы автомобильдерді ұсынамыз, – деді «Astana Motors» компаниясының президенті Нұрлан Смағұлов.
Жаңа зауытта шамамен 700-дей жұмыс орны құрылады. Жобаға салынған инвестиция көлемі – 28 млрд теңге. Оның 30 пайызы – «Astana Motors» компаниясының қаражаты, қалған 70 пайызы несиеге алынған. Қарызды «Қазақстанның даму банкі» АҚ мен «БРК-Лизинг» АҚ ұсынды.