• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Қазан, 2020

Жаңақаланың жағдайы алаңдатады

1124 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданы биыл судан қатты тапшылық көруде. Бір жұтым су іздеген төрт түлік мал батпаққа айналған көл табанында балшыққа батып өліп жатыр.

 

Өңірдің басты су көздері – Жайық, Шаған, Деркөл, Сарыөзен, Қараөзен бастауын жоғарыдағы Ресей Федерациясынан алады. Бұл өзендердің қай-қайсысының да кемері соңғы кезде кеміп, жылап ағатын болды. Оның бір себебі кейінгі жылдары қайталанып отырған құрғақшылық болса, суды бас­тауынан буып, саудаға салып отырған көрші мемлекетке қылар қауқар тағы жоқ.

Жайықтың жанайқайын жақында ғана жазғанбыз. Облыстың оңтүстік бөлігінде жатқан бұрынғы Бөкейлік, қазіргі Жаңақала, Бөкей ордасы, Жәнібек, Қазталов аудандары тікелей Ресейден келетін суға мұқтаж. Бұрын Қараөзен мен Сарыөзен көктем мен күзде тасып ағып, Нарын құмының шетіне дейін шалқып жататын. Әйгілі Қамыс-Самар көлдері, аққу ұшып, қаз қонған айдындар, Махамбет жырлаған «қоғалы көлдер, қом сулар» бүгінде көзден бұл-бұл ұшқан.

«Бұрын Жаңақала аумағында үлкенді-кішілі 16 көл бар еді. Соңғы үш жыл ішінде екі-ақ көл қал­ды, қалғаны құрғап кетті. Бұ­ған негізгі себеп – Жайық өзе­ні­нің деңгейі төмендеуінен». Бұл – қуаңшылықтан ең қатты зар­дап шегіп отырған Жаңақала ауда­нының әкімі Наурызбай Қара­ғой­шиннің сөзі.

Бірақ ақиқатын айту керек, Жайық өзені Жаңақалаға қарай ақпайды, Каспийге құяды. Жайықтың суын жасанды арналар арқылы оңтүстік аудандарға бұру – адам қолымен жасалған әрекет. Қамыс-Самар көлдерінің негізгі қорегі, табиғи тынысы жоғарыда айтылған Сарыөзен мен Қараөзен болатын.

 

Шөлдеген мал, шарасыз шаруа

Күні кешеге дейін Жаңақала ауда­ны салыстырмалы түрде алған­да Батыс Қазақстан облы­сы­ның ең бақуатты өңірі саналды. Ауданның негізгі бағыты – мал шаруашылығы. Мұнда 24 мыңдай халық тұрса, 518 шаруа қожалығы тіркелген. Стати­сти­ка­лық мәліметтерге қарасақ, мал басы тұрақты өсіп келеді. Қазіргі таңда Жаңақала ауданы бойынша ­­­­­70 919 бас сиыр, 182 028 қой-ешкі, 27 960 жылқы және 659 түйе бар екен. Биылғы 8 айда ауданда 8 122,0 млн теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Шаруа­лар малын асылдандырып, соңғы үш жылда алыс-жақын шетелден асыл тұқымды 3 584 сиыр, 426 қой, 56 жылқы сатып алыпты.

Алайда осы жетістіктің бәрі су тап­шы­лығынан құрдымға кетуі әбден мүм­кін. Шаруалар қазірдің өзінде дабыл қағып, берісі аудан әкімі, әрісі респуб­ли­кадан көмек сұрауда.

– Мал ішетін су жоқ. Соңғы екі жылдан бері көріп келе жат­қа­н­ымыз осы. Аудан әкіміне талай бардық, бірақ аудан әкімдігі деңгейінде шешілетін іс емес. Мыңдаған мал балшыққа батып қырылатын түрі бар. «Су жоқ, Ресей бермей жатыр» дейді, бірақ ауылдағы қазақ малсыз отыра алмайды ғой. Қалай болғанда да бұл мәселе тезірек шешілуі керек. Өте қиын болып тұр, – дейді Жаңақала ауданының тұрғыны Жеңісбек Ахметов.

Әділбек Жанболатов та Жаңа­қа­ла ауданының тұр­ғы­ны, Қо­ңырсай арнасының жаға­ла­уын­да мал ұстап отыр­ған Оң­сары деген шаруа қожа­лы­ғы­ның иесі.

– Өзекті мәселе – су келмей жатыр. Жылдан-жылға мал іше­тін су жоқ. Биыл шөп те, мал азығы да тапшы. Шөпті басқа ауданнан болса да сатып алармыз, ал суды қайтеміз?. Су өте тапшы. Биыл жаз бойы үш құдық қаздық. Алғашында шыққан су алғау, аз-маз ашылау еді. Кейін тіпті удай болып кетті. Үкіметтен кө­мек сұраймыз, – дейді Әділбек Жанболатұлы.

Әділбектің шаруашылығында 100-ге тарта сиыр, 400-дей қой, 5-6 үйір жылқы бар. Бүгінде осы малдың су ішемін деп барып балшыққа батып қалуы көбейген. Тіпті күн сайын деуге болады.

«Мемлекеттің өзі мал шаруа­шы­лығын дамыту керек» деген соң бәріміз несие алдық, төрт түлік малды көбейттік. Сол мал­дың төлімен несиемізді жауып отыр едік. Алда не болатынын білмейміз. Қиын болғалы тұр» дейді жаңақалалық шаруалар.

 

Халықтың талабы

Жақында Жаңақала ауда­ны­ның тұрғындары мен шаруа қо­жа­лықтары басшылары бірігіп, мы­на­дай арыз жазды:

«Биыл жыл басынан бастап ауа райының қолайсыздығына байланысты ауданда мал азығын дайындау, малды суару жағдайы күрделі мәселе болып отыр. Биыл ауданға судың аз мөлшерде бе­рілуіне байланысты суды тек малдың ішуіне пайдаланып, шабындық, көлдіктерге шы­ғармау жөнінде келістік. Бар­лық шаруа қожалығы осы келі­сім­ді ұстап келдік. Алайда қа­зір­гі таңда Көшім каналынан келе­тін су өз деңгейінде баратын же­рі­не жетпей, Жалтыркөл көлі құр­ғап қалды. Қазталов ауданы, Тал­дыапан елді мекені, Қайша құдық каналы арқылы келетін су мүлдем жоқ. Атап айтқанда, Пятимар ауылдық округі Аққұс елді мекенінен бастап Мастексай ауылдық округі, Мұқыр елді мекені аралығындағы каналдар түгел құрғап, сол каналдардың іргесінде орналасқан елді мекендер мен шаруа қожалықтарына су жетпей, мал бағу қиындап отыр. Осы жағдайды облыс басшысына немесе Үкімет басшыларына дейін жеткізіп, су мәселесін шешіп беруіңізді сұраймыз».

Шарасы таусылып, шегінерге жер қалмаған жаңақалалық шаруалар аудан әкімімен бірнеше мәрте кездесіп, өңірге келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеевке де мәселені төтесінен қойды.

– Жаңақала ауданының суландыру жүйесі негізінен Көшім, Қараөзен мен Сарыөзенге байла­ныс­ты. Ал бұл өзендердің су көлемі Ресей Федерациясы аума­ғында орналасқан су қойма­ла­­рындағы су қорына тікелей тә­уелді. Соңғы 3 жылда осы өзен­дерден келетін су көлемі өте аз болғандықтан ауданда су тап­шы­лығы байқалып отыр, – дейді аудан әкімі Н.Қарағойшин.

Жаңақалада су тапшылығы соңғы бірнеше жылдан бері қай­та­ланып отыр. Неге мәселе дер кезінде шешілмейді? Не­лік­тен алдын ала қам жасалмайды?

Биыл мал азығы тапшы­лы­ғы­нан шөптің бағасы аспандап кет­ті. Әлі жеткен қожалықтар алыс аудандардан тасып әкелуде. Неге аудан басшылары осы істі орта­лықтан ұйымдастырып, мал­шы­ларға көмектеспейді? Жо­ға­ры­дағы қиындықтар себебінен шаруалар банк алдындағы несие­сін уақытында төлей алмай қалу қаупі төніп тұр. Мұндай жағ­дай­да оларға жеңілдік, несие каникулы бола ма? Әлде әркім өз қай­ғы­сымен бетпе бет қала бере ме?

Міне, ауыл халқын алаңдатқан мәселе осы.

– Жаңақалада адал еңбек етіп, несие алып, мал басын көбейткен шаруалар көп. Бірақ олардың алдағы қыстан қалай шығатыны белгісіз. Мемлекет тарапынан, жоғарыдан қолдау болмаса, қа­зір­гі қысылтаяң халден қалай шы­ғатынымызды түсінбеймін, – дейді ауыл кәсіпкері Талғат Бәй­кенов.

 

Күткен су келе ме?

Негізі, Қараөзен мен Сары­өзен­ге Ресей жағынан келетін су қаржыға ғана тіреліп тұр. Ақысы төленсе, орыс­тар суды сол сәтте қажетті көлемде жібе­ру­ге әзір. 2020 жылы Қараөзен мен Сарыөзенге су сатып алу үшін республикалық бюджеттен 1 439,0 млн теңге бөлінген. Бұл 80,3 млн текше метр су алуға жетеді. Ал Батыс Қазақстан облысы қосымша тағы 1 млрд тең­ге­нің жобалық құжатын жасап, рес­публикадан қаржы сұраған. Бұл жыл басынан бері көтеріліп келе жатқан, әзірге шешілмеген мә­селе болатын. Қазіргі қиын жағ­дай, жаңақалалық шаруа­лар­дың жанайқайы тиісті орын­дар­дың құлағына жеткен тәрізді.

– Биыл Ресейден қажетті су мөлшерін алу үшін республика бюджетінен Батыс Қазақстан облысына 2 млрд теңге бөлінді. Қазіргі жағдайды ескеріп, тағы да қолдап отыр, шешім шықты. Ресей тарабы біздің өзендерге су беруді әдетте қазан айында тоқтататын еді. Биыл 24 қарашаға дейін созып отыр. Қазір 3 текшеметрге дейін су беріліп жатыр. Бұйырса 1-2 аптада су болады, – дейді облыс әкімінің орынбасары Аманжол Алпысбаев.

Статистикалық деректерге қарасақ, Жаңақала ауданында өзін өзі жұмыспен қамтушылардың саны былтырғыдан азайған. Өзен-көл тартылып, орнында қал­ған тұзды топырақ ауаға ұшып, экологиялық апаттың да ауы­лы алыс емес сияқты.

«Қоғалы көлдер, қом сулар,

Кімдерге қоныс болмаған?!», деп Махамбет жырлаған құтты қоныс, балығы тайдай тулаған бара­қатты өлке – Жаңақала жері­не көмек керек. Шұғыл.

 

Батыс Қазақстан облысы