Дәл осындай тақырыппен футболдан Қазақстанның алты дүркін чемпионы, елорданың «Астана» командасы Андрей Тихоновтың клубтың жаңа бас бапкер қызметіне тағайындалғанын хабарлады.
Күні кеше 50 жылдық мерейтойын тойлаған ресейлік танымал экс-футбол жұлдызы жанкүйерлерге Мәскеудің «Спартак» және Ресей құрамасы сапында көрсеткен өнерімен танымал. Ол «ақ-қызылдар» құрамында 8 мәрте Ресей чемпионы атанғанын да жақсы білеміз. Сондай-ақ Тихонов «Спартактан» бөлек, «Крылья Советов», «Химки», «Маккаби Тель-Авив» (Израиль) және «Локомотив» (Астана) клубтарында да өнер көрсетті.
Жанкүйерлердің есінде болса, Андрей Тихонов «Астана» клубының тарихтағы бірінші капитаны саналады. Елорда командасымен бірге ол 2009 жылы чемпионаттың үздік ойыншысы атанып, біріншілікте күміс жүлде иеленді. Тихонов ойыншы ретіндегі мансабын аяқтағаннан кейін «Спартак» (Мәскеу), «Спарта» (Щелково), «Краснодар», «Енисей» және «Крылья Советов» клубтарында қызмет атқарды. Айта кетейік, Тихонов осы маусымдағы «Астананың» үшінші бас бапкері.