Халықаралық конькишілер одағы (ISU) мәнерлеп сырғанаудан төрт құрлық чемпионаты өткізілмейтінін мәлімдеді.
Ұлттық Олимпиада комитетінің хабарлауынша, 2021 жылдың 8-14 ақпан күндеріне жоспарланған мәнерлеп сырғанаудан жылдың ең маңызды додасы ұйымдастырылмайды. Төрт құрлықтың басты додасы келесі жылы Аустралияның Сидней қаласында өтуі тиіс болатын. Алайда коронавирус пандемиясының қаупі әлі де сейілмей тұрғанын ескерген ұйымдастырушылар жарысты өткізуден бас тартып отыр.
Айта кетерлігі, осыған дейін ISU шорт-трек пен конькимен жүгіру бойынша төрт құрлық чемпионатын өткізбейтінін хабарлаған болатын.