• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Қазан, 2020

Ойыннан от шықты

210 рет
көрсетілді

Өткен аптада әлеуметтік желілерде жұрттың езуін тартқызған бір бейнекөрініс тарап кеткен болатын. Онда полиция киімін киген ер адам тойға жиылған қауымды өтірік қорқытып, көріністің соңын күлкіге айналдырған еді.

Енді міне, басына бәле тілеп алған әзілкеш полиция қыз­мет­кер­лерінің қырына ілікті. Оған ішкі істер органдарының беде­лін тү­сірді және санитарлық-эпи­де­миялық ережелердің бұ­зылуына себепші болды деген айып тағылды.

Құрығы ұзын полиция үшін әлгі шоумен мен той иесін табу қиынға соқпады. Олар Жаңаарқа ауданының тұрғындары болып шықты. Көп ұзамай олардың кешірім сұраған видеолары пайда болды.

Той иесінің ұлы бүкіл Қазақ­стан халқынан карантиндік шектеулер кезінде тойды заңсыз өт­кізгені үшін кешірім сұрады. Жа­залауға және айыппұл төлеуге да­йын екендігін айтты. Ал қуанышта тойшыл қауымның кө­ңілін көтермекші болған әзілкеш өз әрекетін былайша түсіндірді:

– Мен тәртіп сақшыларын мазақ қылу үшін емес, қонақ­тар­дың көңіл күйін көтеру үшін полиция формасын кидім. Барлық поли­ция қызметкерлерінен, қа­зақстан­дықтардан кешірім сұрай­мын. Мен істегенімді мойныммен көтеруге дайынмын.

Сонымен Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 675-бабы бойынша әзілкешке 13 890 теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал карантин талаптарын бұзып, той жасаған азамат сот үкіміне сай 30 АЕК-тен 200 АЕК-ке дейінгі аралықта айыппұл төлейтін болады.

 

Қарағанды облысы