Натюрморттағы қызыл алма – жер ғаламшары. Жердің түсіне ұқсайтын жасыл және көкшіл түстегі жемістер жетерлік емес пе... Ол неге қызыл? Себебі адам баласы пайда болғалы бері зұлмат соғыстар, жойқын жарылыстар, табиғатқа деген адамның қисапсыз қиянаты бір сәт тоқтаған жоқ. Адам қолынан жасалған геноцидтер ғаламшарымызды қанға бөктіруде. Жемістер орналасқан мата суық ақшыл түсте. Мұндай суық түстің таңдалуы адамзаттың болашағы мен ниетінің метафорасы секілді көрінеді.
Суретші өнерге алғаш аяқ басқанкезінен өзіндік стильде, арнаулы жанрларда ізденіп келеді.Өз қолтаңбасын жоғалтып алмау – ол үшін қылқаламның басты мұраты. Философиялық дүниетанымы мен шығармашылық ізденістері уақыт легімен бірге жалғасуда. Ғалым Оспановтың туындыларын түйсіну үшін метафоралық кілтін тауып, түстік символикасын сезіну керек. Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде суретшінің «Эйкос+» атты жеке шығармашылық көрмесі салтанат құрды.
Ғалым Оспановтың шығармашылығында экология тақырыбы дара мәнге ие.Оның «Натюрморт 1» деп аталғантуындысында қара-көк фондағы сары түстес үлкен жемістер биік таулар мен табиғаттың бейнесі, ал мата бүктемелерінен теңіз толқындарының легі сезіледі. Кенептегі әрбір затқа тереңірек үңілетін болсаңыз, шығарманың мәні ашыла түсетіндей. Туындыдан барокко стиліне тән қарама-қайшылықты, жемістерден табиғат сұлулығын, ал матадағы буырқанған теңіз қазіргі климаттық өзгерістен пайда болған апаттарды баяндайды. Түстік түзілімі кереғар жылы сары және суық қара-көк түстермен орындалған.
Қылқалам шеберінің «Эйкос +» шығармашылық көрмесі соңғы екі жылдағы туындыларын қамтыпты. Эйкос сөзінің мағынасы экология ұғымының ежелгі гректік баламасы (лат. оіkos – үй, баспана; logos – ілім).Көрмеге 30-дан аса кескіндемелік натюрморт жанрындағыжұмыстар қойылған. Туындылар әлемдегі және еліміздегі өзекті жағдайларға бағытталған. Олар экология, пандемия және т.б. мәселелер. Суретшінің «Натюрморт» атты жұмысы космос тақырыбын қаузаған. Фоны қара-көк суық түспен, сол жағында сары ұсақ жағындылармен толығыпжалпы ғаламның символынан сыр шертетіндей.
– Жоғарғы пландағы сары түсті үлкен алма күннің бейнесі, ал жанындағы жемістер күн жүйесіндегі ғаламшарлар. Натюрморттағы негізгі ой ол алдыңғы пландағы үлкен қызыл алма – жер ғаламшары. Байқасаңыздар жердің қазіргі жағдайын дәл көрсеткен. Оның ойқыш та, құрт түскен бейнесі планетамыздың қазіргі күйініңкелбеті. Натюрморт шебері көбінесе алма, алмұрт, құмыра және т.б. заттармен жұмыс істейді. Туындыларындағы заттардың орналасуы құрылымдық тәртіпте, кеңістіктің барлық қағидаларын ұстанады. Заттардыңпішіндеріне жете тоқталып кейде, жеке пішінге назар аударылады. Бір қарағанда қарапайым натюрморт болып көрінгенімен, мағынасы мен сюжеттік мәні бөлек. Шығармашылығындағы негізгі рөл – түстік-түзілім, – дейді көрме жетекшісі Ақжігіт Нүсіп.
Түстер картинадағы көңіл күйді білдіре отырып символ ретінде қолданылады. Натюрморт жанрында өзекті мәселелер қозғалған бірегей көрме болашақта жаңа ойлармен толыға түспек.
АЛМАТЫ