• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 19 Қазан, 2020

Рахымжан Отарбаев атындағы әдеби сын байқауының жеңімпаздары марапатталды

1373 рет
көрсетілді

Бүгін Атырау қаласында "Рухани  жаңғыру: болашаққа бағдар" жалпыұлттық жобасы аясында "Рахымжан Отарбаевтың Руханият Қоры" жеке қоры драматургия, проза салалары бойынша сыншы, әдебиетшілер арасында өткізген "Рахымжан Отарбаев шығармашылығы. Әдеби сын" байқауының қорытындысы шығып, жеңімпаздар марапатталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Белгілі сыншы Амангелді Кеңшілікұлы бастаған қазылар алқасы Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығын арқау еткен отыздан астам жұмысты саралай келіп, екі жанр бойынша үздіктерді анықтады.

Проза жанры бойынша I орын  – Алмаз Мырзахметке (1 000 000 теңге), II орын –   Сержан Сәрсенбайға (500 000 теңге), III орын  – Балнұр Қызырбекқызына, Марат Әзімханға және Досбол Исламға (300 000 теңге) бұйырды. Ал, драматургия жанры бойынша қазылар алқасы түскен жұмыстардың көбінің әлі де бір қайнауы ішінде екенін ескере отырып, Айзат Қадырәлиеваны жеңімпаз деп таныды. Сондай-ақ Рахымжан Отарбаев атындағы арнайы сыйлық Айнұр Төлеуге (500 000 теңге) табысталды.

Ал ынталандыру сыйлықтарына А.Рақыш, А.Үсейінова, А.Найманбай, М.Төлегенов, А.Ақболатов, Р.Сұлтанғалиев, Ж.Утешева ие болды.

Жиынның беташар сөзін алған Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова:

"Қазақта қанаты бүтін қыран жоқ, тұяғы бүтін тұлпар жоқтығы анық. Өкінішке қарай, Рахымжан Отарбаевтың өмірден өткеніне де міне, екі жылдан асыпты. Қарымды қаламгердің жоқтаушысы жоқ емес: туған жері, алтын бесігі Атыраудың ел-жұрты Рахымжан ағамыздың мұрасын ұмытпайды. Бұған Рахымжан Отарбаев атындағы халықаралық театр фестивалінің өтуі, басқа да шаралардың қолға алынуы және бүгінгі байқау да дәлел бола алады. Бұл ретте жазушының жары, соңындағы шырақшысы Сәуле Отарбаеваның еңбегін ерекше атап өту керек. Бүгінгі қорытындыланып отырған әдеби сын байқауы да рахымжантанудың жаңа бір парағын ашады деп ойлаймыз. Барша қонақтар мен қатысушыларға облыс әкімі Махамбет Жолдасқалиұлының атынан ризашылығымызды білдіреміз", деп, Рахымжан Отарбаевтың келер жылғы шаралары кең ауқымда өткізілетінін атап өтті.

"Бұл – біздің әдеби сын жанрындағы алғашқы бастама байқауымыз. Бірінші тәжірибе болған соң қобалжыдық. Келіп түскен еңбектер туралы айтатын болсам, біз ойлағандай белгілі, қалыптасқан сыншылар көп қатысқан жоқ. Көбіне мектеп мұғалімдері атсалысты. Олардың еңбектері сыншылық деңгейдегі емес, оқырман әсеріндегі ғана дүние болды. Алайда, қарағандылық жас жазушы Алмаз Мырзахметтің мақаласы қазылар алқасының көңілінен шығып, бірінші орынға бірден бір лайықты деп санадық", деген Сәуле Отарбаева Атырау облысы әкімдігіне зор алғысын білдірді.

Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты марапаттау рәсіміне қазылар алқасы мен ынталандыру алған жеңімпаздар қатысқан жоқ. Дегенмен, әдеби байқауға атсалысқан авторлардың деңгейі мен жүлде алған сын мақалалардың ерекшелігін қазылар алқасының төрағасы Амангелді Кеңшілікұлынан сұрап көрдік.

"Бәйгеге атын қосып, бағын сынағандардың көбі Рахымжан Отарбаевтың прозасын талдауға қатты ықылас танытты. Жас мөлшерінің шектелуіне байланысты әдебиетте жақсы мақалаларымен көрініп жүрген кәсіби сыншылар байқаудан сырт қалды. Өйткені бұл байқаудың негізгі мақсаты – жастарды қолдау болды. Дегенмен, өз басым бұл шектеуге келісе алмаймын. Сыншылық деген адамның отыз-қырық жасында ғана кәсіби бола бастайды», деп пікір білдірген Амангелді Кеңшілікұлы бірінші орын иегерінің мақаласына тоқтала келе: "Прозалық туындыларды талдаған жақсы материалдар көп түсті. Әдеби сынға қарағанда көпшілігі ғылыми бағытта жазылған. Дегенмен, ақылдаса келе Алмаз Мырзахметтің "Рахымжан Отарбаевтың "Бас" романындағы архетиптік желілер" деген мақаласын ең үздік деп шештік. Автор жазушы романын талдау үстінде өте көп ізденген. Мысалы, біздегі әдеби сында профессионалдық сын жетіспейді. Менің таңғалғаным, Алмаз Мырзахмет кәсіби түрде өте жақсы талдаған. Тақырыбын жан-жақты егжей-тегжейлі зерттеп, романның құрылымдық ерекшелігін саралаған. Келешекте Рахаңның шығармашылығын әлем оқырмандарына таныстыру керек болса, Алмастың осы талдау мақаласын шет тіліне аудару керек. Біздің үлкен кемшілігіміз – аударма мәселесінде біз тек шығармаларды ғана алғы шепке қоямыз. Негізінде қазақ авторлары туралы сын мақалаларды да аударған жөн деп білемін", деп қорытындылады.

Айта кетейік, шара барысында қаржылай қоры 500 000 теңгені құрайтын Рахымжан Отарбаев атындағы стипендия иегерлері де марапатталды (Бақытгүл Сәрмекова, Айжан Табаракқызы, Самғар Тұрарбек). Сондай-ақ Рахымжан Отарбаевтың қос кітабы – Берлиндегі "Дагиели" баспасынан һәм Бакуден жарық көген "Бас" романының тұсаукесері өтті. Аталған әдеби шаралар 19 қазан – жазушы Рахымжан Отарбаевтың туған күні аясында ұйымдастырылып отыр.