Жуырда біреу халықты шошытып, әлеуметтік желілерге біреулердің естен тандыратын есірткіге малынған маскалар тарататынын, оны үй-ішіндегі жандардың бәріне тегін беретінін, ал бетпердені киген адам есінен танып қалатынын, сол кезде суық қолдылар үйлерді тонап кететінін жазған болатын. Әрине, ақыл-есі бүтін адамдар мұндай бетперделердің болмайтынын бірден сезген. Өйткені, есірткі заттарының өзі қымбат, оны ешкім үй тонаймын деп тегін таратпайды. Бірақ көптеген адамдар мұндайға елеңдеп, үрейленіп те қалады.
СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бұл ақпараттың жалған екендігін айтты. Мұндай бетперденің таралу фактілері және ақпаратта сипатталған басқа жағдайлар тіркелмеген.
"Жалған ақпарат таратқаны үшін заңнамада Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз. Айта кету керек, қазір адамдар көбінесе жалған ақпаратты шынайы жаңалықтардан ажырата біледі, бірақ соған қарамастан, мұндай жалған ақпарат халық арасында дүрбелең туғызуы мүмкін", - дейді Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Руслан Назаров.
Солтүстік Қазақстан облысы