Күллі әлем жұрты тағатсыздана күткен жеңіл салмақтағы украиналық Василий Ломаченко мен америкалық Теофимо Лопес арасындағы абсолютті әлем чемпионы атағы үшін тартысты жекпе-жек өтті. 12 раундқа жоспарланған айқаста 23 жастағы америкалық жас талант Теофимо Лопес төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіске жетті.
Жыл жекпе-жегі деп саналған айқаста жанкүйерлер де, бокс мамандары да әу баста өз салмағында WBA Super, WBC Franchise және WBO нұсқалары бойынша чемпиондық белбеудің иегері 32 жастағы украиналық боксшының жеңісіне сенімді болды. Тіпті Теофимо Лопестің еншісінде IBF тұжырымының әлем чемпионы деген атағы болса да, Ломаченкодан оңбай таяқ жейтінін айтып, сенімді сөйлегендер де жан-жақтан табылып жатты. Оның үстіне әуесқой бокста бір ғана жекпе-жегінде жеңіліп, қалған барлық айқасында қарсыластарын қоғадай жапырған Лопеске қарағанда тәжірибелі Ломаченко бұл айқастың сөзсіз фавориті еді. Өз заманында екі дүркін әлем және Олимпия ойындарының жеңімпазы атанған украиналық кәсіпқой бокста да біраз боксшының мысын басып, қарсылас шақ келтірмей жүрген-ді.
Жекпе-жек алдындағы баспасөз мәслихатында журналистердің сұрағына жауап берген украиналық боксшы: «Кездесу барысында шахмат тактикасын қолданып, айқас барысында жұдырықтасу мәнерімді өзгертіп отырамын», деген болатын. Бірақ барша жанкүйер жекпе-жекте Ломаченконың өнерінен ерекше ештеңе байқай алмады. Алтыншы раундқа дейін тек аяқпен жұмыс істеп, ринг жағалай жүргеннен басқа ештеңе істей алған жоқ. Тіпті бірінші раундта қарсыласына бірде-бір соққы жұмсай алмады.
Ал Лопес қарсыластың кез келген жоспарына қарсы бірнеше тактикасы дайын екенін айтты. «Егер Ломаченко шегініп жүріп ұрыс салатын болса немесе алға қарай ұмтылып, бірінші нөмірмен жұдырықтасса біз оған да дайынбыз», деп жауап берген-ді. Жекпе-жек бастала салып тізгінді өз қолына алған Теофимо Лопес раунд сайын қарқынына қарқын қосып отырды. Рас, жекпе-жектің бірінші бөлігінде көп соққы жасағанымен, Ломаченкоға дөп тигені аз болды. Бірақ қарсыласқа қарағанда белсенді іс-қимыл көрсетті. Алтыншы раундтан бастап қана іске кіріскен Ломаченко сериялық соққыларын жұмсай бастады. Алайда Василий рингте кеш оянғанын өзі де сезген шығар. 12 раундта екі боксшы бір-бірін айқын жеңе алмаған соң, жеңімпаз боксшыны анықтау төрешілерге бұйырды. Жекпе-жекке баға берген үш төреші америкалық Теофимо Лопестің жеңісіне күмән келтірмейтінін мәлімдеп, бірауыздан оның жеңіске жеткенін жариялады.
Жекпе-жектен кейін пікір білдірген украиналық боксшы төрешілердің шешімімен келіспейтінін жеткізді. «Шынымды айтсам, жекпе-жектің алғашқы алты раунды тең дәрежеде өтті. Иә, бір-екі раундта Лопес басым түскен шығар, бірақ қалған алты раундта мен жеңіске жеттім деп есептеймін. Сондықтан төрешілердің шешімімен келіспеймін. Бірақ төреші менің қолымды көтермеген соң бәрі бекер», дейді ол. Ал жеңіл салмақтағы төрт белбеуді иығына таққан Лопес: «Бүгін мен жеңіске лайық өнер көрсеттім және мен жеңдім», деп қысқа қайырды.
АҚШ-та жұдырықтасып жүрген қазақстандық боксшы Мадияр Әшкеев Лопеске қарағанда Ломаченко жеңіске әбден лайық болды, бірақ бұл жерде саясат пен бизнес өз әсерін тигізбей қоймады деп есептейді.
«Ломаченко алғашқы алты раундта түк істей алмағанымен, жекпе-жектің екінші бөлігінде көп соққы жасап, белсенді болды. Әдетте мұндай тең дәрежеде өткен жекпе-жекте жеңісті чемпиондық раундта (10, 11, 12 раундтар – ред.) басым болған боксшыға беретін. Бірақ бұл жолы олай болмады. Оның екі себебі бар деп есептеймін. Біріншісі – Ломаченко украиналық боксшы болғандықтан, ол АҚШ нарығына аса қызық емес. Оның жекпе-жектерінің трансляция сатылымы да аз болады, бизнесмен де жарнамаға көп ақша төлей қоймайды. Ал АҚШ, Мексика, Канада елдерінің боксшысы кез келген жағынан әрқашан АҚШ нарығында сұранысқа ие. Екіншісі – екі боксшының да промоутері бір кісі. Яғни, Боб Арум. Талай жылдан бері осы салада жұмыс істеп келе жатқан соң әрі ол осы бизнестің өкілі болғандықтан, қалай ақша табу керек екенін жақсы біледі. Егер Ломаченко абсолютті әлем чемпионы атанып кетсе, ол карьерасын аяқтауы да мүмкін еді. Сондықтан чемпиондық атақты жас әрі болашағынан зор үміт күттіретін Лопеске берді. Енді тараптар реванш өткізеді де, тағы да ақшаның астында қалады», дейді боксшы.
Осылайша 23 жасында жеңіл салмақта әлемнің абсолютті чемпионы атанған Теофимо Лопес мұндай атаққа қол жеткізген әлемдегі ең жас боксшының бірі атанды.