• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Хоккей 20 Қазан, 2020

Бірі кетіп, екіншісі келді

111 рет
көрсетілді

Шайбалы хоккейден Қазақстан чем­пионатында өнер көрсететін Қара­ғандының «Сарыарқа» клубына жаңа бас бапкер тағайындалды.

«Кеншілер» командасын бұған дейін басқарған ресейлік маман Руслан Сулей­манов қызметінен кеткеннен соң, оның орнын отандасы Александр Соколов басты. 1995 жылдан бастап бапкерлік қызметін атқарып келе жатқан 63 жастағы маман «Сарыарқа» жанкүйерлеріне жақсы таныс. Өйткені ресейлік бапкер 2017/2018 жыл­ғы маусымда да Қарағанды клубын жат­тық­тырған.

Соколовтың бапкерлік қызметіндегі ең табысты кезеңі деп 1998/1999 жылғы хоккей маусымын айта аламыз. Сол жылы Нижнекамскінің «Нефтехимик» командасымен бірге Суперлига чемпионатының (Ресей біріншілігі) плей-офф кезеңіне дейін жеткен. Кейіннен Жоғары хоккей лигасы мен Жастар хоккей лигаларында өнер көрсететін Нижнекамскінің «Реак­тор», Кирово-Чепецктің «Олимпия», Лени­ногорскінің «Нефтяник», Пензаның «Дизеля» командаларын жаттықтырған. Ал «Сары­арқаға» келгенге дейін Самараның ЦСК ВВС клубының бас бапкері қызметін атқарды.

Айта кетейік, Жоғары хоккей лигасында бақ сынаған «Сарыарқа» клубы пан­демияға байланысты ЖХЛ-дан бас тартып, Қазақстан чемпионатында өнер көрсетуге шешім қабылдады.