Ірі қалаларды тұрғындардың қолайлы болуына орайластырып, тұрмыс-тіршілікке ыңғайлы әрі қауіпсіз, таза мекенге айналдыруды көздейтін «Smart City» тұжырымдамасы бойынша Қостанайда 15 ауқымды жоба қолға алынып отыр. Бүгінге дейін оның 8-і жүзеге асырылып, ел игілігіне қызмет ете бастады. Ал алдағы уақытта іске қосылуы тиіс 7 жобаның мәселесі облыс әкімдігінде өткен жиында талқыланды.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарының бірі болып табылатын «Smart City» тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша Қостанай еліміздегі «ақылды» қалаларға арналған ішкі рейтингтің бел ортасында тұр. Жиында Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысы Азамат Қашиев осы бағытта жоспарланып отырған міндеттердің жүзеге асырылу барысын баяндады. Оның айтуынша, облыстың білім, құрылыс, денсаулық сақтау және әлеуметтік салаларында цифрландыру көрсеткіші жоғары. Сондай-ақ көлік, тұрмыстық коммуналдық шаруашылық, бизнес және туризм саласында да біршама ілгерілеу бар. Ал қалалық қызметтерді басқару мен экология саласында әлі де бірсыпыра шаруа атқарылуы тиіс.
Баяндамашы «Ақылды қала» тұжырымдамасын дамытуға қатысты әр салаға жеке тоқталып, бүгінге дейін қол жеткен көрсеткіштерді жан-жақты талдап өтті.
Қазірдің өзінде бірнеше ірі сауда орталығында тұрғындарды қаланың экологиялық ахуалынан хабардар етіп тұратын LED-экрандар пайда бола бастады. Үлкен экрандарда қаладағы ауа құрамын бақылайтын мекемелер жинаған мәліметтер жарияланып тұрады. Облыс орталығында ауа сапасын бақылайтын 4 бекет жұмыс істейді. Оның екеуі ауа құрамындағы зиянды заттарды автоматты түрде анықтайды. Олар өздеріне тиесілі аумақтағы атмосфераны тексеріп, LED-экранға әр 10 минут сайын ауаның сапасы туралы мәлімет жібереді. Тұрғындар LED-экран бетінен аудағы шаң-тозаң, күкірт, газ концентраттары деңгейін, оксид, азот диоксидінің қаншалықты мөлшерде екенін көре алады. «Қазгидромет» мамандарының айтуынша, өзге қалалардың атмосфералық ластану көрсеткішімен салыстырғанда, Қостанай қаласының ауасы анағұрлым таза.
А.Қашиев цифрлы жобалар Қостанайдан өзге қалаларда да табысты жүзеге асырылып жатқанын айтты. Мысалы, Лисаков қаласында «ақылды жарықтандыру» жобасы сәтті іске асырылып жатыр. «Ақылды» бағдаршамдар орнатылып, «Smart Lisakovsk» мобильді қосымшасы іске қосылды. Жітіқара қаласында жалпы құны 12 млн теңге болатын 73 бейнекамера орнатылды. Бүгінде қала көшелерінің 90%-ы бейнекамерамен қамтылған. Қалада 23 қылмыс осы камералар арқылы ашылды. Бейнекамералар арқылы анықталған құқықбұзушылардың үстінен 301 әкімшілік хаттама толтырылып, бюджет түсімі еселенді.
Қостанай қаласында жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы қала әкімі Қайрат Ахметов баяндады. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 626 млн 160 мың теңге бөлінген. «Smart City» тұжырымдамасы аясындағы ілкімді жобалар, негізінен, білім беру, денсаулық сақтау, қаланы басқару, қауіпсіздік, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларын қамтиды.
– Биыл жазда Қостанай қаласындағы төрт саябақта тегін Wi-Fi желісі орнатылды. «Қостанай-Су» кәсіпорнында «қашықтан бақылау жүйесі (SCADA)» қойылды. Бұл апаттарды азайтып, су шығынын кемітуге, құбырдағы қысымды бақылап отыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ «Қостанай-Су» МҚК онлайн режімде қызмет көрсету мүмкіндігі бар сайт ашып, тұтынушылармен онлайн режімде келісімшарт жасасу, басқа да қызмет түрлерін көрсету жобаларын жүзеге асыра бастады. Мұның сыртында, қалада «Мобильді бақылаушы», «Қазпошта» АҚ филиалының «Pos mobile» мобильді қосымшасы іске қосылды. Биыл қала аумағында 60 «ақылды» бейнебақылау құрылғысы, ал білім мекемелеріне жалпы сомасы 18,760 млн теңге қаржыға 277 камера орнатылды. Оның 138-і мектептердің, 139-ы балабақшалардың қауіпсіздігін қадағалап тұр, – деді қала әкімі.
Облыс орталығында жүзеге асырылатын тағы бір тың жоба – «Әлеуметтік ID-карта». Бұл төлем картасын қоғамдық көліктерде жолақы төлеу, мектептерде балаларды тамақтандыру барысында халықтың әлеуметтік осал топтары пайдалана алады.
Қала әкімінің айтуынша, желтоқсан айында қоғамдық көліктерде электронды билет жүйесі енгізілмек. Қостанай көшелеріндегі шамдарды басқарудың автоматтандырылған жүйесін енгізу бағытында да біраз шаруа атқарылды. Бұл мақсатқа 513,1 млн теңге қарастырылған. Аталған жүйе қалаға автоматты режімде жарық беру немесе оны сөндірудің жылдық кестесін енгізуді, электр қуатын есептейтін құрылғы көрсеткішін қашықтан алуды, электр жүйесіне рұқсатсыз жасырын қосылған үйлерді анықтауды, электр желілерінің сапалы жұмыс істеуін бақылауды қамтамасыз етеді.
Сонымен бірге «Қауіпсіз аула» жобасы шеңберінде бейнекамералар саны көбейтіледі. Енді аулалардағы ойын алаңдары мен қоқыс жәшіктері маңындағы тәртіпті учаскелік полиция пункттері қадағалап отырады. Камераларды орнатуға бюджеттен 100 млн теңге бөлінген.
Қостанай қаласында «Smart City» тұжырымдамасы шеңберінде жүзеге асырылатын жаңа жобаның бірі географиялық-ақпараттық жүйе деп аталады. Бұл жоба бойынша Қостанайдың электронды картасына сумен қамтамасыз ету және су құбырын тарту жүйесінің электронды үлгісі енгізіледі.
– Биыл қолға алынып отырған жобалардың біразы электр қуатын үнемдеуге бағытталған. Соның бірі – электр қуатын автоматты бақылау және автоматты есептеу жүйесі. Электр қуатын өндірушіге тікелей қосылуға мүмкіндік беретін тың жобаны енгізу арқылы орташа есеппен ай сайын 8 млн теңге бюджет қаржысын үнемдеуге болады, – деді Қ.Ахметов.
Сонымен қатар биыл жыл соңына дейін Қостанайдағы №1 мектеп-лицей ғимаратына «Электронды дәліз» орнатылады. Мемлекет пен жекенің әріптестігі арқылы орнатылатын «ақылды» құрылғы оқушылардың сабаққа қатысу деңгейін бақылап, сабаққа кешігіп келген балалар мен мұғалімдерді автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мектеп ғимаратына бөгде адамдардың кіріп кетпеуін қадағалап, ата-аналарға баланың мектепке кірген, шыққан уақыты көрсетілген СМС-хабарлама жіберіп отырады. Аталған лицейде, сонымен қатар «Ақылды асхана» құрылғысы орнатылған. Бұл жүйе сынып жетекшілерінің балалардың тамағына тапсырыс беруін жеделдетеді. Әрбір ата-ана баласының мектепте не жеп, не ішіп жатқанын «Ақылды асхана» арқылы көріп-біліп отырады. Қанатқақты жоба көпшілік көңілінен шықса, қала әкімдігі алдағы жылы «SPK Nord» серіктестігімен бірлесе отырып, облыс орталығындағы 34 білім мекемесін «ақылды асханамен» қамтамасыз етуді көздеп отыр.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов кеңес қорытындысында аудан, қала басшыларына «Smart City» тұжырымдамасы аясындағы жобаларды жандандыруды тапсырды.
Қостанай облысы