• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Коронавирус 20 Қазан, 2020

Қауіпті індетке қарсы қамданыс

264 рет
көрсетілді

Атырауда қауіпті індеттің екінші толқынына қарсы қамдану қарқын алды. Өйткені мұнда қауіпті індетке шалдығу дерегі қайта байқалып отыр. Мәселен, 14 қазанда 10 адам, одан кейін 8-9 науқастан қауіп індет анықталды. Қауіпті індеттің құрығына тек облыс орталығының ғана емес, Жылыой, Қызылқоға аудандарының да тұрғындары ілінді. Соңғы тәуліктерде Теңіз кенішіндегі жұмысшылардың да коронавирус инфекциясына шалдыққаны белгілі болды. Ал өткен аптада облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі инфекциялық стационарларда 59 науқастың емделіп жатқанын хабарлады.

– Соның ішінде Атырау қаласындағы №2 облыстық жұқпалы аурулар ауру­ханасының инфекциялық стационарында қауіпті індет жұқтырған 26 науқас ем алуда. Оның үшеуі аурухананың жан­сақтау бөлімінде жатыр. Олардың жас ерек­шеліктері – 40-65 жас, – деген ақпарат таратты басқарманың баспасөз қызметі. – Сондай-ақ, Жылыой ауданындағы Теңіз кенішінде ашылған инфекциялық стационарда 33 науқас ем қабылдауда. Ал аудандардағы инфекциялық стационарда емделіп жатқан науқастар жоқ.

Дегенмен басқарма басшысының уа­қыт­ша міндетін атқарушы Асхан Бай­дуәлиевтің мәліметіне қарағанда, өңірде медициналық көмекке жүгінгендерге 7 995 дәрігер қызмет көрсетеді. Оның ішінде 7 091 медицина қызметкері мем­лекеттік емдеу ұйымдарында жұмыс істейді. Ал жекеменшік клиникаларда 904 медицина қызметкері бар. Бұдан бө­лек облыстың медициналық ұйымдары халыққа көмек көрсету үшін 224 жасанды тыныс алу, 27 рентген, 10 компьютерлік томография аппаратымен қамтылды. Сондай-ақ өңір 977 оттегі концентраторы мен 1 мың пульсокисметрмен қамтамасыз етіліп отыр.

– Қазір 400 орындық екі модульдік аурухананың құрылысы жүргізіліп жатыр. Мәселен, Атырау қаласындағы 200 орынға арналған модульдік аурухананы қазан айының соңына таман, ал Құлсары қаласындағы 200 орындық осындай аурухананы қарашада пайдалануға беру жос­парланып отыр. Бұған дейін демеушілік көмек арқылы емханалардың 4-санатты шақыртуларын қамтамасыз ету үшін 8 «Шевролет Дамас» маркалы автокөлік бөлінген еді. Осы айдың басында облыстық жедел жәрдем стансасы 22 жаңа көлікпен толықты. Жедел жәрдем қызметінде 69 арнайы көлік бар. Енді жақында тағы да 18 медициналық жедел жәрдем көлігі келеді, – дейді А.Байдуәлиев.

Оның айтуынша, өңірдегі коронавирус инфекциясы бойынша жағдайды тұрақты деңгейде деуге болады. Соған қарамастан басқарма тарапынан жаһан жұртын жан алқымынан алған қауіпті індеттің ықтимал екінші толқынына тас-түйін дайындықтың нақты жоспары әзірленіп отыр.

– Қауіпті індетті жұқтырған науқас­тарды емдеу үшін 520 инфекциялық кереует дайындалды. Арнайы жоспарға сәй­кес, қажеттілік туындаған тұста 2 080 инфек­циялық кереует, оның ішінде 120 реанимациялық кереует ашу мүмкіндігі бар. Яғни инфекциялық стационарлар жаңа модульдік ауруханаларда, облыстағы ірі ауру­ханаларда, сондай-ақ барлық аудандық аурухана мен Теңіз кен орнында ашылатын болады, – дейді А.Байдуәлиев. – Қазір облыс­та 8 ПТР-тест зертханасы жұмыс істеп тұр. Ондағы тестілеудің тәуліктік қуаттылығы – 3 636. Ал облыс­­тың 224 жасанды тыныс алу аппаратымен қамтылған медициналық мекемелерге қосымша тағы 14 аппарат жеткізіледі.

Сонымен бірге қажетті дәрі-дәрмектер­дің, оның ішінде коронавирус инфекция­сына қарсы препараттардың үш айлық қоры жасақталды. Дәріханалар желісіндегі дәрілік заттардың төмендемейтін қорын қамтамасыз ету үшін «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы тұрақтандыру қорына 684,5 млн теңгенің аса қажетті 40 түрлі дәрі-дәрмектері сатып алынды. Бұған қоса 620,1 млн теңгенің дәрілік заттары тұрақтандыру қорының қоймасында сақтаулы тұр. Ал 64,4 млн теңгенің дәрілік заттары облыстың 164 дәріханасына таратылыпты. Бұған қоса өңірге демеушілік көмекпен 251,2 млн теңгенің 9 түрлі дәрі-дәрмек жеткізілді.

 

Атырау облысы