Жуырда Баянауылдың Ақсаң ауылына барғанымызда Әлихан ағамен таныстық. Оның өзі күтпеген жерден болғаны, мектептің ішіндегі музейді аралап жүріп «Ауылдың сакральды ескерткіштері» деген бөлімге көзім түсті.
– Бұл кісі біздің ауылдың археологы ғой. Зейнеткер ұстаз. «Ақсаң жеріндегі жер-су атауларының шығуы» атты сызба көрініс жасады, Үңгіртас, Тасбике, Қалпақ-тас, Түйетас үңгірлерін тауып, зерттеп жүр. Қажет болса, қазір шақырайық, шөпке кетіп қалмаса, – деген ауыл әкімі Кенжебек Рахметовтің өзі де ағамыз келгенше біраз нәрсені айтып қалды. – Осы Ақсаңның тау-тасында не бар, не жоқтың бәрін біледі,сонау жоңғар шапқыншылығы кезінен қалған көне заттарды іздеп, тауып алады.
Сөйтіп өмірін өткен заман, шежірелі тарих пен тау-тас құпиясын іздеуге арнаған Әлихан Мұхтанұлымен де кездесіп сұхбаттастық.
Әлихан ағамыз 1951 жылы Қытайда дүниеге келген екен. Әкесі байдың баласы болғандықтан, 1931 жылғы ашаршылық кезінде кәмпескеге түсіп, шекара асып, содан Қытайға қоныс аударған. Кейін 1955 жылы тау асып, қайтадан елге қайтып Тарбағатай жеріне қайта қоныс аударады.
– Бала күнімізден неге деген көп сұрақтар мазалаған оймен ержеттік қой. Ел мен жердің қадір-қасиеті, алыста қалған атамекенге оралу деген ұлы ұғымдар мәңгі жаңғырып санада қалды. Әкем қуғын-сүргін заманын бастан өткерді. Отбасымызға оңай болған жоқ. Бар несібеміз – елге, атамекенге Қытайдан аман-есен жеткеніміз. Тарбағатайдағы Ақжар ауылында оқып, әрі қарай Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы мектеп-интернатынан орта білім алдым, 1976 жылы осы жердегі педагогикалық институттың тарих факультетін бітірдім. Институтта оқып жүргенімде, археология пәнінен профессор Фаина Арсланова сабақ берді. Сол кезде Зайсандағы Шілікті таулы өңірінен қола дәуіріндегі қорғандарды қазған, (кейін Алтын адам табылған) археологиялық экспедицияға қатыстым, – деді Әлихан Әбілов ағамыз өткенді еске алып.
Сөйтіп сол жылы, диплом алған 11 тарихшы мұғалім маман Павлодар облысына арнайы жолдамамен келеді.
– Мені ол кезде «Баянауыл» совхозы дейді, қазіргі Ақсаң ауылына жіберді. Ақсаңдағы сегіз жылдық сол жылы онжылдыққа айналып мектеп менен өзге жеті жас маманмен толықты, – дейді әңгімесін жалғастырып.
Ал енді Баянауыл өңірі өткеннің жаңғырығы, рухты елесі қалған таптырмас қазыналы шежірелі жер екені белгілі. Мектеп оқушыларына бәрі де дайын тұр: ауылдарының айналасы толы құпиясы ашылмаған мүлгіген таулар, өзен-көлдер, ерекше табиғат тылсымы, әр тасын сөйлетуге болатын шежіре жетерлік.
Баянауылға келетін туристер, қонақтар үшін айтар әңгіме, көрсетер көне мұралар барын тізіп, Әлихан ағамыз Ақсаң ауылында да туристік маршрут ұйымдастырады.
– Өткеннің үні өшпейді ғой, жаңғырып, шақырып тұратындай болады ылғи. Тау ішінде отырған ауылдар үшін бұл жаңалық емес. Тыңдар құлақ, назар салар көз болса мүлгіген тау ішінің құпиясы, жасырғаны көп. Оқушылармен зерттеу жұмыстарын жүргізу де осындай ойлардан басталды. Біздің жасымыз болса келді, тым болмаса өскін жастардың есінде қалсын, көрсін, білсін, әрі қарай жалғастырсын дедік. Дайын тұрған «Дала музейлерін» сақтауымыз қажет-ақ. Мысалы, мына ауылға жақын Жапалақ тауларындағы үңгірлер мен шатқалдарды зерттедік. Бұл жерлерде жоғарлармен ірі шайқастар өткен. Жоңғарларға өте күшті қарсылық қылған жерлердің бірі – осы. Жапалақ тауларынан арқар бейнесіндегі мүсін табылып, оны қорғанның басына қойып, жергілікті тұрғындарға таныстырдық. Бұлақ бар жерде ел тұрған деген болжаммен зерттеу жұмыстарын жүргізіп, садақ оқтарын, тастан жасалған әшекейлерді, ыдыстарды таптық, – деген Әлихан Мұхтанұлы бұл заттардың қола дәуіріне тиесілі екенін айтты.
Қола дәуіріне тән ою-өрнектер арша, шырша тәрізді болады екен. Тау ішінен, үңгірлерден табылған көне заттарда сондай, аңдық стильдегі бейнелер болған.
– Өзіңіз «Ақсаң жеріндегі жер-су атауларының шығуы» және шатқалдың сызба көрінісін, Үңгіртас,Тасбике, Қалпақтас, Түйетас деген үңгірлерді іздеп тауып, зерттеп жүр екенсіз. Сол жайында айтып берсеңіз, – дедік.
– Міне, мынау Үңгіртастың кіреберіс есігінің көрінісі. Ені 1 жарым метрдей. Осы жерде «Арқар адам» бейнесін көресіз. Күзде келіңіз, апарып көрсетейін. Атауы шартты түрде қойылған. Өзім қола дәуірі б.з.д 2000 жылдардың соңы мен Аңдық стиль кезеңінің басталу дәуірінде пайда болған ескерткіш деп жобалаймын. Себебі ескерткіштің бет-пішіні адам тәрізді, ал арқа жағында арқардың мүйіздері бейнеленген, – деп өзі жасаған сызба суреттерді көрсетті.
– Ал енді Ақсаң жеріндегі бұл көне ескерткіштер, үңгірлер, шатқалдар Жапалақ тауында. Солардың ең ғажабы – Үңгіртас. Биіктігі – 17 метр. Садақ-жебесі осы үңгірден табылды. Жоңғарлар шегінген кезде осы жерде қазақ жасауылдары қатты қарсылық көрсеткен болар деп ойлаймыз. Себебі Қалмаққырған тау жоталары жақын орналасқан. Тарихи деректерде осы тауда Жасыбай батыр бастаған қол Жоңғарларға қатты қарсылық көрсетті делінген. Тесіктас, Жапалақ тауының батысында орналасқан «Көне жұрттар» орындарынан қыштан жасалған ыдыс сынықтары және Тесіктас табылды. Айтпақшы, Мәшһүр Жүсіптің «Тесіктас» деген өлеңі бар. Өлеңнің мазмұнында тесіктас адамдар өмірінде өте қажет делінген. Біздің ойымызша, бұл тасты Қола дәуірінің адамдары не мойнына тағып, не садақ жебелерін қайрайтын құрал ретінде пайдаланған, – деп ары қарай әңгімесін жалғастырды.
Ақсаң ауылы Баянтау жоталарының күншығыс беткейінде орналасқан. Қола дәуірі, түркілік кезеңдерде көшпенділердің орналасып, өмір сүруіне өте қолайлы жер. Ауылдық аумаққа қарасты Қаражар ауылы тұсында Мырзашоқы тау шаңғысы кешені салынуда.
Бірақ бір қызығы, Мырзашоқы басына қар тоқтатпайды екен, бір құпиялы сыры бар ғой, қар түспейді. Шенеуніктер қойсын ба, сырғанаймыз да сырғанаймыз деп қыруар қаражат төкті. Мырзашоқы да Әлихан ағамыз зерттеп жүрген үңгірлер сияқты құпиясын жасырып, бұғып, әне үнсіз жатыр.
Ақсаңда, Мырзашоқыда да мал жайылуға қолайлы, шұрайлы алқаптар,бұлақтар мен өзендер бар. Сонымен бірге табиғат құбылыстарынан пайда болған ғажап үңгірлер мен шатқалдар кездеседі. Тасқа байланысты ежелгі атаулар сақталған: Сиректас, Керегетас, Қалпақтас, Тасбұлақ, Түйетас болса, Әлихан ағамыздың айтуынша, ең керемет тас – Қалпақтас. Биіктігі – 32 метр екен.
Әлихан аға бастаған зерттеу жұмыстары барысында Ақсаң тауынан бірнеше балбал тас табылып, олардың біреуі қазір Екібастұздағы қалалық музейге жіберіліпті. Таудың жоғары биігінен күннің бейнесі бейнеленген қорған табылған.
– Бірақ өкінішке қарай осы жаққа саяхаттап келгендер болар, тастардың барлығына орысша аттар жазылған. Өзге ұлт өкілдерінің тау-тасты кезіп, қопарып, зерделейтін бізден бұрын ерте қимылдайтын әдеті ғой. Барлығын суретке түсіріп, сызып-тізіп ендігі алып кеткен де болар. Екінші бір айтарым, осы күнге дейін шартты түрде «Көсем қорғаны» деп атаған қорғанға да ғалымдар тарапынан археологиялық жұмыстар жүргізілмеген. Біз өзіміз оқушылармен бірге «Мұртты қорғандар», «Қола қорғандарын» қалпына келтіру жұмыстарын жасадық, – дейді.
Ал мектеп музейінен біз көріп, таң-тамаша болған «Табиғат құбылыстарынан пайда болған көріністер» деген көрме Әлихан ағаның бастамасымен жасалыпты. Ақсаң жеріндегі құпиялы, тарихи жерлер картаға түсіріліп, оқушылармен бірлесе «Сакральды саяхат бағыттары» картасы жасалыпты. Ол картада Ақсаңдағы тарихи орындар белгіленіп, табиғат құбылыстарынан пайда болған нысандар сызбаланған.
– Әлгі жұрттың мені «қара археолог» деп атап жүргендері осы қызым, жұмысы әлі көп. Зерттейтін, өткен тарих сырын ашатын жерлерді зерттеу қажет деп ойлаймын. Тау-тасты аралап ерте кетіп,кеш келетін сапарымның сыры осы – жергілікті жердің өлкетану саласына үлес қосу, басқа емес өз еліміздің әр түкпірінен келетін туристер таңғалсын, өз жерінің өткенін сезінсін, ұрпақтар білсін деген мақсат, – деді Әлихан ағамыз қоштасарда.
Күзді күні кел деуінің де бір себебі болып тұрған секілді. Ақсаңға жол түссе, «Арқар адамға» барып сәлемдесіп қайту да ойымызда бар.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы,
Ақсаң ауылы