• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Технология 21 Қазан, 2020

Екібастұздың криптовалютасы

217 рет
көрсетілді

Екібастұзда электр энергиясы арзан әрі мол. Бұлай болуы заңдылық та. Себебі кеншілер шаһары елдегі электр энергия­сының 40 пайызын өндіріп отыр. Дәл осы фактор шетелдік инвесторлардың өңірге деген қызығушылығын арттыруда.

 

Жастар майнингті жағалап жүр

Екібастұзда кейінгі жылдары майнингтік орталықтардың қыз­меті қарқын ала бастады. Мәселен, «BTC KZ» компания­сы криптовалюта майнингінің инф­рақұрылымына 3 млрд теңге­ден астам қаржы салған. Бүгінде компанияның үш дата-орталығы бар. Оның екеуі қалыпты жұмыс істеп тұр. Қуаты 35 МВт-қа тең үшінші орталық «KEGOC» АҚ желілеріне қосылды. Демек оны іске қосу процесіндегі ең бас­ты кедергі еңсерілді деген сөз. Алғашқы әрі ең ірі дата-орталық Солнечный кентінде орналасқан. Оған майнингке арналған 17,2 мың машина сыяды.

– Дата-орталықтарды құру кезінде шығынның негізгі бөлігі инфрақұрылымға кетеді. Біз бұл мақсатқа 2,5 млрд теңге жұм­садық. Себебі 110 кВ-тық электр тарату желісі үшін шамамен екі шақырымдай жерге тіректер орнату керек. Сондай-ақ қосалқы стансаны жаңарту және жеке тарату құрылғысын салу қажет. Қазір дата-орталық шамамен 50 МВт электр энергиясын тұтынып отыр. Орталықты одан әрі кеңейту үшін 34 МВт көлемінде қор жи­нақ­талды, – дейді компания ди­ректорының орынбасары Дін­мұхаммед Маткенов.

Екінші дата-орталық бірінші­сім­ен салыстырғанда сәл кіші­рек. Мұнда 10 мың машина орна­ласқан. Ол 17 МВт электр энергиясын тұтынып отыр. Мұның инфрақұрылымына 800 млн теңге шамасында қаржы жұмсалған. Бұл сомаға Жапония, Сингапур және Оңтүстік Кореяның инвес­ти­циялық қорларынан аударылған шетелдік инвестициялар кіріп отырған жоқ.

Екібастұздағы майнингтік орталықтар 100-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Олар­дың шамамен 60-ы – 20-25 жас­тағы жергілікті жігіттер. Қызмет­керлер орташа есеппен 200 мың теңге көлемінде еңбекақы алады. Қызметкерлердің бәрі арнайы оқудан өткен. Бүгінде олар микро­схемаларды дәнекерлеп, орталық­тардың басқа да техникалық қыз­меттерін жөндей алады. Пан­демия басталғанға дейін Қытайға барып, білімін жетілдіріп келгендер де бар екен. Дата-орталықтар жаңа тех­нологияларға әуес екібас­тұз­дық жастар үшін криптовалюта нарығында  тамаша мүмкіндік болып отыр.

 

Инвесторларды ауылға әкелген АХҚО

Д.Маткеновтің айтуынша, «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылуы Қазақ­стандағы криптовалюта нарығына жан бітірген.

– Қаржы орталығының жүйелі қызметінің нәтижесінде шетел­дік инвесторлар біздің елге көп­теп келе бастады. Ағылшын құ­қы­ғымен жұмыс істейтін, тиім­ді келісімшарттар ұсынып, міндет­темелердің орындалуына кепілдік беретін «Астана» халықаралық қаржы орталығы инвесторлардың Қазақстанға деген сенімін арттыруда. Мемлекет орталық базасында бізге осындай тамаша мүмкіндіктерді ұсынып отырғаны қуанышты. Криптовалюта – әлеуеті жоғары нарық. Сондықтан оны одан әрі дамыта беру керек, – дейді Дінмұхаммед Маткенов.

Тыңнан түрен салуға ниет еткен жас жігіттер дата-орталық­тың құрылысын бастамас бұ­рын, әлеуетті инвесторларды Қазақстанға арнайы шақырған. Ел ішін аралатқан. Осылайша, республикада инфрақұрылым мен ресурстардың жеткілікті екеніне көз жеткізген. Осыдан соң тараптар өзара келісімге келіп, шетел­діктер алғашқы инвестицияларын аудара бастапты.

 

Үш мыңдай шетелдік клиент бар

Криптовалютаны өндіруге электр энергиясы керек. Сондық­тан Қазақстанның, оның ішінде Павлодар облысының бұл бағыт­тағы әлеуеті өте жоғары. Оның үстіне мұндай жобаларды жүзеге асыру уақыт жағынан да тиімді. Жобаларды техникалық тұрғыдан жарты немесе бір жыл ішінде іске қосуға мүмкіндік бар.

– Адамзат тарихында электр энергиясын тұтыну мұншалықты көп табыс әкелген емес. Өйткені ол осы күнге дейін шығынды са­ла­ға жатқызылып келген еді. Қазір электр энергиясын тұ­тыну арқылы мол пайдаға кенелуге болады. Мәселен, қазір біз­­дің компанияның шамамен 3 мың­дай клиенті бар. Олар әлем­нің әр түкпірінде тұрады. Бар­лық құрылғы шетелдік инвес­ти­­­ция­лық қорларға тиесілі бол­ған­­дық­тан, клиенттердің бәрі инвес­­тор­лардың тарапынан келіп жатыр. Біз клиенттермен тікелей жұ­мыс істемейміз. Міндетіміз – ин­фрақұрылым ұсыну және құ­­рыл­ғыларды техникалық тұр­ғы­дан сүйемелдеу. Өзге дата-ор­та­­лықтардан негізгі айырма­шы­­лығымыз – қызметтерді бұлт­ты май­нингте ұсынамыз. Яғни қыз­мет қана көрсетеміз. Ал серік­­тес­тер бізге қажетті есептеу жаб­­дық­тарын ұсынады. Осылай­­ша, кез келген адам интернет кеңіс­тігін­дегі өнімді еш қиындық­сыз сатып ала алады, – дейді Д.Маткенов.

Бұлтты майнинг деп отырғаны­мыз – криптовалюта өндіру про­цесінің бір түрі. Тек мұнда өнім жабдықтарды басқарусыз-ақ өндіріледі. Яғни компания есептеу қуатын қамтамасыз етеді, ал клиент қашықтан отырып криптовалюта өндірумен айналысады. Бұл әдісті әдетте май­нинг­ті жа­ңа­дан бас­тағандар немесе электр энергиясы қым­бат елдердің тұрғын­дары пайдаланады.

 

Кедергілер де жоқ емес

Компания өкілі болашақ ту­ралы сөз қозғауға қиналды. Сөйтсек, нарықты дамытуға ке­дергі келтіретін бірнеше себеп бар екен.

– Біріншіден, Екібастұздағы KEGOC қосалқы стансасының трансформаторлық мүмкіндігі шектеулі. Ал үлкен трансформаторларды сатып алуға, желілерді ауыстыруға қомақты инвестиция қажет. Шетелдік инвесторларды тартуға қолбайлау болып отырған проблеманың бірі электр энергиясының тарифіне қатысты. Мәселен, Екібастұзда ГРЭС-1 стан­сасы арзан энергияның көзі болып саналады. Ал қым­бат энергия ГРЭС-2 стансасына тиесілі. Өкі­ніш­ке қарай, қазақ­стан­дықт­ар­ға бірінші кезекте қымбат электр энергиясын өткізуге тырысады. Сосын барып арзан өнімге кезек келеді. Көбінесе оны экспортқа жібереді, – дейді Д.Маткенов.

2020 жылдың бірінші жарты­жылдығында компанияның дата-орталықтары шамамен 3 млрд тең­генің электр энергиясын тұ­тын­ған. Бұл аз ақша емес, әрине.

– Биылғы Жолдауда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы бес жыл ішінде цифрлы майнингке салынатын инвестиция көлемін 500 млрд теңгеге дейін жеткізуді тапсырды. Әйтпесе, бұл нарықтағы әлемдік алыптар басқа елдерге ауып кетуі мүмкін екенін айтты. Алайда қазір Қазақстанда криптовалюта өндіру саласына қосымша салық салу туралы әңгіме жүріп жатыр. Мұндай шаралар отандық ком­паниялардың бәсекеге қабі­лет­тілігіне кері әсер етеді. Мәсе­лен, жарты жыл бұрын Қыр­ғыз­стан элек­тр энергиясына қосымша 15 па­йыз салық енгізді. Дәл сол ара­лықта көрші елге келген май­нер­лердің бәрі кері қайтуға мәж­бүр болды. Қосымша салық салын­са, Қазақстан да осындай жағ­дай­ды бастан өткерері анық. Ол аздай Пре­зиденттің тапсырмасы да орын­далмай қалуы мүмкін, – дейді ол.

 

Қазақстан төрттікте тұр

CEX.IO криптобиржасының мәлімдеуінше, Қазақстан криптовалюта майнингі бойынша Қытай, АҚШ және Ресейді алға жіберіп, төртінші орынға табан тіреген. Әлем бойынша хэшрейттің 6,17 пайызы Қазақстанға тиесілі. Бұл көрсеткіш жыл өткен сайын өсіп келеді. Хэшрейт дегеніміз – криптовалюта өндіруге арналған құрылғының қуатын есептейтін өлшем бірлік.

Әлем бойынша бірінші орында Қытай тұр. Жер-жаһандағы хэшрейттің 65 пайызы осы елге тиесілі. АҚШ-тың үлесі – 7,24 пайыз. Ресей 6,9 пайызды иеле­ніп отыр. Қазақстаннан кейінгі орындарға әлемдік хэшрейттің 4,33 пайызына ие Малайзия мен үлесі 3,82 пайызға тең Иран жайғасқан.

Деректерге сүйенсек, 2019 жылдың сәуірі мен 2020 жылдың сәуірі аралығында Қытайдың көр­сеткіші 75 пайыздан 65 па­йызға төмендеген. Есесіне Қазақ­станның көрсеткіші бір жылда 4 есе өсіп, 1,42 пайыздан 6,17 пайызға жетті. Осы қарқын сақталатын болса, қазақстандық майнерлер үздік үштікке енуі де мүмкін. Оған техникалық, эконо­микалық, саяси және әлеуметтік алғышарттар бар.

Майнинг саласының тартым­дылығына негізгі үш фактор әсер етеді. Олар – криптовалюта құны, өндірілген өнімнің сыйақы көлемі және өнімді өндіру құны. Аталған үш фактор бойынша Қытай қазір тартымдылығын жоғалта бастады. Аспанасты елінде электр қуаты арзан болғанымен, оның тапшылығы майнингке үлкен кедергі келтіріп отыр.

Астана халықаралық қаржы орталығының мәліметінше, қазір Қазақстанда майнингпен айналысатын 14 компания бар. Олар елге 200 млн доллар қаражат тартқан. Алдағы уақытта тағы 300 млрд теңге инвестиция әкелмек.