• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Оқиға 21 Қазан, 2020

Ел мүддесі – ерге сын

398 рет
көрсетілді

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде «Ұлттың абыройын ұлықтаған» деген тақырыпта ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Алқалы басқосу жерлесіміз, жазушы-журналист, Жазушылар одағының мүшесі, Президент грантының иегері, Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, басқа да марапаттардың иегері Жақсыбай Самраттың 60 жылдық мерейтойына арналып, қуанышқа зиялы қауым, қоғамдық ұйым өкілдері, қаламдас әріптестері ортақтасты.

Жиынға модераторлық еткен еңселі оқу ордасының проректоры, тарих ғы­лымдарының докторы Ақмарал Ыбы­раева алғашқы сөзді облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметовке берді. Ғани Сақтағанұлы аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың атынан мерейтой иесін құттықтап, иығына шапан жапты. «Шығармашылық талантыңызбен көрініп, қиындығы да, қызығы да мол журналистика саласында тынымсыз еңбек етіп келесіз. Қаламы жүй­рік қа­рым­ды қаламгер ретінде танылдыңыз. Абылайдың ақ үйін қайта­дан қалпына келтіруге зор үлес қостыңыз», деді өңір басшысының орын­басары.

Университет профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Таласпаева Есіл өңірінің ардақты аза­маты жайлы баяндама жасап, шығар­машылық, азаматтық қырлары жай­лы әңгімеледі. Республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінде 16 жыл бойы еңбек етіп келе жатқан оның аза­мат­тық ұстанымы айқын. Қай шы­ғар­масын алсақ та, бір деммен оқылып, оқырманды қызықтырып, жетелеп отырады. Мұның өзі жазу мәнерін шеберлікпен меңгергенін аңғартады. Ұлттың абыройын, елдің намысын бәрінен биік қоятын қажырлы қайраткер әртүрлі қоғамдық құбылыстар, тол­ғақты проблемалар жайлы ойын ашық айтатын, шыншылдықпен жазатын, өткір мәселелер көтере білетін пуб­лицист ретінде де танымал. Өткен ға­сырдың 90-шы жылдары құрылған «Қазақ тілі» қоғамының белді мүшесі ретінде қоғамдық-саяси оқиғаларға араласа жүріп, шекараның шетінде, өкпек желдің өтінде тұрған Петропавл қаласының байырғы атауы Қызылжар екенін, осында «Абылайдың ақ үйі» орналасқанын бұлтартпас архив материалдарымен дәлелдей білген азамат­тардың бірі. Баяндамашы жазушының әкімшіл-әміршіл жүйеге қарсы жойқын бұлқыныспен қарсы шығып, елдікке, өрлікке ұмтылған қазақтың саналы жастарының бейнесін сомдаған «Бітеу жара», Қазақстанның тәуелсіз ел болып беку, даму шырғалаңдарын, өтпелі өткелдерін баяндайтын «Өзгеленді бұл ғалам», «Бұралаң заман» романдарына талдау жасап, сол кезеңдердің оқиғаларын шебер тілмен шынайы түрде жеткізе білгенін тілге тиек етті.

Модератор ара-арасында мерейтой иесінің атына келген құттықтау хаттармен де таныстырып отырды. Парламент Сенатының спикері Мәулен Әшімбаевтың, Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатовтың ыстық лебізге толы жүрекжарды тілектерін оқып берді. Қазақстан жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының ака­демигі, республиканың еңбек сіңір­ген қайраткері Зарқын Тайшыбай, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ерік Нұрақаев, облыстық «Soltústik Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ербақыт Амантай, полиция департаменті бастығының орынбасары Қапез Дәулетбаев, тағы басқалары жерлесіміздің шалқар шығармашылық шабытынан туған туындыларына деген оқырмандардың сүйіспеншілігін жеткізді. Онлайн арқылы хабарласқан белгілі композитор Жоламан Тұрсынбаев, балалар жазушысы Толымбек Әбдірайым, биология ғылымдарының докторы Әйіп Ысқақов шығармашылық табыс тіледі.

Мінбеге көтерілген республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің жауапты хатшысы Самат Мұса басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің құттықтау хатын оқып беріп, сый-сияпат жасады. «Жәкең екеуміз құрдаспыз, бір жылғы төлміз. 2002 жылдан бері қоян-қолтық жұмыс істеп келеміз. Ұжымда үлкен беделге ие. Еңбекқор, ұлтының патриоты. 30-ға жуық алыс-жақын шетелдерде болып, Елбасының жұмыс сапарлары жайлы жолжазбалар циклін жариялады»,– деді ол.

Конференцияға қатысушылар танымал қоғам қайраткері, «Қаhармандар» республикалық ұйымының төрағасы, саяси қуғын-сүргін тақырыбын індете зерттеуші-ғалым Сабыр Қасымо­в­тың сөзін үлкен тебіреніспен тың­да­ды. «Мұндай тағылымды ғылыми-прак­тикалық жиындардың ұйымдас­тырылуы теріскей өңірлер үшін маңызы айрықша. Бұл – Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақов, Жұмағали Тілеулин сияқты Алаш арыстары өсіп-өнген өңірде туған Жақсыбай бауырымның өмір жолын насихаттау, ел мен жерге деген перзенттік махаббатын таныту ғана емес, ұға білген адамға оның шығармалары арқылы отаршылдық, кеңестік билік аттарын тарихтан өшіруге тырысып, есімдерін атауға тыйым салған, қазақ халқының бостандығы, тәуелсіздігі жолында өмірін қиған қаhар­мандарымызды ұлықтаудың бір үлгісі болса керек. Ұлттық ұстанымдар төңірегінде өлкетанушылар, журналис­тер, ғалымдар қоғамдық ой-пікірлер қозғағанымен, одан әрі жалғасын таппай, түрлі себептермен созылып ке­тетіні бар. Бұл әсіресе солтүстік ай­мақ­тарға тән. Қазақ халқының қан­шама біртуар азаматтары кеңестік-то­талитарлық заманда репрессияға ұшыраса да, олардың мәңгі өлмес рухы ұр­пақтарын желеп-жебеп келеді. Сол кездегі қаhарман тұлғалардың ерлігі мен өрлігі біздерге қалдырылған аманат іспеттес. Қазақ елінің азаттығы жолында жан тәсілім еткен, шейіт кеткен арыстарды бағалай білсек, тарихи тұрғыдан әділеттік қалпына келтірілер еді», деді белгілі заңгер жиналғандарға үлкен ой тастап.

Конференция соңында мерейтой иесі журналистика саласындағы көпжыл­дық еңбегін бағалап, құрметтеген жер­лестеріне ризашылық сезімін білдіріп, алғысын айтты.

 

 

 

Солтүстік Қазақстан облысы