• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Таным 21 Қазан, 2020

«Көкейтесті» күйінің шығу тарихы

1834 рет
көрсетілді

Арқа күй өнерінің классигі, ғажайып музыкасымен қазақ түгілі, Ресейдің патша сарайын тәнті қылған Тәттімбет Қазан­ғап­ұлының артында қалған мұрасы – халқымыздың рухани бай­лығы, баға жетпес қазынасы. Оның «Саржайлау», «Сылқылдақ», «Бес төре» сияқты күйлерінің көркемдік дең­гейіне жетерлік шығармалар некен-саяқ деуге болады. Осы қатар­да екі ғасырға жуық уақыттан бері тартылып келе жатқан «Көкей­тесті» күйінің орны бөлек.

Әбікен Хасеновтің орында­уын­дағы «Көкейтестіні» жас­өс­­пірім кезімізде пластинкадан таласа-тармаса үйрендік. Өкініш пен налаға толы жан тебірентер әуенді ұлы күйші кімге арнап, не үшін шығарды дейтінбіз. Үл­кендерден сұрасақ, қыз бен жі­гіт­тің ғашықтық трагедиясын су­реттеген күй деп аңыз-әңгіме ай­татын. Сол заманда ата-бабала­ры­мыз малын қыстатуға Шуға кө­шеді екен. Өзеннің бойы ат құ­ла­ғы көрінбейтін қалың қа­мыс, іші толған аң мен құс. Оның ішінде жол­барыс та өріп жүрген.

Бірін-бірі ұнатқан екі жас түн­де көзден таса, өзеннің жаға­сында кездесуге сөз байласады. Жігіт уәделі жеріне келіп, ға­шығын тосып тұрады. Ымырт жабыла сол жерге асығып келе жатқан қызға қамыс ішінде мал торып жүрген жолбарыс шабуыл жасап мерт қылады. Шыққан оқыс дауысқа ұмтылған жігіт қыздың қанға бөк­кен өлі денесін ғана табады. Осы оқиға ұлы сазгердің жан дүние­сін сілкіндіріп, арманда кеткен қос ғашықтың азасына арнайы шығарған күйін «Көкейтесті» деп атапты дейтін.

Біздер осы аңызға сенер-сен­бе­сімізді білмейміз. Сенейін де­сең, күйдің композициясы тым ауқымды, өте терең, үлкен бір тарихты қозғап тұрғандай.

Кейін есейген шағымда Тәт­тім­бет туралы жазылған кітаптарды оқыдым, онда бұл туралы ештеңе жоқ. Содан 2008 жылы Қазақ те­ле­видениесі ақын Кәкімбек Са­лы­қовтың 80 жылдығына арнап үлкен хабар берді. Ақын ағ­а­мыздан сұхбат алып жатыр. Өзі­нің шығармашылық жолы ту­ралы айта келіп, «Тәттімбет» поэ­масының қалай жазылғанына тоқ­талды. Жалпы, К.Салықов –  өнер адамдарының өмір жолын шұқшия зерттеген адам. Оның өз жерлесі Үкілі Ыбырай туралы жаз­ғандарының өзі – бағалы зерттеу. «Тәттімбет» поэ­масын жазу үшін күйшінің туған жеріне барып, ұзақ жүріп материал жинаған, ескі көз қариялар­дан әр күйдің шығу тарихын сұраған. Сонда жүріп «Көкейтестінің» та­рихына қанығады. Күй Кенесары мен Наурызбайдың азаттық жо­лын­дағы соғысының қырғыз жерінде жеңіліске ұшырап, қа­зақ­тың соң­ғы ханының қаза болуына арналыпты.

Оқырманға түсінікті болу үшін ол оқиғаның қалай өрбігені туралы тоқтала кетейік.

Тарихтан белгілі Кенесары-Нау­рызбайдың Ресейдің отарлау саясатына қарсы жүргізген со­ғысы он жылға созылады. Қақ­ты­ғысты Ресей тарапының өк­тем­­дігі себепті бейбіт жолмен ше­шудің сәті түспеген соң, хан қол жи­нап, орыс бекіністерін шабуға кіріседі. Ондағы гарнизондарға сан рет тұтқиылдан соққы береді. Арасында Сыр бойын зар илетіп отырған Хиуа, Қоқан хандарын да тәубесіне келтіріп, қазақ жерлерін азат етеді.

1846 жылдың күзінде Кенесары жиырма мың қолымен Жетісуға шегінеді. Ондағы ойы орыс пен Қоқан хандығының қыспағында отырған қазақ пен қырғыз руларын отарлаушыларға қарсы көтеру еді. Сол мақсатпен оңтүстікке шегініп бара жатқан Кенесары қолын орыс әскері қуып жетіп талқандамақшы болады. Алайда бұл жоспардың орындалуы созылып кетеді. Бұған себеп, ханның азаттық соғысына іштей тілектес Құнанбай сияқты ел басшыларының әрекеті еді. Өзінің көрегендігі және алымдылығымен көзге түскен Құнекеңе осы іске бас болу, жасақ ұйымдастыру тапсырылады. Ол кезде болыстық лауазымда екеніне қарамай, аса беделді Құнанбай бұл жұмысты кешіктіргенімен қоймай, түрлі себептер тауып, орыс шенділерін де тоқтата береді. Ресейдей империя­ның мұздай қаруланған әскеріне ханның қолы төтеп бере алмайтынын, түбі қайтсе жеңілетінін түсінеді.

Ақырында өзіндей болыс әрі пікірлес досы, құдандалығы та­ғы бар, елге танымал күйші Тәттім­бетті екі-үш серік қосып, астыртын Кенесарыға аттандырады. Айт­қан сәлемі: «Кене хан жат елде мұндағыдай қолдау таппайды әрі ол жақты да генерал Черняевтің әскері біртіндеп бағындырып жа­тыр. Қоқан билігінен теперіш кө­ріп отырған қырғыздарды орыс­тар өз жағына шығарады. Оған күштері де, айла-амалдары да же­теді. Ту сыртыңыздан да қы­лы­шын қайрап отырғандар бар. Әзірге бөгеп отырмыз. Жау ортасына түсіп бекер қырғынға ұшы­­райсыздар. Сондықтан хан жо­рығын тоқтатып, әскерін тарат­сын. Өзі шетелге, түріктерге өтіп Осман империясынан саяси баспана сұрасын», дейді.

Хан шатырына кіріп, Қарқара­лының сәлемін жеткізген Тәт­тім­­бетті Кенесары қаҺарына мініп қарсы алады. «Сен кімсің, қалай дәтің барып осы сөздерді айтып тұрсың. Мен – бүкіл қазақтың ханымын. Маған ақыл айтқандай Құ­нанбайың кім, орысқа сатылған көп болыстың бірі шығар. Әке­тіңдер мынаны, ертең жазалаймын», дейді. Сыртқа шыққан Тәт­­тімбетті сонда жүрген рулас жі­­гіттер: «Ханның ашуы қатты, ба­­­­сы­ңызды алуы мүмкін, дереу қа­­­­шыңыз» деп босатып қоя береді.

Келесі жылы жазда қатты аурып төсек тартып жатқан Тәттімбет қырғыз жерінде Сыпатай батыр мен Рүстем төренің бір түнде майдан шебінен жасақтарын алып кетуі салдарынан азайып қалған ханның қолы жан-жақтан қоршаған орыс әскері мен қырғыздардың ортасында қалып, үш күндік шайқастан кейін жеңіліс тапқанын, Кенесары мен Наурызбайдың қолға түсіп қайғылы қазаға ұшырағанын ес­тиді. Көңілі құлазып, жан дүниесі өр­тенген Тәттекең шалқасынан жат­қан күйі домбырасын алдыртып, төменнен жоғары қарай ша­лып тартып ерекше күй орын­дай­ды. Көкейін тескен зары мен мұңы, арманы «Көкейтесті» болып төгіледі.

Айта кету керек, тарихи тұлға, қазақ музыкасына өшпес мұра қал­дырған Тәттімбет Қазанғапұлы ата-тегінен бақ пен дәулет арыл­­­ма­ған жерден шыққан. Он жыл­­дай Нұрбике-Шаншар бо­лыс­­­ты­ғының болысы қызметін ат­қар­ған, Сарыарқада кен орындарын ашуға атсалысқан мейлінше зер­­делі адам болған. Жасынан ауру­­­­шаң болып, 47-ақ жыл өмір сүр­ген.

Қырғыз Алатауының Кекілік асуында болған соғыстан аман шық­қан шұбыртпалы Ағыбай батыр Кенесарының бұл жорығына әуелден қарсы болған. Сол үшін ба­тырды аттанар алдында хан қол­­­басшылықтан алады. Ол өз қо­­сынын бастап, соңғы айқас­қа қа­тар­дағы сардар ретінде қаты­сады.

Кеңес заманында Кенесары – Наурызбай туралы шындықты айтқызбаған, ол тұрсын Арқаның мұңды күйлерін тартқызбаған, ал тартқандарды қуғын-сүргінге ұшыратқан, қайсыбірін халық жауы ғып, өлім жазасына кескен. Содан да ескі көздер бізге күй туралы басқа аңыз құрастырып айтуға мәжбүр болған сияқты.

Ірі мемлекеттік қайраткер, көр­некті ақын Кәкімбек ағамыз сол телехабардан соң көп ұзамай қай­тыс болды. Бірақ «Тәттімбет» поэмасында айтпай кеткен шын­дықты ашып беріп кетті.

 

Ертай ЖӘНІБЕКОВ,

зейнеткер

 

Қарағанды облысы,

Шет ауданы