Дана халқымыз денсаулықтың қадір-қасиетін «Қырық тістің қадірін қақсағанда білерсің, қос аяқтың қадірін ақсағанда білерсің» деп философиялық шумақпен өріп, бір түйген екен. Сәл тарқатып айтар болсақ, денсаулық адамға үздіксіз жұтатын кәдімгі ауа секілді аса қажет фактор. Яғни денсаулық бар кезде оның қажеттілігін терең сезіне бермейміз, оған қалыпты болуға тиісті дүниедей қараймыз.
Жоғарыда айтылғандай, ағзаның бір мүшесі сыр бере қалса ғана медицина қызметкерлерінен көмек сұрауға мәжбүр боламыз. Осы қатарда дәрігерлер, медбикелер және медицина мекемелерінің өзге де өкілдері бар екені белгілі. Мыңдаған адамдардың өміріне араша түсіп жүрген ақ халатты абзал жандардың еңбегі шын мәніндегі ұлы іс деп атауға әбден лайықты.
Солардың бірі – «Бурабай» республикалық оңалту орталығы» РМК медбикесі Тамара Қаметова. Соңғы уақытта өкпе және өзге де тыныс мүшелері дертіне тап болғандар жиі кездеседі. Оны толық жазып, емдеу екі кезеңнен тұрады екен. Бұл бағытта оңалту сатысының атқаратын рөлі өте жоғары. Осы ретте Тамара Түсіпбекқызы үлкен мен кішінің, нақтырақ айтқанда, балалар мен жасөспірімдердің әрі егде жастағы адамдардың жай-күйін барометрдей бақылай алатын өз ісінің шынайы шебері екенін айтуға тиіспіз. Оның ұзақ жылдан бері жинақтаған бай тәжірибесі өзге әріптестеріне үлгі-өнеге боларлықтай. Адамдардың жаратылысы мен бітім-болмысы және дерттің пайда болуы мен таралу жолдары біріне-бірі мүлде ұқсамайды. Қанша ағза болса, сонша түрлі ерекшелік болуы жазылмаған заңдылық секілді. Науқастың көңіл-күйінің қалыпты болуы оңалту шараларының нәтижелі болуының басты бір кепілі. Бұл тұрғыда бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері емдеуші дәрігермен өзара келісіп, ақылдаса отырып әркез олардың бабын табуға ұмтылыс жасап жүргені сүйсіндіреді. Денсаулық сақшылары дәрінің немесе бүгінгі заманауи медициналық құрал-жабдықтардың көмегімен ғана емес, жүрек жылуымен және жылы шырайлы қарым-қатынасымен де ем алушыларға дем бере алады. Мұндай биік адамгершілік қасиет Тамараның бойында ежелден қалыптасқанын ұжым мүшелері мен оңалту кезеңінде болғандар жиі айтады.
Тағы бір байқағанымыз, Тамараның қай кезде де өз қызметіне биік талап үдесінен қарай білетіндігі, кәсіби шеберлігін одан әрі ұштап, жетілдіріп отыруға ұдайы қам-қарекет жасауға әзір тұратыны. Жаңаны үйрену қай кезде де, тіпті зейнет жасына жеткен уақытта да кештік етпейтінін Тамара Түсіпбекқызының табанды іс-қимылы арқылы тағы бір айқын түйсінгендей болдық. Міне, ол талап пен жан жылуын осылайша бір-бірімен ұштастырып келеді. Өз тәжірибесін кейінгі жас буын, орта медицина қызметкерлерімен ұдайы бөлісіп жүргені де оның адами бітім-болмысын биіктете түседі.
Денсаулық сақтау ісінің үздігі, сонымен бірге өнегелі отбасының ұйытқысы, адал жар, асыл ана Тамара Қаметованың орта буын медицина қызметкері ретінде оңалту қызметінде жинақтаған бай тәжірибесі бұл саладағы ортақ іске қосылған сүбелі үлес болып саналады. Қай кезде де ем алушыларға жанашырлық танытып, олардың жандарынан табыла білген Тамараның жұлдызы жоғары бола берері талассыз.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Egemen Qazaqstan»
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы