• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 21 Қазан, 2020

Бұқаралық спорт – басты назарда

1010 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты биылғы Жолдауында балалардың спорттық және шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше назар аударды. Балалар үшін қатерлі бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда олардың күш-жігері мен қызығушылығын дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды.

 

Мемлекет басшысының Жол­дауын іске асыру жөніндегі Жал­пыұлттық іс-шаралар жос­парында Мәдениет және спорт министрлігінің алдына халықты, оның ішінде ең алдымен балаларды дене шынықтырумен және бұқаралық спортпен айналысуға белсенді тарту, сондай-ақ спорт секцияларын ашу және балалар үйірмелерінің қызметін қалпына келтіру міндеті қойылғаны белгілі. Осыған орай Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова өзі басқаратын салада атқарылып жатқан ілкімді істер туралы баяндап берді.

Ведомство басшысы Жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары шеңберінде Мәдениет және спорт министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, «Кәсіби спорт клубтарына берілетін қаржыны ең алдымен балаларды дене шынықтырумен және бұқаралық спортпен айналысуға тартуға қайта бағдарлау» және «Барлық облыста, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада, ірі аудан орталықтарында спорт секцияларын ашу және балалар үйірмелерінің қызметін қалпына келтіру» бойынша жұмыс жүр­гі­зіліп жатқанын жеткізді.

«Жолдауда Президент тара­пы­нан қаржы тапшылығы кезін­де мемлекет бюджеті есебінен кәсі­би спорт клубтарын толықтай қам­тамасыз етудің қажеті жоқтығы айтылды. Бүгінде республика бо­йынша 36 мыңнан астам адам жаттығатын 97 кәсіби спорт клубы бар. Олардың көпшілігі жер­гілікті бюджет есебінен қаржы­ландырылады. Олардың кейбіріне ұлттық компаниялар немесе жекеменшік иелері қолдау көрсетеді. Мәселен, 2019-2020 жылдары еліміздің 17 өңірінде жергілікті бюджеттерден 252,6 млрд теңге бөлініп, елеулі нәтижелердің болмауына қарамастан, қаражаттың көп бөлігі футбол және хоккей клубтарын ұстауға жұмсау жалғасуда. Осылайша, 2019 жылы 121,3 млрд теңге бөлініп, оның ішінде футболға – 34,1 млрд теңге (28,1%), ал 2020 жылы – 131,3 млрд теңге бөлініп, оның ішінде футболға – 37 млрд теңге (28,2%) жұмсалды», дейді А.Райымқұлова.

Осы мақсатта Мәдениет және спорт министрлігі 3 қазанда елдегі барлық республикалық спорт федерацияларымен кеңес өткізіп, кәсіпқой клубтардың қаражатын қайта бөлудің бірың­ғай тәсілдерін талқылады. Клубтар спортшыларды ұстауға өз бюджетінің 50%-на дейін қаражат жұмсайтындықтан Федерациядан олардың жалақысын реттеу бо­йынша ұсыныстар келіп түскен. Сонымен қатар 5 қазаннан бастап Мәдениет және спорт министрлігі кәсіпқой спорт клубтарын ұстауға бағытталатын қаржы қаражатын қайта бағдарлау мәселесі бойынша бірыңғай тәсілдерді дайындау мақсатында жергілікті атқарушы органдардың дене шынықтыру және спорт, қаржы, экономика басқармаларының басшыларын тыңдауды жүргізуде.

«Бүгінгі күні министрлік бюджет қаражатынан төлемдердің рұқсат етілген нормасын анықтау мақ­сатында спортшыларға, жаттық­тырушыларға және клуб жетек­шілеріне жалақы төлемдерін заңды деңгейде реттеу бөлігінде Қазақ­стан Республикасы Парла­менті Мәжілісінде қаралуда жат­қан заң жобасына түзетулер әзір­леді. Бұл мәселе Мәжілістің жұ­мыс тобы отырысында қаралып, де­путаттар тарапынан қолдау тапты. Балалардың спорттық және шығармашылық әлеуетін дамыту үшін жағдай жасау мақсатында барлық облыстарда, республикалық маңызы бар қала­ларда және астанада, ірі аудан ор­талықтарында спорт секцияларын ашу және балалар үйірмелерінің қызметін қалпына келтіру бойынша жұмыс жүргізілуде», деп атап өтті министр.

Қазіргі уақытта дене шынық­тыру және спорт ұжымдарында 127 703 спорт секциясы жұмыс істейді (оның ішінде ауылдық жерлерде 62 733), онда 5 033 546 адам қамтылған (ауылдық жерлерде 2 141 116 адам). Спорт секцияларын құру бойынша көшбасшы өңірлер қатарында Ақтөбе – 18 034 бірлік, Шығыс Қазақстан – 11 540, Түркістан – 11 332 және Қызылорда облыстары – 10 281 бірлікпен орналасқан. Батыс Қазақстан – 4 286, Жамбыл – 4 220, Солтүстік Қазақстан – 3 811 және Маңғыстау облыстарында – 3 486. Осы орайда, спорт секцияларын ашу кезінде бірінші кезекте көрсеткіші төмен өңірлерге баса назар аударылатын болады. Сонымен қатар республикада 477 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді, оның ішінде 142 (29,9%) олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мек­теп­тері, онда 357 065 балалар мен жасөспірімдер шұғылданады. Дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің жалпы саны 2019 жылғы барлық оқушылар санының 17,06%-ын құрады.

Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, республикада жүйелі түрде 5 706 625 адам спортпен айналысады, бұл еліміздегі халық­тың 30,6%-ын құрайды. «Шұ­ғыл­данушылардың жалпы санының 28,6% – әйелдер, 71,4% – ерлер. Жас шамасы бөлінісінде спортпен шұғылданушылардың ең көп саны 14-29 жас аралығында – 43,1%, 6-13 жас – 31,2%, 30 жастан жоғары – 24,4%, зейнеткерлік жасқа жет­кендер – 1,3% байқалады. Спорт секцияларын ашу және бала­лар үйірмелерінің қызметін қал­пы­на келтіру мәселелері бойынша бір­ыңғай тәсілдерді әзірлеу мақса­тында жергілікті атқарушы орган­дардың басқармаларын тыңдау жүргізілуде», дейді министр.

Жиын барысында «Балалар үйір­мелерінің» қызметін қалпына келтіру мәселесі де сөз болды. Министрлікпен еліміз­дегі қолданыстағы балалар үйір­ме­лерінің қамтамасыз етілуіне және нормативтік-құқықтық базаға талдау жүргізілген. Жалпы, елімізде 3 212 қолданбалы шығармашылық үйірмесі, балаларға арналған әуесқой бірлестіктер мен клубтар жұмыс істейді екен. Өңірлік бөліністе бұл үйірмелердің ең көп саны Алматы – 627, Ақмола – 421, Қарағанды – 357, Қостанай облыстарында – 276. Төменгі көрсеткіш Түркістан облысында – 69, Нұр-Сұлтан қаласында – 10, Қызылорда облысында – 9, Шымкент қаласында – 7 және Алматы қаласында – 0.

Сонымен қатар балалардың тұлғалық қасиетін, қабілеттерін дамыту, оқушылардың адамгершілік және рухани дамуы үшін қосымша білім берудің маңыздылығын ескере отырып, министрлік 4 қазанда «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру жобасын іске қосты. Жо­ба 1-11 сынып оқушылары үшін әзірленген және ұзақтығы 10-15 минуттан аспайтын он­лайн-форматтағы қысқа бейне-сабақтарды қамтиды. Балалар үйден шықпай-ақ Қазақстанның киелі жерлеріне виртуалды тур жасап, опера, балет, драма өнерінің үз­дік үлгілерін, қазақстандық жә­не шетелдік қызықты кинофильм мен мультфильмдерді көріп, таңғажайып музыкалық туын­дыларды тыңдай алады.

«Оқушыларға madeni-m.kz сай­тында қазақ және орыс тіл­дерінде музыкалық өнер, театр өнері, кинематография, бейнелеу өнері және «Қасиетті Қазақстан» атты 5 бағыты бойынша барлық білім беру бейне-сабақтары еркін қолжетімді.Жалпы алғанда, жоғарыда көрсетілген шараларды іске асыру балалар мен жасөспірімдер арасында дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар санын арттыру үшін қолайлы жағдайлар жасайды, сондай-ақ балалардың бос уақытында іспен шұғылдануын қамтамасыз етеді, олардың таланттарын ерте сатысында анықтап, балалардың одан әрі дамуына ықпал ететін болады», деді ол.

Жиын соңында Ақтоты Ра­йым­құлова Мемлекет басшысының Жолдауында аталып кеткен Стра­тегиялық бағдарларды мүлтіксіз орындау үшін министрлік тарапынан барлық тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.