• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Қазан, 2020

Алматы облысында бюджет қаржысы қалай жұмсалуда?

179 рет
көрсетілді

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында облыс әкімдерінің алдына жаңа міндет жүктеп, өңірдегі атқарылған іс бойынша жергілікті мәслихат депутаттары алдында жиі есеп беріп тұруды тапсырған болатын. Президент пәрменінен кейін облыстардағы бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуы жайында ашықтық қалыптаса бастады, -- деп хабарлайды Egemen.kz.

Мұның бір дәлелін Алматы облысынан көріп отырмыз. Мысалы, облыстық мәслихаттың кезекті 62-сессиясына қатысып, депуттарға есеп берген аймақ басшысы Амандық Баталов жыл басынан бері атқарылған істерді атап өтіп, жұмсалған қаржының әр тиынына дейін жіпке тізгендей болды. Онлайн форматта өткен жиында биылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары да сарапқа салынды. Әрине, есеп барысында аймақтағы пандемия жағдайында істелген жұмысқа баға берілді. Төтенше жағдай кезінде облыс бюджетіне бірқатар өзгерістер енгізілген болатын. Оның ішінде денсаулық сақтау саласына қосымша 1,8 млрд теңге бөлініп, ол қаржы дәрі-дәрмек қорын қалыптастыруға, медицина мекемелерінің материалдық техникалық базасын нығайтуға жұмсалып жатыр. Сондай-ақ, білім саласына қосымша 8,7 млрд теңг бөлінген еді. Яғни, жаңа оқу жылында мектептердегі кезекші сыныптар жұмысын жүргізуге, жұмыс істеп тұрған балабақшалардың санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және өзге де қажеттіліктерге қажетті қаржы берілді.

Облыс әкімі Амандық Баталов депутаттар алдында жасаған баяндамасында пандемияға қарамастан, өңірдегі өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы, құрылыс және басқа да маңызды салалардың барлығында өсім қарқыны сақталғанын айтты. Сөзін көрнекті слайдпен айқындай отырып, барлық сандық көрсеткіштерді атап өтті. Облыс басшысы өз есебінде мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, індетпен күрес, халықтың әл-ауқатын арттыру шаралары және басқа бағыттағы жұмыстардың барлығын да қамтыды.

Осы сессия барысында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов 2020 жылға арналған облыс бюджетіне өзгеріс енгізу туралы шешімнің жобасымен таныстырды. Оның айтуынша, қорғаныс, білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көлік және коммуникация, ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы салаларына қаржы бөлінеді. Мәселен, облыстық маңызы бар жолдарды жөндеуге 114,8 млн теңге бөлінсе, қалалық және кентішілік жолдар үшін 607,3 млн теңге қарастырылып отыр. Сондай-ақ, жаңадан құрылған Райымбек ауданының орталығы – Нарынқол ауылын көркейту мақсатына 183,9 млн. теңге қосымша жұмсау көзделген екен. Апатты жағдайдағы су шаруашылықтары мен гидромелиоративтік жүйелерді қалпына келтіру жұмыстарын аяқтауға 300,4 млн теңге бағытталады. Сол сияқты ауыл шаруашылығының бірқатар бағыттарын субсидиялауға да қаржы бөлінбек. Денсаулық сақтау саласында өңірдегі медициналық мекемелердің материалдық техникалық базаларын нығайтуға, мекемелерді жаңа жүйелерге қосуға, дәрі-дәрмек қорын қалыптастыруға да қосымша қаржылай қолдау көрсетілетін болады.

Жалпы, облыс көрсеткіштері аудан, қалалардан құралатынын ескерсек, аймақтың дамығаны – елді мекендердің дамығанының дәлелі бола алады. Әрі бұл істердің барлығы да мемлекет қолдауымен жасалғанына халық куә. Мұны баяндамадан соң сөз алған Еңбекшіқазақ, Ақсу, Ұйғыр аудандарынансайланған мәслихат депутаттары Қуат Сұлтанғазиев, Рахат Ыбыраева, Нұрәкім Есжановтар да тілге тиек етті. Ал депутат Ызғарбек Бектұрсынов ириигациялық жүйелерді жөндеу, сервистік дайындық орталығын құрып, техникалар алу жағына қолдау көрсету туралы ұсынысын білдірді. Облыс басшысы айтылған мәселелер назарға алынып, оң шешімін табатынын айтты. Ал жиында облыс әкімінің есебіне жоғары баға берген мәслихат депуттары бюджетке енгізілген өзгерістерді де толықтай қолдады.

 

 

Алматы облысы