Алматы облысында биылғы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасының барлық бағыттары бойынша 2843 отбасы үйлі болады, соның 725-і - көп балалы отбасы. Бұл туралы бүгін облыстық мәслихат сессиясында депутаттар алдында есеп берген облыс әкімі Амандық Баталов айтты, - Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Амандық Баталов өз сөзінде облыстық бюджеттен тұрғын үй сертификаттарына 500 млн. теңге бөлінгенін айтты. Оның 171,1 млн. теңгесі 256 сертификатқа берілген. Өткен 9 айда «7-20-25» бағдарламасы бойынша 365 отбасы (жоспар – 467), «Бақытты отбасы» бағдарламасымен 511 отбасы (жоспар – 590) баспанаға қол жеткізді.
1 маусымнан «Нұрлы жер» бағдарламасының «Шаңырақ 5-10-20» жаңа бағытын іске асыру басталды, бұл бағдарламада 1986-2017 жылдар аралығында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды несиелендіру қарастырылған. Облыста олардың саны - 39 809 адам.
Осы бағдарлама бойынша республикалық бюджеттен тұрғын үй құрылысына 6,4 млрд. теңге бөлінді. Соның нәтижесінде биылғы жылы осы бағдарлама арқылы 476 адамды үймен қамту жоспарланып отыр.