• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Қазан, 2020

ТМД елдерінде іздеуде жүрген 20 қылмыскер Солтүстік Қазақстанда ұсталды

476 рет
көрсетілді

Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облыстық ПД Криминалдық полициясы хабарлады.

«ТМД елдерінің басшылары қол қойған Минск және Кишинев конвенцияларының шеңберінде іздестірілетін қылмыскерлерді ұстап беруге міндеттіміз. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысы Ресей Федерациясының көршілес Омбы, Түмен және Қорған облыстарымен шекаралық ынтымақтастық шеңберінде де осы мәселе туралы келісімге қол қойған. Осы келісімдердің  нәтижесінде біз қылмыскерлер туралы ақпараттармен алмасып, оларды құрықтауды бірлесіп жүргіземіз», дейді Солтүстік Қазақстан облыстық ПД Криминалдық полициясының бастығы, полковник Петр Климов.

Биыл жыл басынан бері Солтүстік Қазақстанда ТМД елдерінде іздестіру жарияланған 20 қылмыскер ұсталды. Олардың бәрі қылмыс жасаған елдеріне этаппен аттандырылды. Қазір олар өз елдерінде жазаларын өтеуде.

Сонымен қатар біздің облыста жасаған қылмыстары үшін іздестіру жарияланған екі қылмыскер Қазақстан аумағынан тыс жерлерде ұсталып, елге жеткізілді. Соның ішінде 1992 жылы туған біреуі адамға бұзақылықпен жарақат салғаны үшін былтыр сотталған еді. Арада аз уақыт өткенде ол уақытынан бұрын шартты жазамен босатылған. Бірақ ол бұл жазаның талаптарын орындамай, Ресейге қашып кеткен еді. Солтүстік Қазақстан полициясы қылмыскер туралы ақпаратты ресейлік әріптестеріне жіберген.  Артынан мемлекетаралық іздеу де жарияланды. Қашқын ақырында Ресейдің Астрахан облысында ұсталып, Солтүстік Қазақстанға этаппен жеткізілді. Қазір ол бас бостандығынан айыратын орында жазасын өтеуде.

Мезгілінен бұрын шартпен босатылған кейбір қылмыскерлер өздеріне жасалған жеңілдікті ұқпайды. Тұратын мекен-жайларын алмастырса жазасын атқарудан босатыламын деп ойлайды. Ал қазір ТМД шеңберндегі  электронды ақпараттар базасы арқылы ондайлардың қайда жүргендігі іздестіру жасаған мемлекетке бірден белгілі болады. Сондықтан ондайлардың шетелге бас сауғалағанынан өзіне еш пайда болмайды, керісінше жазасын ауырлатып алады.   

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облыстық ПД 37 қылмыскерге іздеу жариялаған. Соның 28 бүгінгі таңда ұсталды.

Солтүстік Қазақстан облысы