Жетісуда күн райы әлі де жылы. Шуақты шақ тұрғындардың қыстық отын-суын қамдауына көмектесіп тұрғандай. Өйткені өңірде табиғи газ желісі жетпеген, қатты отынды алыстан таситын ауылдар жеткілікті. Оның үстіне биыл көмір бағасы шарықтап, әрі оның жетіспеушілігі сезіліп отыр.
Жалпы, Алматы облысы жылыту маусымын қазан айының алғашқы күнінен-ақ бастап кеткен болатын. Қазір аймақтағы әлеуметтік нысандардың барлығына жылу толық берілген. Орталық жылу жүйесіне қосылған тұрғын үйлер қыз-қыз қайнап тұр. Ал күн көзінің әлі де ашық болып, мизам шуақтың ұзақ сақталуын тілеп отырғандардың дені – ауыл тұрғындары. Оның себебін көмір тапшылығы мен оның тасымалында жиі кездесетін кедергілерден іздеген жөн болар еді. Қазір Алматы облысы аумағындағы көмір түсіретін орталықтардағы қара маржанның құны әрқилы. Мысалға, аймақтың шығыс бөлігін қатты отынмен қамтитын Талдықорған қаласы, Балпық би ауылы және Үштөбе қаласындағы сату орталықтары көмірдің әр тоннасына 14 500 теңге мен 16 000 теңге аралығында баға белгілеген екен. Бұған көмірді үйге дейін тасымалдап, жеткізудің құны кірмейді. Ал дәл қазіргі сәтте Балпық би ауылының ішіндегі тасымал құны 10 000 теңгеден басталса, орталықтан қашық ауылдарға апару бағасы 15 000 теңгеден 18 мың теңгеге дейін жетіп отыр. Осы тасымалдау бағасының күрт көтерілуі де жеке адамдардың қалтасына ауыр соғып тұрғаны анық.
Тіпті көмір бағасы мен тасымалдау құны Алматы қаласы маңындағы ауылдар үшін де қымбат болып отыр. Мысалға, Іле ауданының Ащыбұлақ ауылдық округі мегаполистен 15 шақырым қашықта жатыр. Ал мұндағы қатты отынның әр тоннасы 15 000 теңге болса, үйге дейін тасымалдау 20 000 теңгеге дейін шарықтайды екен. Яғни облыстың жеке тұрғын үй секторындағы қысқы маусымға дайындықты ойдағыдай деуге ауыз бармайды.
Айтпақшы, биыл аудандардағы жылыту қазандықтарындағы отын қорымен қамту да өз күшінде болмай отыр екен. Жалпы, осы жылы облыстық бюджеттен 142,4 мың тонна көмір және 7,3 мың тонна мазут сатып алуға 3,8 млрд теңге қаражат бөлінген. Қажетті көмір қоры 379,5 мың тонна болса, бүгінде оның 157,8 мың тоннадан астамы ғана қоймаға түскен.
– Өкінішке қарай, «АқсуТВК» және «ПанфиловСуҚұбыры» мекемелерінің қазандықтарына көмір жеткізу әлі күнге дейін толықтай аяқталған жоқ. Мекемелердегі көмір қалдығы нормативке сай емес. Отын сатып алуға субсидия бөлуге өтінім кеш жолданып, бүгінге дейін толығымен ұсынылмаған, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бағлан Тәнекенов.
Сондай-ақ биылғы маусымға дайындық барысында 35 орталық қазандығы, 64,3 мың шақырым жылу және 13,4 мың шақырым электр желісі, 3 016 бірлік трансформаторлық қосалқы стансасы жөнделген. Қазандықтарға қажетті 15,1 мың тонна мазут дайындау жоспарланса, оның 7,7 мың тоннасы жеткізілген. Ал бюджеттік ұйымдардың ғимараттарын жылыту үшін 25,7 млн литр дизель отыны, 24,4 мың тонна көмір және 5,1 мың тонна пеллет дайындалған екен.
Бұған қоса осы жылы бюджеттік мекемелерге жылу беретін 63 қазандықты ауыстыру, 9 қазандықты сыртқа шығару жұмыстары жоспарланған. Алайда 11 қазандық әлі ауыстырылмаған, 3 қазандық та сыртқа шығарылмаған. Сондай-ақ Еңбекшіқазақ ауданында білім беру нысанының 8 қазандығын ауыстыру бойынша конкурстық рәсімдер әлі күнге дейін жалғасуда екен.
– Білім беру нысандары бойынша Алакөл ауданы – 64%, Ескелді ауданы – 60%, Талдықорған қаласы – 22%, Қапшағай қаласы 32%-ға толықтырылған. Денсаулық сақтау нысандары бойынша Балқаш ауданы – 12%, Ұйғыр ауданы – 30%, Еңбекшіқазақ ауданы – 31%, Кеген ауданы – 33%, Алакөл ауданы – 34%, Талғар ауданы 34%. Сонымен қатар бюджеттік ұйымдарға 15,6 мың тонна көмір немесе 64%-ы жеткізілді. Алакөл, Балқаш, Іле, Қарасай, Кеген, Райымбек, Талғар аудандары мен Қапшағай, Текелі қалаларына мүлдем жеткізілмегендіктен жылыту маусымының кешігу қаупі бар, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бағлан Тәнекенов.
Алматы облысы