• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Сәуір, 2010

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: БӨЛШЕКТЕНГЕН АТОМ ӘЛЕМДІ БӨЛШЕКТЕП ЖҮРМЕСІН

545 рет
көрсетілді

Төраға мырза, Ханымдар мен мырзалар! Ең әуелі, саммитті ұйымдастырушыларға және тікелей АҚШ Президенті Барак Обамаға ықыласты қонақжайлылығы және біздің кездесуімізді тамаша ұйымдастырғаны, тарихи форумды өткізудегі көшбасшылығы үшін ризашылығымды білдіргім келеді. Құрметті әріптестер! Ядролық сынақтардың сорақы сұмдығын барынша көріп білген, Семей ядролық полигонын жапқан және әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тартқан Қазақстан МАГАТЭ-мен тығыз ынтымақтастықта ядролық қатерді таратпау және азайтудың жаһандық үдерісінің табанды жақтаушысы болып табылады. Нақ сондықтан бүгін Қазақстан халықаралық қоғамдастыққа бірқатар қағидаттық маңызды шараларды ұсынады. Біріншіден, біздің еліміз уранның ірі өндірушісі ретінде әрі жоғары байытылған уранды төмен байытылған формасына қайта өңдеу мүмкіндігіне ие бола отырып, бейбіт ядролық энергетиканы дамытуға өз үлесін қосу ниетінде. Осы мақсатта Қазақстан өз аумағында Халықаралық ядролық отын банкін орналастыруға әзір. Екіншіден, біз ядролық қарусыз аймақтар үшін, қатысушы елдердің қауіпсіздігіне теріс кепілдіктерді қоса алғанда, халықаралық-құқықтық нормалар қабылдау қажет деп санаймыз. Біз жаңа ядролық қарусыз аймақтар қалыптас­тыруды, соның ішінде Таяу Шығыста қалыптас­тыруды жақтаймыз. Орталық Азия аймағы аясында Қазақстан ядролық қауіпсіздікті нығайту, ядролық материал­дардың таралуына жол бермеу және ядролық лаң­кестікпен күрес жөнінде өңірлік іс-қимыл жоспарын әзірлеуге бастамашы болды. Осы тәжірибені әлемнің басқа өңірлеріне де тарату орынды болар еді. Үшіншіден, біз Әскери мақсатта бөлшектенетін материалдарды өндіруге тыйым салу туралы шартты жедел қабылдау қажеттігіне сенімдіміз. Төртіншіден, біз Ядролық сынақтарға баршаны қамтитын тыйым салу туралы шарттың іс-әрекетке кірісуі тәуелді болатын барлық мемлекеттерді оны ратификациялауға шақырамыз және Президент Барак Обаманың аталған шартты Сенаттың бекітуіне ұсыну шешімін құптаймыз. Ядролық қатерді және ядролық лаңкестікті болдырмау саласындағы екіұштылық пен тұрақ­сыздық ахуалын мынадай факторлар туындатады: – елдер арасында әсіресе соғыс және бейбіт­шілік, ядролық қарусыздану немесе жалпы қару­сыз­дану мәселелерінде жаһандық сенімнің жоқтығы; – қолдағы ядролық қаруларды және оларды өндіру үшін жарайтын материалдарды сақтау, қаттау, тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында проблемалар бар; –  мемлекетаралық кооперацияның әсіресе жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесінде жүйелік әлсіздік көріністері байқалады. “Ядролық клубқа” де-факто ядролық қаруы бар мемлекеттерді қосып, оның жаңа форматын заң­дас­тыратын уақыт жетті. Бұл елдер түрлі жақтарда болмауы тиіс. Осы клуб және оның әрбір мүшесі өзіне тек қана БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесімен келісе отырып әрекет ету міндеттемесін алуы тиіс. Ал ядролық шамшылдыққа салынатын елдер олардан толық бас тартуға міндетті. Мұның өтеуіне олар Қауіпсіздік Кеңесі қуаттай­тын, бүкіл “Ядролық клубтан” оларға ядролық қаруды қолданбау және шабуыл жағдайында қорғау кепілін алуы тиіс. Бұл үдеріске біріккісі келмейтін елдерге қатысты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі санкциялар мен мәжбүрлеуге дейінгі шешуші шаралар қолдануы тиіс. Таратпау және ядролық лаңкестік жәйттерімен күрес саласындағы барлық халықаралық актілерге сарап­тамалық талдау жүргізіп, бір ғана бағдарлама­лық-стратегиялық құжатқа – ядролық қаруды баршаға ортақ көлбеу және тіктеп таратпау және жою туралы жаңа әмбебап шартқа келтіру қажет. Мұндай құжат “қосалқы стандарттарды” қолданбауға және оны бұзушыларға санкциялардың нақты тетіктеріне кепілдік беруі тиіс. Сонымен қатар біз МАГАТЭ-нің барлық талаптарын сақтау негізінде ЯҚТШ-ның мүшесі болып табылатын әрбір мемлекеттің бейбіт ядролық энергетиканы дамытуға және пайдалануға деген заңды да ажырағысыз құқығына қолдау білдіреміз. Мұнда монополиялық көзқарастар мен қосалқы стандарттар болмауы тиіс. Ханымдар мен мырзалар! Соңғы күндері біздер ядролық таратпау, қарусыздану және қауіпсіздік саласында айқын прогресті байқап отырмыз. АҚШ-тың жаңа Ядролық док­тринасы қабылданды. Біз президенттер Барак Обама мен Дмитрий Медведевті стратегиялық шабуыл қарулары бойынша серпінді келісімге қол қойғаны үшін шын ниетпен құттықтауға тиіспіз. Бұл тарихи қадам баршамыздан қолдау табуы және үлгі болуы керек. Барлық ядролық державалардың ядролық арсеналдарды қысқартуы жөніндегі бұл жұмыс жер бетіндегі бейбітшілік үшін оларды толық жойғанға дейін тоқталмауы тиіс. Осы Саммиттегі пікірталас барысы үлкен үміт туғызады. Жаһандық саммиттің шешімдерін іске асыруға қосқан біздің үлесіміз осы жылдың маусымында Астанада Ядролық лаңкестікпен күрес жөніндегі Жаһандық бастама Конференциясын өткізу ұсынысы болып табылады. Жаһандану жағдайында лаңкестік ұйымдар құрылуын және жұмыс істеуін жалғастыруда екен­дігін ескеру қажет. Олар жаһандық коммуникация желілерін пайдалануда, ал кейде идеологиялық жақындығы немесе кәдімгі сыбайластық негізінде белгілі бір мемлекеттік режімдердің қолдауына арқа сүйейді. Мұның өзі халықаралық лаңкесшілдікке тиісті инфрақұрылымдар құрып, қаржы және басқа ресурстарды шоғырландыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты аталған Конференцияда қарсы әрекет шаралары мен тетіктерін әзірлеу мәселесін оның БҰҰ басшылығындағы арнаулы орган құрып, кейіннен Бас Ассамблеяның қарауына шы­ғаруға дейін кең тәртіпаралық және ведомство­аралық қойылысында талқылауды ұсынамыз. Бүгінде Баршаға ортақ ядролық қарусыз әлем декларациясын болашақта қабылдау туралы мәселені талқылауды бастайтын уақыт жетті. Біздің Саммит шешімдерін өрістету мемлекеттер көшбасшыларының қолында тұр және біздің әрқайсымыз бөлшектенген атом әлемді бөлшектеп жүрмеуі үшін жауапкершіліктің өз үлесін мойнына алады. Вашингтон, 2010 жылғы 13 сәуір.