• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Саясат 23 Қазан, 2020

Үлескердің құқығы қорғаусыз қалмайды

168 рет
көрсетілді

Кеше Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Ол Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдардың тұрғын үй құрылысы және жылжымайтын мүлік объектілерін тұрғындардың жекеменшігіне беру кезінде азаматтардың тұрғын үй құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі қызметіне арналды.

 

Комиссия отырысының жұмысына еліміздің заң шы­ғарушы, атқарушы және сот билігі салаларының, халық­ара­лық және үкіметтік емес ұйым­­­дардың, адвокатураның, жұртшылықтың және БАҚ өкіл­дері қатысты.

– Бүгінгі қоғамдағы маңызды мәселенің бірі – тұрғын үй. Үй болмаса күй болмайты­нын естияр баладан еңкей­ген қартқа дейін біледі. Сон­дықтан кезінде Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың бастамасымен баспаналы болу мәсе­лесіне қатысты қолға алын­ған бірқатар бағдарлама бар. Аталған бағдарламалар жа­с­тардың, зейнеткерлердің, өзге де әлеуметтік топтардың игі­лігіне айналғанын отандас­тарымыз жақсы біледі. Сол сияқты, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында осы мәселеге айрықша көңіл бөліп, Үкіметке, жергілікті билік өкілдеріне, құ­зырлы органдарға бірқатар тап­сырма берді. Кей-кейде біз­дегі жағдайға өзіміз өте сыни көз­қараспен қараймыз. Алайда өзге елдермен салыстырған кезде біздің мемлекеттің тарапынан жасалып жатқан шаруаны айрықша мол деп айтуға болар еді. Біз Еуропа елдерінің азаматтарымен жиі хат-хабар алысып, байланыс орнатып тұрамыз. Сол кезде шетел азаматтары еліміздегі мемлекет есебінен (кей кездері тегін) жеке азаматтардың тұрмыс жағдайын жақсартуға, әсіресе баспаналы болуына мүмкіндік жасалып жатқанына таңғалады, – деді Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Қуаныш Сұлтанов.

Оның айтуынша, елімізде азаматтардың құқығын сақтап, олардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға қатысты мемлекет тарапынан көп қолдау көрсе­тілуде. Мәселен, биылғы пандемия кезінде отандастарымызға, әсіресе медицина саласының қызметкерлеріне мемлекеттік көмек ретінде бірқатар қолдау жасалды.

Отырыс барысында Ко­мис­сия мүшелері көп жыл бұ­рын заңнамада белгіленген тәр­­тіппен сатып алған пәтер­лерінің құнын толық төлеп қой­ған, бірақ құрылыс компания­лары басшыларының нем­құрай­дылығынан және жергілікті атқарушы органдар мен прокуратура тарапынан бақылаудың жоқтығынан осы сатып алған пәтерлерінде тек үлестік қатысу немесе цессия шарттарымен тұрып жатқан азаматтар мемлекет және қоғам тарапынан ерекше қорғауда болулары керек екендігін атап өтті. Аталған мәселеге қатысты Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтің баяндамасы да тыңдалды.

– 2018 жылы елордада күр­делі мәселеге айналған 52 нысан тіркелген болатын. Бүгінде мұндай нысандардың саны – 41. Яғни 2019-2020 жылдары 11 нысан қолданысқа енгізілді. Жыл соңына дейін тағы 9 нысанды қолданысқа енгізу жос­парлануда. Осылай­ша, бұған дейін атап өткен 52 нысанның 20-сы халық игілігіне беріледі деген сөз. Алайда әлі де 13 мың үлескер өздеріне тиесілі баспанаға қол жеткізе алмай отыр. Үлескерлік негізде бой көтеретін әрбір нысан бойынша Жол картасы қабылданды. Оларды қар­жыландыру көзі анықталды. «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС уәкілетті компания ретінде белгіленді. Ведомствоаралық комиссияның отырысы да үнемі өткізіліп келеді. Бұл отырыстарда нысандардың құрылысын аяқтауға қатысты барлық қажетті шешімдер қабылданады. Осы жылы мәселелі нысандардың құрылысын аяқтау үшін қор есебінен қосымша 40 млрд теңге бөлінді. «Территория комфорта», «Жағалау» сынды проблемалық тұрғын үй кешендері  айрықша бақылауда. Апта сайын үлес­кер­лермен кездесу жиындары өткізіледі, – деді Н.Нұркенов.

Оның айтуынша, мәселелі тұрғын үйлердің құрылысын аяқтау жұмыстары кестеге сәй­кес жүргізіліп жатыр. Әр жылда атқарылатын жұ­мыс­­­тар жоспарланып қойып­ты. ­Мә­селелі нысандардың ең соң­­ғысы 2023 жылы салы­нып бі­те­тін көрінеді. Яғни 2018 жы­лы ел­ор­дада мұндай нысан­дар­дың саны 52 болған болса, осы ол­қы­лықтың орны бас-аяғы 5 жыл­да толмақ. Осы­лай­ша, биыл барлығы 19 ны­сан пайдалануға беріледі. Соны­мен қатар кей нысандардың құрылысы үлескерлердің өз күшімен аяқталады екен.     

Комиссия отырысында тұр­ғын үйлердің құрылысы және жыл­жы­май­тын мүлік объекті­лерін тұрғындардың жекемен­шігіне беру кезінде азаматтар­дың тұрғын үй құқықтарын қамта­масыз етуде аталған тақырыптың маңыз­ды бағыттардың бірі ре­тін­дегі өзек­тілігі мен мәнділігіне ерекше назар аударылды.

– Әлемді әбігерге салған пан­­демия қаладағы үлескерлік құрылысқа ғана емес, жалпы құрылыс саласына кері әсерін тигізгені белгілі. Шектеу шара­лары құрылысшылардың, маман­дардың жүріп-тұруына кедер­гі келтірді. Тіпті кейбір құрылыс материалдарын тасымалдау, жет­кізу кезінде де мәселелер болды. Соған қарамастан, құрылыс қарқы­нын төмендеткен жоқпыз. Мәсе­лен, коммерциялық құрылыс туралы айтатын болсақ, біз алға қой­ған жоспарымыздан шығып, құрылыс кестесінен ауытқып кет­кен жоқпыз. Сондықтан биыл пайдалануға берілуі жоспар­лан­ған нысандардың барлығы уақтылы бой көтеретін болады, – деді Н.Нұркенов.

Өз кезегінде Комиссия мү­ше­лері прокуратура және қар­жылық бақылау органдарына жергілікті атқарушы органдар мен құрылыс жүргізу ұйым­дарының мемлекеттік тұр­ғын үй бағдарламаларын орын­­дауын үнемі тексеріп тұру­лары керек екендігі ұсынылды.

Сонымен қатар Комиссия отырысында Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азамат­тық және саяси құқықтар ту­­ралы халықаралық пактінің екін­ші Факультативтік хаттамасы­на Қазақстан Республикасының қол қоюының өзекті мәселелері талқыланды.

Өздеріңіз білетіндей, биыл 23 қыркүйекте Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб-пәтерінде Өлім жазасының күшін жоюға бағыт­талған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші Факультативтік хаттамасына Қазақстан Респуб­ликасы қол қойды. Бүгінде атал­ған халықаралық ұйымның құра­мындағы 193 мемлекеттің 88-і осы Өлім жазасының күшін жою­­­ға бағытталған екінші Фа­куль­­тативтік хаттаманың қаты­су­­шы­лары саналады, – деді Сырт­қы істер министрлігінің Ерек­­ше тапсырмалар жөніндегі ел­шісі, Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі ко­мис­сия­ның сарапшысы Үсен Сүлеймен.

Комиссия отырысында тұжы­рымдалған ұсынымдар Мем­­лекет басшысының, Парла­мент пен Үкіметтің назарына жеткізілетін болады.