Бүгінгі таңда әлемнің әр тарапында, атап айтқанда АҚШ-та, Канадада, Ұлыбританияда, Францияда, Германияда, Бельгияда, Норвегияда, Швецияда, Италияда, Ресейде, Түркияда, Қырғызстанда, Өзбекстанда, Қытайда, Моңғолияда немесе өзге де мемлекеттерде өмір сүріп жатқан отандастарымыз бен қандастарымыздың тағдыр-талайы туралы біреу білсе, біреу біле бермейді. Олардың арасында шебер кәсіпкерлер де, білім, ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлері де, айтулы университеттерде дәріс оқып жүрген ғалым-профессорлар мен зерттеушілер де, сауда-өнеркәсіп саласының кәсіби мамандары да, қоғам қайраткерлері де, медицина саласының білікті мамандары да, инженер-дизайнерлер де, бөгде елдерде қазақ қоғамдастықтарының негізін қалап, соларға жетешілік етіп жүрген ұлтжанды азаматтар да, бірегей киім брендіне иелік етіп жүрген талант иелері де, рестораторлар да, фермерлер де, сәулет өнері мен қылқалам шеберлері де баршылық.
Бұл тұрғыдан келгенде, 2019 жылы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысымен ел астанасында «Кәусар» баспасы жарыққа шығарған «Қазақ Әлемі» атты сұхбат-кітаптың мәні ерекше. Өйткені екі томнан тұратын аталған туындыда жас кездерінде өнер-білім іздеп, әлемнің оза дамыған мемлекеттерінде өздерінің бағын сынап, білігі мен білімдерін жетілдіріп қана қоймай, сол мемлекеттерде тұрақтап, өмірден өз орындарын ойып алған немесе тарихи объективті себептермен шет мемлекеттерде туып-өсіп, сонда елеулі табыстарға қол жеткізіп, әлгі елдердің төл азаматтарымен терезесі тең әрі бәсекеге лайықты қандастарымыз жайлы едәуір мәліметтер топтастырылған.
Міне, сол сұхбат-кітапты бір демде оқып шығып, сондағы бірегей дарынды топтың ішінен Гүлнар Кендірбайдың өзі жайлы мәлімдеген мына бір ақпараты ерекше әсер қалдырғанын жасырмаймын: «Мен жұмыссыз қарап отыра алмайтын, өте тынымсыз адаммын. Түрлі эксперименттерді, тәуекелдерді өзім іздеп тауып жүремін, оңай сұрақтардың күрделі жауаптарын іздеймін. Қоршаған орта мен өз өмірімде болып жатқан түрлі құбылыстарды түсіндірудің жаңаша әдіс-тәсілдерін қарастырамын. Үздіксіз өзімді-өзім тану үстіндемін. Кез келген дүниеге көз жұма сене салмаймын, ой елегінен өткізіп, зерттеп-зерделеймін. Бұл өмірімде ғана емес, жұмысымда да маған көп көмектеседі. Менің бүкіл өмірім білім алумен байланысты. «Азаттық» радиосының мұрағатында да жұмыс істеп үлгердім. Сол жерде жүргенде жай адамға таптырмас ақпараттармен таныстым. Тіпті, Екінші дүниежүзілік соғыстан соң Отанына қайтудан қорқып, сол жақта қалып қойған кеңестік әскери тұтқындармен де сөйлестім...».
Сонымен, аталған туындыны таразылай келе, тілге тиек болып отырған осы мақаланы бүгінгі таңда Америка Құрама Штаттарының Нью-Йорк қаласында тұратын, кезінде отандық тарихшы ғалымдардың арасынан суырылып шығып, олардан оқ бойы озық кеткен іргелі ғалым әрі жаһандық геосаясат саласының майталман маманы әрі Нью-Йорк қаласындағы мәртебесі күллі әлемге әйгілі Колумбия ғылыми-зерттеу университетінің профессоры Гүлнар Кендірбай есімді қазақтың біртуар қызына арнағанды жөн көрдік. Өйткені бұл шешімге түрткі болған себептің енді бірі «Жас қазақ» газеті мен «Азаттық» радиосының қызметкері Қуанышбек Қари есімді журналиске профессор Гүлнар Кендірбайдың 2020 жылғы 8 шілдеде берген тұшымды сұхбаты болатын.
Дей тұрғанмен, Гүлнар Кендірбайдың өмір жолы мен ғалымдық болмыс-бітімін ең алдымен оның биік нысаналы зерттеулерінің өзегіне өрілген еліміздің XVI ғасырдан бергі тарихи ақтаңдақтарының ашылмай қалған сырын ақтаруға бағытталған іргелі ғылыми монографиясы екені еш күмән тудырмайды. Ендеше, ендігі әңгіменің ауанын да осы бағытқа бұра отырып өрбітелік.
Біріншіден, жоғарыда аталған мәліметтерден белгілі болып отырғандай, Гүлнар Кендірбайдың дүние есігін ашқан құтты мекені – Алматы қаласы. Сонда орта мектепті бітіріп, алдымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне (ҚазҰУ) түсіп, одан соң Ресейдің М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне ауысып, үздіктердің бірі болып, сапалы білім алған.
Екіншіден, Гүлнар Кендірбай елге оралған соң, ұстаздық жолын әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінде бастап, ғылымға жете ден қойып, аспирантураны Венгрияда тәмамдап, алғашқы ғылыми диссертациясын да сол елде қорғаған. Елге келген соң, еңбек жолын ҚазҰУ-де қайта жалғастырған. Алайда ізденімпаз ғалым мұнымен ғана шектеліп қалмай, білімі мен білігін жетілдіре түсу үшін Германияға аттанған. Сөйтіп, Тюбинген университетінде екінші диссертациясын қорғағаннан кейін, сол елде сегіз жыл тұрақтап, неміс тілін терең игерумен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарын да үзбей жалғастыра отырып, өз диссертациясының негізінде жазылған алғашқы ғылыми туындысын да сонда жарыққа шығарған.
Үшіншіден, ғылымның соңына түскен талантты ғалым ендігі жерде америкалық Fulbright cтипендиясын жеңіп алып, Нью-Йорктегі Колумбия ғылыми-зерттеу университетінде білімін жалғастырып, ағылшын тілін жете меңгере жүріп терең тарихи зерттеулерге бет бұрады. Сосын аталған стипендия шеңберінде ұстаздықты да қатар жүргізіп, соның арқасында стипендия мерзімі аяқталған кезде университет басшылығынан түскен ұсынысқа сәйкес, Колумбия университетінде дәрісін жалғастыруға да, сондағы кітапханада жинақталған бай кітап қорларын тиімді пайдалана отырып, өз отанының шынайы тарихының көмескі дәуірлерінің сырын ашуға бағытталған ғылыми жұмыстарымен түбегейлі айналысуға да үлкен мүмкіндікке ие болады.
Дәл осы тұста оқырмандарға Колумбия университеті жөнінде де аз-кем ақпарат бере кетсек артық болмас. Өйткені бұл ғылыми-зерттеу университеті өзінің мәртебесі жағынан АҚШ-тың ең биік мәртебелі Гарвард университетінен кейінгі екінші орынды иеленеді. Сосын бұл университеттің ең әйгілі түлектерінің ішінде «Американың негізін қалаған аталары» атанған бірнеше алып тұлғалармен қатар АҚШ президенттері Теадор Рузвельт, Франклин Д.Рузвельт және Барак Обама, сол сияқты өзге де 29 мемлекеттің көшбасшылары және кино өнерінің айтулы тұлғаларына тағайындалатын «Оскар» сыйлығының 29 лауреатының, сондай-ақ АҚШ-тың жоғарғы сотының 9 мүшесінің есімдері аталады. Тіпті, бұл университет түлектерінің ішінде онда дәріс оқыған немесе ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген, халықаралық Нобель сыйлығының 94 лауреаты, журналистика, әдебиет, поэзия және театр өнерінің шыңына шыққан қайраткер тұлғаларға тағайындалатын Пулицер сыйлығының жүзден аса лауреаты, сол сияқты 20 миллиардер бар.
Демек, атағынан ат үркетін бұл мәртебелі университетте ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысатын немесе ұстаздық ететін ғалымдардың арасында бірде-бір осал тұлға жоқ. Ендеше, сол ғұлама ғалымдар шоғырының ортасында өз ғылым пирамидасының шынар шыңына шыққан Гүлнар Кендірбай сынды білікті тарихшы ғалымның жүруі күллі қазақ елінің зор мақтанышы деуге толық негіз бар. Бұл пікіріміз жай ғана құрғақ сөз емес. Өйткені, тілге тиек болып отырған қазақ қызының ғұлама ғалым екендігін оның осы 2020 жылы Ұлыбританияның әйгілі «Routledge» баспасынан ағылшын тілінде жарық көрген «Russian Practices of Governance in Eurasia: Frontier Power Dynamics, Sixteenth Century to Nineteenth Century» («Он алтыншы ғасырдан он тоғызыншы ғасырға дейінгі Еуразияда үстемдік жүргізудің ресейлік тәжірибесі: шекара билігінің динамикасы») атты профессор Гүлнар Кендірбайдың төмендегі ғылыми-сараптамалық монографиясынан тайға таңба басқандай менмұндалап тұр.
Мәселен, Гүлнар Кендірбайдың мына пайымдарын жоғарыда айтылған пікіріміздің нақты дәлелі десек, шындықтан еш алыс кетпейміз:
– «...Тарих қашанда идеологиялық ықпалға түседі. Кеңес Одағында көптеген оқиға сол кезеңнің идеологиясына сай түсіндірілді. Бір белгілі тарихшы айтып еді: «Кеңес Одағында алдын ала болжап білуге болмайтын дүние болса, ол – оның тарихы».
– «...Колумбия университетінің кітапханасында жиналған жаңа дереккөздерді пайдалану мүмкіндігінен айырылғым келмеді. Ол жерде түрлі тілдердегі, тіпті, қазақ тіліндегі кітаптар, журналдардың қоры өте мол, оларды Қазақстаннан таба алмайсыз. Егер осы жерде алған ақпарат деректерім болмаса, екінші кітабымды жазып шыға алмас едім. Кеңес Одағы тараған соң тарих қайта жазыла бастады. Сол үшін де Батысқа аттандым. Сондағы ғалымдардың Қазақстан, Орталық Азия, Кеңес Одағы туралы жазған әділ сараптамаларымен таныстым. Кезінде олардың үстінен бақылайтын идеологиялық қатаң қадағалау болған жоқ, сондықтан да ол ғалымдардың жазғандары әлдеқайда объективті болатын. Өз елімнің тарихын түсініп, кәсіби тұрғыдан өсу үшін, осы еңбектердің барлығын қарап, зерделеп шығуым қажет болды. Біздің өңір туралы мүлде жаңаша көзқарасты кездестірдім. Соның арқасында, маған дейін ешбір қазақстандық тарихшы көрсетпеген деректерге толы екінші кітабымды жазып шықтым»...
– «...Колумбия университетіне «Болашақ» бағдарламасы бойынша қазақтар үнемі келіп тұрады. Соңғы жылдары мен өз тобымнан өлкеміздің тарихын зерттеуді қалайтын Қазақстаннан келген студенттердің көбейгенін байқадым. Олардың ішінде ҚазҰУ-дің аспиранттары да бар, оларға да мен жетекшілік етемін. Олар менің курстарыма да қатысты. Өзара қазақша сөйлесеміз. Ұлттық мұрағат қызметкерлерімен де белсенді серіктеспіз»...
– «Жалпы, америкалықтар үшін Қазақстан бұрынғыдай экзотикалық аймақ емес деп айта аламын. Жергілікті жастар біздің елімізге қызығушылық танытады, олар мәдениет, тарих туралы көбірек білгісі келеді. Студенттер өзбек және қазақ тілдерін үйрену курстарын өздері ұйымдастырды... Қазақтардың мәдени жетістіктерінің бірі – қонақжайлық. Ас үйде достарыммен және туыстарыммен бірге әңгімелесіп отыратын кездерімді аңсаймын. Тауларымды сағындым, өйткені мен Алматыда дүниеге келдім ғой. Таулар менің қоршаған ортам мен дүниетанымымның ажырамас бір бөлігі болатын. Әр адам өзінің ұлттық ерекшелігін тек өз халқы үшін ғана емес, сонымен бірге әлемдік мәдениетті жұтаңдатпау үшін сақтауға тырысуы керек. Тіпті, кішігірім этникалық мәдениетті жоғалтудың өкініші көп болады. Өйткені олардың әрқайсысы бірегей және өзара бірін-бірі байытады»...
– «Routledge» баспасынан жарық көрген монографиям оқырмандарға ұнайды деп үміттенемін. Ол кітап Қазақстанның Ресей империясы құрамына қалай кіргенін баяндайды... Кітапта Қазақстанның Ресей империясына өз еркімен қосылу тұжырымдамасын қайта қарастырдым. Дәл осы тұжырымдаманы кезінде кеңес тарихшылары айтқан, өйткені ол тұжырымдама сол кездегі идеологиямен үндес болатын. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін бұл мәселеге тарихшылардың көзқарастары түбегейлі өзгерді. Сондықтан мен өз кітабымда бұл тарихи кезеңді Ресей тарапынан қазақ жерін жаулап алу да емес және қазақтар тарапынан Ресей империясына ерікті қосылу да емес екендігін дәлелдеуге тырыстым».
Айтса, айтқандай-ақ профессор Гүлнар Кендірбайдың Routledge баспасынан Лондон және Нью-Йоркте 2020 жылы ағылшын тілінде жарық көрген көлемді ғылыми монографиясының аты да, заты да өте ерекше. Өйткені монографияның авторы – Гүлнара Кендірбай аталған туындысында қазақ тарихының XVI-XIX ғасырлар арасындағы ақтаңдақ дәуірлердің нақты сырын айқара ашып көрсетеді. Монографиядағы «Ресейдің протектораттық институты: билік пен басқару үлгілері; Ресейдің ұлыс саясаты»; «Протектораттық Қалмақ-Ресей қарым-қатынастары»; «Қазақтарды Ресейдің қамқорлыққа алуы»; «Ресей және Цин империяларының аражігінде»; «Империя шебінде» атты бес тараудың өзегіне өрілген 11 тараушаларында еліміздің жоғарыда аталған дәуірлердегі мемлекеттігі мен төл тарихының бүгінгі таңға дейін күңгірт те бұлыңғыр болып келген тұстарының түйткілді түйіндерін бұлтартпайтын шынайы ғылыми дерек көздерінің көмегімен өте дәлелді тарқатады. Атап айтқанда автор Ресей империясының алып Еуразия кеңістігін мекендеген көшпелі халықтардың, олардың ішінде, әсіресе, Бөкей Ордасы Ресейге қосылғаннан бастап, Ресей императорларының Қазақ және Жоңғар көшбасшыларымен жүргізген патронаждық және протектораттық саясатының шынайы астары мен империялық мақсат-мүдделерін дәйекті де дәлелді әрі ғылыми іргетасқа негіздей отырып, түбегейлі сараптап берген.
Монографияның құндылығын арттыратын өзге факторлар да жетіп артылады. Мәслен, бұл туындыны жазу үшін, профессор Гүлнар Кендірбай 1033 ғылыми дерек көзін терең зерттеп-зерделеген. Олардың басым көпшілігі шет тілдерінде жарық көрген, сондықтан кез келген қазақ тілді тарихшының тісі бата бермейді. Бірақ олардың бәрі – қазақ тарихы үшін ауадай қажет объктивті шындыққа негізделген туындылар. Мәселен, америкалық ғалым Михаил Ходорковсийдің «Ресейдің дала фронты: отарлық империяның қалыптасуы, 1500-1800» (Michael Khodorkovsky. «Russia’s steppe frontier: the making of a colonial empire», 1500-1800») атты туындысында XVII, XVIII, XIX ғасырларда айналымға түскенімен, өте сирек кездесетін географиялық карталар тіркелген. Сол сияқты немістің энциклопедист-ғалымы, натуралист әрі саяхатшы әрі Ресейдің Сібір және оңтүстік аймақтарына жасаған ғылыми экспедицияларымен әйгілі болған Петр Симон Палластың (P.S.Pallas) 1775-1801 жылдары Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Император ғылым академиясынан «Моңғолия халықтары туралы тарихи жаңалықтар жинағы» («Sammlungen historischer Nachrichten über die Mongolischen Völkerschaften») атты айдармен неміс тілінде жарық көрген екі томдық туындысына енген, сондай-ақ тек қалмақтар ғана емес қазақ, жоңғар хандықтарының да, Ресей империясының да, Орта Азияның да, Цин империясының да және күллі Еуразияның тарихына да тікелей қатысы бар өте құнды деректер топтастырылған.
Бұл монографияның ең қастерлі құндылығы мынада: профессор Гүлнар Кендірбай қазақ халқының, солтүстігіміздегі көрші мемлекеттің ең жоғары лауазымды саясаткерлерінің білместікпен немесе қасақана мұқату үшін «қазақ халқының ешқашан мемлекеттігі болмаған немесе оларға жерді біз бергенбіз», деп өтірікті шындай, шындықты құдай ұрғандай етіп, жалған қауесет таратушыларының аузына құм құятын тарихи шындықты көлденең тарта келіп, өз халқымыздың мемлекеттік саяси билік жүйесінің де, өз жерінің де болғандығын толық дәлелдей отырып, Әбілқайыр, Нұралы, Бөкей, Тәуке, Есім, Жәнібек, Айшуақ, Абылай және Уәли сынды қазақ хандары мен сұлтандары тек сыртқы саясатта ғана Ресей империясының ұстанымына жүгінсе, елдің ішкі саясатын жүргізуде олардың Ресей империясына да, Цин империясына да мүлде тәуелді болмағанын, яғни дербес мемлекетке тән дербес ішкі саясаты мен дипломатиясының болғандығын шынайы ғылыми іргетасқа негіздей отырып, дәлелді де дәйекті сипаттайды.
Гүлнар Кендірбайдың көп жылғы әрі терең де нәтижелі ғылыми ізденістерінің негізінде, әрі халықаралық стандарттарға сәйкес жарық көрген аталған ғылыми туындысы тек тарихи тұрғыдан ғана емес, геосаясат, география, этнография, мәдениет, дипломатия және лингвистика тұрғысынан да өте құнды деректерге толы. Мәселен, сұңғыла ғалым Гүлнар Кендірбай XVI ғасырдың екінші жартысынан бастап, XIX ғасырдың екінші жартысына дейін Ресей империясы мен Цин империясының күллі Еуразия кеңістігінде жүргізген геосаясатымен қатар, өздерінің саяси-экономикалық ықпалын да қоса алға тарта отырып, өз билігіне бағындыру немесе үстемдік ету мақсатында моңғол, жоңғар және қазақ хандықтарымен жүргізген сан түрлі геосаясаси және дипломатиялық айла-тәсілдерге жүгінгенін де өте дәйекті әрі дәлелді айқындайды.
Лингвистикалық деректер демекші, ғұлама тарихшы Гүлнар Кендірбай бұл күнде тіліміздің сөздік қорында тұрғанымен, архаизмге айнала бастаған ұлыс, аманат, төлеңгіт немесе нөкер, жасақ секілді сөздердің жер//аймақ, кепілдік, оққағар, салық деген ұғымдардың атаулары екенін де дәл түйіндейді.
Монография авторының кең арналы дерек көздерінен келтірген тарихи суреттердің этнографиялық мәні де ерекше. Бояуы қанық ол суреттерден жоғарыда аталған дәуірлердегі қазақ хандары мен сұлтандарының және өзге де биік лауазым иелерінің ресми немесе дәстүрлі киім кию үлгілері де айқын көрініп тұр. Олардың арасында Ресей императоры Александр Екіншінің 1856 жылы 26 тамызда (7 қыркүйек) Мәскеуде таққа отыру салтанатына арналған рәсімге қатысқан сұлтан әрі генерал-майор Баймұхамедов пен Император сарайына шақырылған өзге қазақ сұлтандары мен биік лауазым иелерінен құралған делегация мүшелерінің суреттері де көзге оттай басылады.
Сөз соңын түйіндей келе, айтарымыз мынау: ғұлама тарихшы, ұлтжанды әрі патриот ғалым Гүлнар Кендірбайдың тілге тиек болып отырған өмір жолы мен ғылыми әлеуетін айғақтайтын монографиясы еліміздегі біртуар ғалымдарға тағайындалатын ең биік те мәртебелі марапатқа әбден лайық. Егер мемлекетіміздің Ұлттық Аударма бюросы тез арада қолға алып, еліміздің үш ғасырлық тарихи ақтаңдақтарының орнын түбегейлі толтырып тұрған, аса құнды ғылыми туындыны қазақ және орыс тілдеріне барынша тез аударып, Ұлттық университеттеріміз бен жоғары оқу орындарының тарих факультеттеріне Білім және ғылым министрлігі қолдау көрсетіп, ең таңдаулы оқулық ретінде енгізсе, құба-құп болар еді. Ендеше, қазақтың ғалым қызына рахмет айта отырып, ақ жол тілейік, зиялы қауым!
Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі,
филология ғылымдарының докторы, профессор