Биыл Алматы облысында қылмыс жасау дерегі азайған екен. Мәселен, өткен 9 айда 11 073 заң бұзу оқиғасы тіркелген. Яғни бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 36,5 пайызға аз. Әрі аймақ жолдарында болатын апат та кеміп, былтырғыға қарағанда 12 пайызға төмендеген. Жыл басынан бері 1496 жол-көлік оқиғасы болған.
Әрине, облыстағы құқық ахуалының оңалуы тәртіп сақшыларының жанқиярлық жұмысының нәтижесінде мүмкін болғанын айтуымыз керек. Ал атқарушы билік полицияның алаңсыз қызмет етуі үшін барлық қолдау шарасын жасап жатыр. Атап айтқанда, биыл облыста ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 2,9 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл қаражат қала мен елді мекен көшелерін бейнебақылау камерасына қосу мен тәртіп сақшыларына қажетті көлік пен құрал-жабдық сатып алуға жұмсалуда. Ал аймақ елімізде алғашқылардың бірі болып учаскелік полицейлердің баспана мәселесін толықтай шешуге қадам жасап отыр. Осыған дейін Жетісуда тұрғын үймен біріктірілген 178 учаскелік полиция пункті салынса, алдағы мерзімде тағы 43 арнайы нысанның құрылысы жалғасады.
Учаскелік полицияның жұмысына ерекше маңыз беріліп отырғанының дәлелін Талдықорған қаласынан көруге болады. Қазір мұндағы 11 учаскелік полиция пунктінің алтауында толық жағдай жасалған. Яғни тәртіп сақшысының кеңсесі тұрғын үймен жапсарласа салынып, пайдалануға берілген.
– Тұрғын үймен жапсарласа салынған учаскелік полиция пунктін салу бастамасының тиімділігі бар. Қазір барлық полиция пунктіне «Нива» көлігі берілді. Бұл инспектордың жедел қимылдап, қылмыстың алдын алуына сеп болып отыр. Яғни мемлекет тарапынан көлік пен тұрғын үй мәселесі шешілген учаскелік полиция инспекторы еш алаңдамастан құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бар күшін арнайды. Нәтижесінде, қалада құқық бұзушылар саны азайды, – дейді Талдықорған қаласының бас полицейі Асқар Нұрсапа.
Сондай-ақ қазір аудандар мен қалалардағы қоғамдық орындарда 1 268 бейнебақылау камерасы іске қосылған. Оның ішінде Талдықорған қаласы аумағына 871 бақылау құрылғысы қойылған екен. Бұл жұмыс биыл да жалғасуда, жыл соңына дейін облыс орталығындағы цифрлы басқару жүйесі тағы 250 камерамен толықпақшы. Мұнан бөлек, Қарасай ауданында 150 бейнебақылау камерасы, Текелі қаласы мен Панфилов ауданының аумағында да 50 бақылау кұрылғысы орнатылуда.
Жалпы, облыста тіркелген жол-көлік оқиғасының дені Алматы-Өскемен автожолының бойында болады екен. Мұнда көлік апаты ғана емес, қылмыс жағдайы да тіркеліп тұрады. Әсіресе күре жолдың бойында адам қағып, оқиға орнынан қашып кеткендер бой көрсеткен. Ал полиция мұндай қылмыстың ізін суытпай ашуға тырысып жатыр. Мысалы, жақында Кербұлақ ауданының 41 жастағы тұрғынын белгісіз көлік қағып кеткен болатын. Ауыр соққыдан есін жимаған зардап шегуші қаза тапқан. Түн ауа болған апаттан кейін қылмыскер қашып кеткен екен.
– Жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде апат орнынан қашып кеткен Алматы қаласының 46 жастағы тұрғыны құрықталды. Оның жеке үйінің ауласынан жаяу жүргіншіні қағып кеткеніне дәлел болатын соққының іздері бар автокөлік табылды. Дәлелдемелерден кейін күдікті адам қаққанын мойындады. Ол өзінің оқиға орнынан қашып кетуін қорқыныш салдарынан деп түсіндірді. Тіпті қылмыс жасаушы өзін ешкім таба алмайды деп ойлаған болуы керек. Себебі түн жарымында оқиғаны ешкім көрмеген. Ал полиция істі мұқият зерделеп, санаулы сағатта қылмысты ашты. Бұл жерде Талдықорған қаласы мен Алматы қаласының аралығындағы бақылау камераларының көмегі тиді, дейді Көксу ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Рамиль Гимадиев.
Осыған ұқсас қылмысты Талдықорған қаласының полицейлері де дер кезінде анықтап, кінәліні құрықтаған болатын. Бұл жолы тәртіп сақшыларын 41 жастағы азаматты қағып, оқиға орнынан ізін суытқан адамды көліктің деталі арқылы тапқан. Қатты соққыдан сынып, шашылып кеткен бампердің бөлігінде зауыттан шыққан нөмір жазылған екен. Тексере келгенде көлік иесі қылмысын мойындапты.
Айтпақшы, Жетісу полицейлерінің нәтижелі жұмысын мал ұрлығымен күресу барысынан да байқауға болады. Мәселен, жақында Жамбыл ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері кәнігі барымташылар тобының жолын кесіп, 17 бас жылқыны иесіне қайтарған. Ұрылар көрші облыстан келген екен.
– Кең ауқымды жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Тараз қаласындағы мал базарынан 11 бас жылқы табылып, тәркіленді. Іздеуді жалғастырғаннан кейін, екі бас жылқы Түркістан облысы, Сайрам ауданының Арыс ауылынан табылды. Алыпсатарлар анықталғасын тағы екі құлынды бие Тараз қаласындағы жеке үйдің ауласынан шықты. Осы қылмысты ашып, ұрылардың ізіне түсуге екі күн ғана уақыт кетті. Ал үйірлі жылқыны Қарақастек ауылында тұратын ұрылардың сыбайласы жол көрсетіп, шығарып берген екен, – дейді Жамбыл ауданының полиция бастығы, полиция полковнигі Асхат Тегенбаев.
Алматы облысы