Әдебиетте ереже жоқ. Жақсы өлең, яки жақсы шығарма қалай жазылатынын үйрететін формула да жоқ. Кім, қалай жазам десе де өз еркі (бастысы, тәуір жазсын). Тек жазудың «ардың ісі» екенін әманда ұмытпаса болғаны. Һәм физика ғылымындағы Ом заңына немесе математикадағы тригонометрияға салуға келмейтін әдебиеттің бір ғана сипаты бар: шексіздік.
Ақ қағаздың бетіне ой қазаныңыздан не түсірсеңіз де патша көңіліңіз бен ғазиз жүрегіңіздің қалауы. Тек уақытын бөліп оқыған оқырманның түйсігіне адамдық қасиеттің қылдай бір сәулесін түсіре алсаңыз, яки өмірдің өзін көрсете алсаңыз, болғандай-ақ. Таразы – талғамыңыз ғана.
Рухани аштыққа аяқ басқан қоғам, күн мен түнді ұршықша иірген уақыт қаламгердің «тәтті тамұғын» әрқашан бағалай бермейтініне бүгінде көзіміз жетті. Психологиясы терең һәм динамикасы жақсы қандай шығарма болса да сол дәуірдің халқы, әдеби ортасы мен уақыты назарға алып, сүзгіден өткізбеген соң шығарма да, оның иесі де кейінгі ұрпаққа беймәлім күйде қала бермек. Иығына жазушылықтың құсы қонғанын біле тұра әдеби сахнадан өзін таппай аласұрған қаламгердің обалы кімге екенін ойланып көрмеппіз. Мың бір түндік азабын тәрк етіп, қалам-қағаздан қолын алшақ ұстауға тырысып, құм даланы кезіп кеткен жазушылардың араға уақыт салып әдебиеттегі өз сүрлеуімен аяңдап жүріп бара жатқанын көргенде оған және оның шығармашылығына ішіміз жылып қалатындай.
Адам баласының жарық дүниеде ешкімге ұқсамайтын өмір сүріп, игі һәм ұлы істерге барып, қай арнадан бастау алғаны белгісіз тарих көшінде өз ізін қалдырғысы келетіні қалыпты жағдай. Тек жер бетіндегі әр адамның бұл тілегі орындалмайтыны тағы аян. Осы ақиқатты әдебиетке салар болсақ, қалам ұстаған әр жазушы тарихта қалуды мақсат тұтпаса да соған мүмкіндігі жетіп-ақ тұр. Қаламгер есімі мен қолтаңбасын келер ұрпаққа жеткізетін және жазушының әдебиетте жүруін құқылы етер бірден-бір құжаты – біз сезініп көрмеген азаптан туған шығармасы. Қазақ әдебиетінің классиктері мен ағылшындағы Шекспир, француздағы Бальзак, үндідегі Тагор, орыстағы Толстой есімдерінің бүгінгі күнге жаңғыра жетуі сөзімізді растайтындай.
Әлемдік әдебиеттегі үздік классиктердің шығармашылық лабораториясына үңілсек, әр қаламгердің әдеби дебюті қоғамнан бірден жақсы пікір ала алмапты. Мәселен, парасат әлеміне ақын атанып енген Гогольдің алғашқы өлеңдері сынға ұшырап, оларды көз көрместей қылып отқа жаққан қаламгердің «Ревизорды» жазарына сол уақытта ешкім нанбаған еді. Ал Чехов ақсақалдың ерекше ықыласын алған («Толстойдан ғана қорқамын. Ойлап қараңызшы, Аннаның қараңғыда көзінің жарқылын сезіп, көргенін жазған сол емес пе?!») Лев Толстойдың алғаш жазған «Балалық шақ» («Детство») повесінен оның шебер суреткерлігі және нақ осы қарқыннан «Соғыс және бейбітшілік» («Война и мир») романының туары бірден байқалғандай. Француз әдебиетіне әлемдік шығармалар сыйлаған Оноре де Бальзактың әдеби дебюті саналатын «Шуандар» («Шуаны») тарихи романы (1829 жыл) айтарлықтай сынға ілікпеді. Сәтті қадамның нәтижесі авторды әдеби үдеріске жаңаша қалыппен келген «Адамзат комедиясы» («Человеческая комедия») эпопеясына алып келді. Әйгілі «Шал мен теңіз» повесінің авторы Эрнест Хемингуэй болса, алғаш рет ертегі жазып жазушылық қабілетін шыңдаған екен. Ал түрік әдебиетінің перзенті Орхан Памук шығармашылықтағы қадамын «Джевдет-бей мен оның балалары» («Джевдет-бей и сыновья», 1979) романымен аттап, соңғы шыққан «Жирен шашты әйел» («Рыжеволосая женщина», 2016) кітабына дейін біршама повесть-романдарға жан бітірді.
Сүбелі сөз бен жүйрік ой жарысында автор мен оның жазғандарына қатысты кейде әділ, кейде асқақ билік айтып, төрелік етер күш – қоғам мен уақыт дейміз. Сіз ұлықтап жүрген қаламгер қауымына «жазушысың» деген еншіні тапсыратын да, яки теңіз түбіндегі он шығармасының біреуін ғана су бетіне шығаратын да осы «екеу». Және ол «екеудің» шешімі әділ болатынына да сенім жоқ. Мәселен, қазақ әдебиеті қоржынына мол мұра қалдырған Мұхтар Әуезовті, әлем халқы демей-ақ қояйық, өз оқырмандарымыз «Абай жолы» роман-эпопеясымен ғана таниды. Жиырма бір жасында «Еңлік-Кебек» пьесасымен дүйім жұртты дүрліктірген жазушы қаламынан «Қорғансыздың күнінен» бастап қаншама көркем туындылардың жарық көргені мәлім. Бірақ кей көзқарастарға сүйенсек, Әуезов «Абай жолынан» басқа ештеңе жазбаған екен.
Халыққа Аян образымен жақсы таныс Сайын Мұратбеков оқушыларының Сайын дегенде жаңылыспай айтар шығармасы – «Жусан иісі» ғана. Ал Бердібек Соқпақбаев есімін халық жадында жаттатқызған «Менің атым Қожа» шығармасы екеніне ешкім дау тудыра алмас, сірә. Көп оқырман біле бермейтін автор Баққожа Мұқай әдеби ортаға көрерге көз, танымасқа сөз қылып «Өмірзаясымен» ен қалдырып кеткендей. Автордың жылдар бойғы төккен тері мен көрген бейнетінің өтемін бір шығармасымен өлшеп жүрген оқырманның, қала берді қоғамның санасы саңылау ма деген ой келеді.
Белинский Гогольге жазған хатында былай депті: «Сіз Ресейді ойшыл адам ретінде емес, тек суреткер тұрғысынан ғана терең білесіз («Вы глубоко знаете Россию только как художник, а не как мыслящий человек»)». Бәлки, бүгінгі әдебиетте үлкен өзгерістің болмай жүргені де осы ойшылдық қасиеттің жоқтығынан болар. Қазір жазушыға «неге былай жаздың?» немесе оқырманға «неге оқымадың?» деп дүрсе қоя алмаймыз: әдебиетте сот жоқ. Әдеби сахнаның табалдырығын аттап, сөз бен ойға серт берген қаламгер өз арының алдында ғана жауапты. Шексіздік формуласының жазылмаған заңы осы ғана.