«Бала дауысы» ұлттық ән байқауының бесінші кезеңі де мәреге жетті. Жуырда талапты жас дарындар финалда ән шырқап, оны You Tube және КТК арналары арқылы мыңдаған көрермен тамашалады.
Балаларға арналған ұлттық ән байқауын жылда Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қоры Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұрсұлтан Назарбаев қорының қолдауымен өткізіп жүр. Биыл пандемия жағдайына байланысты әншілер онлайн түрде іріктелген. Яғни, олар өздерінің шығармаларын ұйымдастыру алқасына бейнежазба түрінде жолдапты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, еліміздің түкпір-түкпірінен байқауға 8 және 12 аралығындағы 4135 бала қатысқан.
Ал соншама жас дарынның ішінен 20-сы таңдап алынып, олар финалда Республика сарайының сахнасында ән салды. Бұл жолы тәлімгерлер санатында Данияр Өтеген, Ерден Жақсымбеков, Әли Оқапов, Бейбіт Құшқалиев, Әділжан Омаров сынды өнерпаздар балауса таланттардың жанынан табылды.
Еліміздің әр облысынан таңдап алынған жиырма бала финалдық концертке дайындалу үшін Алматыға бір жарым ай бұрын ұшып жеткен. Олар өздерінің тәлімгерлерімен, қоюшы-режиссерлер тобымен, концерттік костюмдердің дизайнерлерімен, продюсерлермен танысып, сахнаға шығудың қыр-сырына қанық болады.
Финалдық концертте қатысушылардың әрқайсысы өздеріне арнайы жазылған авторлық әндерді айтты. Сондай-ақ әрбір әнге лайықты қойылым жасалды. Сұлу хореография мен стильді киімдер әрбір үміткердің өзін қалыптасқан әртіс ретінде сезінуіне мүмкіндік берді. Олардың шығармашылығына Маржан Арапбаева, Ренат Гайсин, Диана Снегина, Ақерке Бүркітбай, Роман Ким, Зарина Алтынбаева және Аян Бірбаев сынды отандық танымал өнер иелері қазылық етті. Ал «Ел таңдауы» арнайы жүлдесін көрермендер notka.kz сайты арқылы дауыс беріп, өздері тағайындады. Біздіңше, осы жолғы «Бала дауысының» жаңалығы – Ақтөбе облысынан келген Айдар Аққұлов болған сияқты. Ол «Ел таңдауында» жеңімпаз атанып қоймай, байқаудың бірінші жүлдесін де ұтып алды. Оның финалда орындаған «Ғажайып әлем» әні бүкіл көрерменнің көңілінен шыққаны даусыз.
Байқаудың бас жүлдесі Маңғыстау облысынан келген Армен Саакянға бұйырды. Ол көрермендер мен қазылар алқасын «Самға» әнімен тәнті етті. Осы жерде айта кету керек, байқаудың бас жүлдесін алған жеңімпаз Диснейлендке жолдамамен қоса, Қазақ ұлттық өнер университетінің грантын да ұтып алды.
«Бала дауысының» екінші орнын Жамбыл облысынан келген Бекмұхамед Ғазизжанұлы мен Павлодар облысының қатысушысы Лейла Цечоева тең бөліссе, үшінші орынға төрт талапкер лайық деп танылды. Олар – алматылық Руслан Амирасланов пен Әбілқайыр Жұмабай, атыраулық Олеся Кузьмина мен Маңғыстау облысынан келген Айару Қимағамбет.
Осы жылы еліміздің әрбір облысының және ірі мегаполистердің атынан шыққан қатысушыларға үміт сыйлап, түрлі сезім-күйлерге бөлеген «Бала дауысының» бесінші кезеңі осылай қорытындыланды. Бірақ «Бала дауысы» байқауы мұнымен бітпейді. Келер жылы тағы да жалғасын табары сөзсіз.