Испания тас жолдарында өтіп жатқан «Вуэльта» велокөпкүндігінің екінші жарыс күні мәресіне жетті.
151 шақырымға созылған екінші кезеңнің қорытындысы бойынша 2017 жылғы «Вуэльтада» ең үздік жас спортшы атанған испаниялық Марк Солер (Movistar) жеңімпаз атанды. Бірінші кезеңде топ жарған словениялық Примож Роглич (Jumbo-Visma) мәре сызығын Солерден 19 секунд кейін кесіп, екінші орынға қол жеткізді. Ал бірінші жарыс күнінде екінші болған ирландиялық Дэниел Мартин (Israel Start-Up Nation) бұл жолы үздік үштікті түйіндеді.
Қазақстандық «Астана» велокомандасынан ең жақсы нәтижені ресейлік велошабандоз Александр Власов көрсетті. Жеңімпаздан бір минутқа қалып қойған ол мәреге 16-шы болып жетті. Екі кезеңнің қорытындысы бойынша жалпы есепте словениялық Примож Роглич көш бастап тұр. Ал «Астана» клубының өкілдерінен Исагирре 14-ші, Власов 24-орында келеді.