Футболдан чемпиондар лигасының екінші күнгі топтық кезеңінің ойындары көпшілік күткендей тартысты әрі қызықты оқиғаларға толы болды.
А тобында өнер көрсететін турнирдің қазіргі чемпионы – «Бавария» өз алаңында Мадридтің «Атлетикосын» 4:0 есебімен жеңіп, топта жеке-дара көш бастады. Өйткені екінші ойында «Зальцбург» пен «Локомотив» 2:2 нәтижесімен тең түсті. Турдағы басты сенсация В тобында тіркелді. Қайбір жылы «қос құлақты» кубокты үш жыл қатарынан жеңіп алған «Реал» Испанияда күтпеген жерде Украинаның «Шахтёр» клубынан жеңіліп қалды. Ал «Интер» Мёнхенгладбахтың «Боруссиясын» қабылдап, соңғы минутта соғылған голдың нәтижесінде тең есепке қол жеткізді.
С тобында «Манчестер Сити» «Порту» клубынан 3:1 есебімен басым түссе, топтағы екінші ойында «Олимпиакос» төреші қосқан қосымша минутта гол соғып, «Марсельді» жеңіп кетті. D тобындағы кездесулерде «Ливерпуль» мен «Аталанта» үш ұпайға қол жеткізді. Ағылшындар Амстердамда «Аяксті» 1:0 есебімен ұтса, «Аталанта» Данияда «Мидтьюлланд» қақпасына жауапсыз төрт гол соқты.