Инклюзивті білім беру негіздері бойынша алғашқы онлайн-тренингті Назарбаев Университеті әзірледі. Қазір республиканың 3000 педагогы НУ-да тегін білім алуда, деп хабарлайды Egemen.kz
Жаттықтырушылардың айтуынша, көбінесе қазақстандық мұғалімдер білім берудегі инклюзия ұғымын дұрыс түсінбейді. Сондықтан онлайн-тренинг оқытушыларды тек практикалық дағдыларға ғана емес, теориялық дағдыларға да үйретуді мақсат етеді.
"Біз педагогтарға, біріншіден, инклюзивті білім беру туралы жалпы ұғымды қалыптастыруға көмектесу міндетін қойдық. Екіншіден, мектептерде дамыту қажет тәсілдер, жүйелер туралы ұсынымдар беру. Үшіншіден, біз сыныптағы білім берудің практикалық аспектісіне, оқу жоспарын құруға, технологияларды енгізуге және т.б. көшеміз", деді Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебінің зерттеу қызметі жөніндегі вице-деканы, доктор Майкл Макоэл.
Тренингке қатысуға бүкіл Қазақстаннан 8 мың мұғалім өтінім берді. Алайда, онлайн-платформа ұсынатын орындар санының шектеулі болуына байланысты осы бағытта 3 мың педагог оқудан өтуде.
Педагогтарды инклюзивті білім беру негіздеріне оқыту жөніндегі бастама әсіресе мемлекет басшысының 22 қазандағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында айтылған мәлімдемесі аясында ерекше өзекті.
"Мемлекет инклюзивті білім беру, кедергісіз орта құру, инфрақұрылымдық қолжетімділікті қамтамасыз ету, осындай тұлғаларды жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін кеңейту мәселелеріне баса назар аудара бастады. Алайда бұл шаралар қабылданғанына қарамастан, олар ерекше қажеттіліктері бар адамдардың мұқтаждықтарын қанағаттандыру үшін әлі де жеткіліксіз", деді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осылайша, Жоғары білім беру мектебінің жаттықтырушыларының пікірінше, Назарбаев Университетінің онлайн-тренингі – бұл әр адам жынысына, жасына, менталдық немесе физикалық жағдайына қарамастан, өзін толық құқықты азамат ретінде сезінетін елдегі инклюзивті қоғамды дамыту бағытындағы үлкен қадам.
Д-р Макоэльдің айтуынша, қаржыландыру көлемі жеткілікті болған жағдайда мұндай тренингтерді тұрақты негізде өткізуді жоспарлап отыр.