• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Қазан, 2020

Такси жүргізушісіне жолаушы қол көтерген

1019 рет
көрсетілді

Петропавл қаласында жолаушы мен такси жүргізушілерінің арасында кикілжіңдер жиі болып тұрады. Оның басты себебі – кейбір таксишілердің, көбінесе, сыпайы қызмет көрсетуді білмейтіндігіне тіреледі. Өзіне адал ақшасын төлеп тұрған жолаушыға ондайлар қызмет көрсетудің орнына жоғарыдан төмен қарап, өзінің қызмет көрсетуші екенін мүлде ұмытып, Кеңестік кезеңдегі жұмысшылардың асқақтықпен сөйлейтін ескі әдетімен сіресіп, дөрекі сөйлейді.

Сонымен бірге мұнда таксиді көшеден немесе арнаулы тұрақтан ұстау деген жоқ. Тек бір нөмірлерге хабарласып, оның жауабын ұзақ уақыт күтуге де тура келіп жатады. Өйткені, тапсырыс қабылдаушы диспетчер ұзақсонар, пайдасыз сұрақтар беріп, асығып тұрған жолаушының жүйкесін жұқартатыны да бар. Соның ішінде жолаушыдан қай көшенің қай нөміріндегі үйдің қай кіреберісінде тұрғанын және баратын жерінің толық адресіне дейін талап етеді. Ал оларды білмеген адам болса телефонды тастай салатындары да бар. Бұл әсіресе, сырттан келген жолаушыларға қиын. Қаланы білмейтін ондайлар такси қызметінен мүлде қағылып жатады.

Осының бәрі жүргіншінің де такси жүргізушісіне деген өшпенділігін оятып жатады. Соның салдарынан екі тарапта кикілжің туады. Сондықтан "ақылды қалаға" лайық емес осындай қызметтерді жөндеген дұрыс. Әйтпесе, сапасыз қызмет көрсетулер адамдардың жүйкесін жұқарта берері анық. Соның бірі жуырда болды.

Полиция басқармасының Екінші бөліміне дене жарақатын алдым деген шағыммен 46 жасар таски жүргізушісі жүгінген. 19 қазан күні таңертең жол ақысын төлеуден бас тартқан жолаушымен екеуінің арасында жанжал болып, нәтижесінде жолаушы таксишінің бетінен жұдырығымен екі рет ұрып жіберген екен. Көзі көгерген таксиші өзінің мүлде жазықсыз екенін айтады. Бірақ таңғы мезгілде мас бола қоймайтын адам оны ақша төлемеймін деп жайдан-жай ұрмаса керек-ті...

Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел қимылдап, 1979 жылы туған күдіктіні ұстаған. Ол Петропавл қаласының тұрғыны болып шықты. "Еруліге қарулы" деп ол жүргізуші өзінің барсеткасын тартып алмақ болғандығын айтқан. Бұған да сенуге болмайды. Өйткені, шақырумен келген таксишінің жолаушыға шабуыл жасауы - бола қоймайтын оқиға. Қазір аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің "Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" атты 107-бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұндай тергеулердің әділетті болып, екі жақтың да кикілжіңге қатыстылық дәрежесін анықтауына сенгің келеді. Бірақ тәжірибеде, көбінесе, шағынған жақтың мүддесі қорғалып жатады. Тек сот мұндайға әділдікпен қарап, жалпы таксилік қызмет көрсету сапасы бойынша да арнайы қаулы шығарса ғой деп үміт етесің.

Аталмыш оқиға бойынша Петропавл қаласы ПБ бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Әлібек Ғабдуллин мынадай комментарий берді: "Кейде такси жүргізушілері мен жолаушылар арасында дауласу болып тұрады, ондайлар әсіресе, мас күйде мінген жолаушылармен болады. Кикілжің әдетте, сөзге келіп қалудан аспайды, бірақ кейде жағдай ушығып кетеді. Кез-келген дауласу заңды түрде шешілуі тиіс екендігін барлық азаматтардың есіне саламыз. Эмоцияның салдары заң алдында жауап беруге әкелуі мүмкін"

ПЕТРОПАВЛ