Өңірде коронавирустың екінші толқыны болған жағдайда індеттің алдын алу үшін жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда 3 900 орын дайындалып, өкпені жасанды тыныстандыратын 20 аппарат барлық ауруханаға таратылды. Сондай-ақ 2 оттегі стансасы жұмыс істеп тұр, алдағы айларда тағы 7-еуі орталық ауруханаларға орнатылады.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта облыстық Жедел жәрдем стансасы үшін жаңа 109 реаномобиль сатып алынды. Оттегі нүктелерінің санын жыл басындағы жағдаймен салыстырғанда алты есеге көбейту көзделіп отыр. Өкпені жасанды тыныстандыру аппараттарының саны екі есе өссе, енді қараша айының ортасына дейін үш есеге артады. Өңірде қосымша екі ПТР-зертхана іске қосылды, жоспар бойынша тағы екі зертхана ашу көзделген. Сонымен қатар 580 медицина қызметкерінен тұратын кадрлық қор құрылды. Облыс күздегі толқынға толығымен дайын болса, мамандар тұрғындарды босаңсып кетпеуге шақырды. Өз иммунитеттерін көтеріп, тұмау мен ЖРВИ-ге қарсы екпе салуды ұсынды, қазір 80 мыңға жуық тұрғын тұмауға қарсы вакцина алды. Өңірлік тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметінше, КВИ жұқтырған 4 115 адамның расталған жағдайы тіркелген.
Алдағы уақытта болуы мүмкін КВИ-дің екінші толқынына дайындық аясында облыста медициналық ұйымдардың ресурстық қамтылуы, дәрігерлерді қайта даярлау мен тұрғындарды тұмаудан ерте вакциналау шаралары қолға алынуда. Облыстың 212 дәріханасына 2,8 млн қызуды төмендететін және вирусқа қарсы препараттар жеткізілді. Бұл халықтың осы дәрілерге деген үш айлық қажеттілігін өтеуге жететін мөлшер.
Ал жуырда облыс орталығының шеткі аумағында жаз айында құрылысы басталған модульді инфекциялық аурухана пайдалануға берілді. Аурухана басшысы Арман Мұсабековтің айтуынша, емдеу орны өте қысқа мерзімде заман талабына сай салынды. Барлық заманауи техникамен жабдықталды. Мұнда сапалы медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған.
– Өкінішке қарай індеттің таралуы жаңа инфекциялық аурухана салуға мәжбүр етті. Жаңа госпитальдың салынуы – кез келген жағдайға дайын болуымыз керек деген сөз. Екіншіден, тәулік бойы бірнеше ауысымда жұмыс істеген құрылысшыларға алғыс айтамыз, – деді облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов аурухананың ашылу сәтінде.
Облыстық, республикалық бюджеттен қаржыландырылған бұл жобаның құны – 7,3 млрд теңге. Аурухана 200 адамға арналған, жансақтау бөлімі, кіші ота жасау бөлімі, ПТР-тестілеу зертханасы, экспресс-зертхана, компьютерлік томография, рентгенография, УЗИ, электрокардиография мен бронхоскопия бөлімдерінен тұрады. Модульдік блоктарда жеке санитарлық торапты екі орындық палаталар да бар. Қажетті техника және жиһазбен толық жабдықталды. Госпитальда өкпені жасанды тыныстандыратын 24 аппарат және әрбір адамға арналған оттегімен қамту жүйелері жасалған. Жаңа аурухана облыс орталығындағы Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың бөлімшесі ретінде қызмет атқарады. Орталықта тәжірибелі 88 дәрігер, 240 орта және кіші санаттағы медициналық қызметкер еңбек етуде. Індет таралуы азайған соң орталық облыстық аурухананың пульманология бөлімшесі болады.
– Инфекциялық аурухана медициналық көмек көрсету үшін жаңа жабдықтармен, оның ішінде компьютерлік томографпен, цифрлық рентген-аппаратпен, барлық палаталарға орталықтандырылған оттегі жеткізу жүйесімен және өкпені жасанды тыныстандыратын 24 аппаратпен жабдықталған, – дейді Арман Мұсабеков.
Павлодар облысы