Елімізде самбоға қарағанда, дзюдо спорты, аралас жекпе-жектің алдында әуесқой бокстың мерейі үстем екені белгілі. Өйткені екіншілері төрт жылда бір келетін Олимпия ойындарының дәстүрлі бағдарламасына енген. Сондықтан да олимпиадалық спорт түрлері елімізде кең насихатталады және спорт үйірмесіне баратын жас жеткіншектер Олимпиада чемпионы деген мәртебелі атаққа ие болғысы келгендіктен Олимпиада бағдарламасына енген спорт түрін таңдайды. Бірақ соған қарамай, Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК бұқара арасында дәстүрлі емес спорт түрін алға ілгерілетуді алдына мақсат етіп қойған. Жуырда осы ұйымның директоры Әлібек НҰРТАЕВПЕН әңгімелескен едік.
– Әлібек мырза, сұхбатымызға кіріспес бұрын, алдымен өзіңіз басқарып отырған ұйым туралы қысқаша мәлімет беріп өтсеңіз?
– «Спортты дамыту дирекциясы» бұған дейін ел спортының дамуына елелулі үлес қосқан «Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясы» негізінде қаланған ұйым. Осынау бай тарихында талай Олимпиада чемпиондары мен әлемдік додаларда жеңімпаз атанған спортшыларды даярлап шығарған. Ал 2018 жылдан бастап Олимпиадалық спорт түрлері ҰОК-ке өтуіне орай, Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің жүктемесімен Олимпиадалық емес спорт, ұлттық спорт және сурдолимпиялық, бұқаралық спорт түрлерін дамытудамыз. Сол мақсатта ұжым болып тынбай еңбек етіп жатырмыз және жетістіктеріміз де жоқ емес. Атап айтар болсақ, 2018 жылы Джакарта мен Палембанг қаласында өткен Азия ойындарында Ұлттық құрама жеңіп алған 15 алтынның 4-еуін олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша қанжығамызға байладық. 2019 жылы Италияның Сондрио қаласында жалауы желбіреген Қысқы Сурдолимпиялық ойындарда бұған дейін қол жеткізбеген алтын медальді еншілеп, жалпыкомандалық есепте 7-орынға табан тіредік. Бұл мемлекеттің спорт саясатын жүргізіп отырған ұйымның алған бағытының дұрыс екендігінің дәлелі.
– Әлемді жайлаған пандемия спортшыларға қаншалықты әсер етті? Ұзақ үзілістен кейін спорттық бабына енуі қалай жүріп жатыр?
– Эпидемиялық жағдай біздің спортшыларға ғана емес, бүкіл әлемде спорт саласына кері әсерін тигізбей қоймады. Әсіресе жақын қашықтықты талап ететін жекпе-жек өнері, жұптық, командалық спорт түрлерінде оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастырып, жарыстар өткізуде қиыншылықтарға тап болдық. Ара қашықтықты сақтау үшін бапкерлер жаттығу кестелері мен ұйымдастыру ісіне өзгерістер енгізуге тура келді. Ұлттық құрама спортшыларына дене дайындығын қалпында ұстау үшін бас бапкер мен аға бапкер ақылдаса отырып, қашықтан жаттығу режімін жасады. Пандемияның алғашқы кезеңдерінде жаттығуды тек ашық кеңістікте шектеулі адам санынан аспайтын жағдайда өткізсе, уақыт өте келе жабық кешенде 30 адамға дейін қатысатын жиындар өткізуде. Бапкерлердің тиімді жаттығулары арқасында спортшыларымыз өз баптарына оралуда. Осы орайда коронавирустың салдарынан спорт бұрынғы қалпына келуге біраз уақыт керек екендігін тілге тиек еткім келеді. Вирустық жағдайда спортты дамытудың және спорттық іс-шараларды өткізудің жаңа жолдарын табуға тиіспіз.
– Коронавирус барлық саланың жоспарына өзгеріс енгізіп, бір қағып-сілкіп алды. Қазіргі таңда спорттық іс-шараларды өткізу тәртібі қалай?
– Үкімет жанындағы ведомствоаралық комиссияға Мәдениет және спорт министрілігі тарапынан санитарлық-эпидемиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, Қазақстан чемпионаттарын өткізуге ұсыныс беріп, 12 қазаннан бастап спорт түрлерінен ел біріншілігін өткізуге рұқсат алдық. Жарысқа аймақтық санитарлық дәрігердің рұқсатын алған қатысушылар жіберіледі. Жарыс өтетін қалаға (аймаққа) келген кезде спортшылардың дене қызуы тексеріледі. Сондай-ақ жарысқа қатысушыларды қонақ үй мен спорттық ареналарға тасымалдау ережелерді қатаң сақтау арқылы жүзеге асырылады. Бәсекенің әр кезеңінде спортшылар мен жаттықтырушылар, төрешілер дәрігерлердің бақылауында болады. Осы орайда барлық ішкі біріншілік жанкүйерсіз өткізілетінін және марапаттау кезінде әлеуметтік арақашықтық сақталынатынын да айта кеткен жөн. Сонымен қатар чемпионаттарда тек аккредитациядан өткен БАҚ өкілдері ғана жұмыс істей алады.
– Жастардың көбі спорт үйірмесіне келгенде олимпиадалық бағытты таңдап жатады. Ал олимпиадалық емес спорт түрін таңдау үшін, сол спорт түрлерін дамыту мақсатында қандай жұмыс атқарып жатырсыздар?
– XXI ғасырда спортшылардың көзқарасымен қатар спорт түрлері де өзгеруде. Киберспортта, шығыс және ережесіз жекпе-жекте спортшылар әлемдік деңгейдегі жарнама агенттіктерімен келісімшартқа отырып, өзін дамыта алады. Виртуалды спорт түрлерінде жеңімпаздарға берілетін сыйақы қазір кем дегенде 10-20 мың доллардан басталады. Сондықтан да ақпаратты дұрыс жеткізе білсек, спортты халықтың арасына кең насихаттай алсақ, жастарды көптеп тарта аламыз. Бұл жерде басты ұстанымымыз – халықтың 30 пайызының спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасау. Ол олимпиадалық спорт түрі болсын немесе ұлттық спорт, сурдолимпиялық спорт болсын, бастысы – жастарымыздың спортпен шұғылданғаны.
– Олимпиадалық емес спорт түрлері мен ұлттық спорт түрлерін дамытудағы қиындықтар мен артықшылықтарды атап өтсеңіз?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, спортты олимпиадалық және олимпиадалық емес деп бөліп-жармаймыз. Қазақстанда саламатты өмір салтын ұстанған, шыныққан, бәсекеге қабілетті жастар дайындау – біздің басты принципіміз. Тек олимпиадалық қана емес, атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлттық спортымызды дамытудамыз. Көкпар, бәйге, аударыспақ сынды спорт бәсекелері дәстүріміздің бір бөлшегіне айналып кетті десем қателеспейтін шығармын. Төл өнеріміз Тәуелсіздік алғаннан бастап қарқынды дамып, бүгінде ел қызығушылығын тудырып жатқанын мен айтпасам да жанкүйер жақсы біледі деп ойлаймын. Асық ату спортын ЮНЕСКО мәдени мұралары тізіміне кіргіздік. Тоғызқұмалақ, қазақ күресі, көкпар, аударыспақ, жамбы ату сынды спорт түрлерінен Азия, әлем чемпионаттары дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
– Елімізде сурдолимпиялық спорттағы жетістіктеріміз қандай? Бұл спорт туралы кеңірек айтып өтсеңіз?
– Сурдолимпиялық немесе есту қабілеті төмен жандар арасындағы спорт түрлері елімізде паралимпиадалық спортпен қатар дамып келеді. 2017 жылғы Жазғы Ойындарда ел спортшылары қоржынымызға 7 медаль салса, 2019 жылғы Қысқы Сурдолимпиялық ойындарда 1 алтын жүлде жеңіп алды. Сонымен қатар ел іші, әлемдік дәрежеде Қазақстан спортшылары алаңсыз қатысуға бар жағдай жасалған. Кешенді жарыстарымыз есту қабілеті төмен жандар арасында дәстүрлі Қазақстан Спартакиадасы өткізіліп тұрады. 2021 жылы Бразилияның Кашиас ду-Сул қаласында өтетін XXIV Жазғы Сурдолимпиялық ойындарға қатысатын спортшыларымыздың оқу-жаттығу жиындары мен спорттық экипировкаларымен қатар барлық шығындары мемлекет тарапынан толықтай қарастырылған.
– Ұйымның алға қойған мақсаты мен міндеттері қандай?
– Ұйымның негізгі мақсаты – ұлттық штаттық командаларды өз бақылауымызда ұстау, халықаралық дәрежедегі спортшылар мен спорт резервін даярлау, олимпиадалық емес, ұлттық, бұқаралық спорт және мүгедектер арасындағы спорт түрлері бойынша ұлттық құрама мүшелерінің халықаралық жарыстарға қатысуын, олардың дайындығын қамтамасыз ету. Ел намысын қорғауға аттанған спортшыларымыздың жарысқа дейінгі, жарыс кезінде және жарыстан кейінгі уақытта да алаңсыз жаттығу жасауына біздің ұйым тікелей жауапты. 2021 жылы өткізілуі жоспарланып отырған кешенді жарыстар, Азия, әлем чемпионаттары мен халықаралық жарыстарға спортшыларымыздың қатысуы мен дайындығын қамтамасыз ету.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Әли БИТӨРЕ
«EgemenQazaqstan»