Облыстың Жер және жерді бақылау басқармасының мәліметінше, биылғы жыл басынан бері өңірімізде пайдаланылмай келген 665 мың гектар ауыл шаруашылығы алқаптары анықталған, - деп жазады Egemen.kz
Қазіргі кезде бұл жерлердің 134 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылып, 258 мың гектар жер игеріле бастады. Ал, 273 мың гектар, яғни өңірдегі ауыл шаруашылық алқаптың 4 пайызы әлі бос жатыр. Бұл туралы мемлекеттік кірістер органдарына пайдаланылмай тұрған жер алқаптары туралы мәліметтер берілді. Бұдан басқа сот шешімімен кепіл берушінің берешегін өтеуге жататын, соның салдарынан пайдаланылмай тұрған жерлерді айналымға енгізу үшін басқарма мен жергілікті әкімдіктер инвесторлар тартуға дайындалуда. Нәтижесінде, бос жатқан жерлердің аумағы 84 мың гектардан 65 мың гектарға дейін қысқарды.
Басқармасы басшысының орынбасары Болат Медеуұлының айтуынша, пайдаланылмай бос жатқан жерлердің басым бөлігі Ертіс, Ақтоғай және Железин аудандарына тиесілі. Негізі, жерді пайдаланушылармен түсіндіру жұмыстары қолданыстағы заңнамаларға сәйкес жүргізіледі. Әкімшілік жауапкершілікке тарту, жер салығының мөлшерлемесін арттыру шарасы қолданылады. Бірақ, қаржы тапшылығынан көктемгі дала жұмыстарын атқаруға мүмкіндігі аз шаруашылықтар өз еріктерімен бас тартты. Ол жерлер енді мемлекет меншігіне өтеді. Мысалы, өңірдегі Ертіс ауданында кепілдікте тұрған 15 мың гектар жер жуырда қолданысқа берілді.
Жердің иелері, яңни, жаңа пайдаланушылар бұл жердегі топырақты өңдеп, келесі жылы егуді жоспарлап отыр. Дәл осылай Ақтоғай ауданында 3,5 мың гектар жер пайдалануға беріліп, алдағы уақытта тағы 23 мың гектар жерді игерілмек.
Облыстың жер пайдаланушыларына алаңдарды тиімді пайдалану тәртібі, қолданыстағы жауапкершілік шаралары, оның ішінде айыппұл ( «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 338 бабы) және пайдаланылмаған жағдайда жер салығын 10 есе артық төлеу туралы, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің 509 бабы) туралы заң талаптары түсіндірілді.
"Ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану тиімділігін арттыру үшін облыстағы қалалық және аудандық әкімдіктермен бірлесіп, белсенді жұмыс жүргізілуде.Мақсат – шаруа қожалықтарының иелерін жерлерді ұтымды пайдалануға ынталандыру және олардың тұрып қалуына жол бермеу",-дейді басқарма мамандары
Павлодар облысы