Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті еліміздің терістігіндегі жалғыз жоғары оқу орны. Университеттің білім беру сапасы бойынша озық нәтижелер көрсетіп, республикаға танылған жылдары да болған. Алайда соңғы жылдары білім сапасы жағынан үнемі кенже қалып келеді. Мәселен, «Білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттіктің» рейтингіне қарағанда, 2011 жылдан бері бұл университет оныншы орыннан жоғары көтерілген емес.
Білім сапасы – оқу орнының ең басты көрсеткіші. Ол профессор-оқытушылар құрамының білім сапасы, біліктілігі мен іскерлігі арқасында ғана емес, менеджмент шеберлігінің нәтижесінде қол жеткізілетін табыс. Соның ішінде кадрлық саясаттың алатын орны зор. Мұнда ғылыми дәрежесі бар оқытушылар саны қалыптағы деңгейден төмен. Жалпы штат саны 500-дей адам болса, соның ішінде 11-і ғана ғылым докторы, 11-і PhD доктор, 114 ғылым кандидаты және 152 магистр бар. Ғылым докторларының орташа жасы 64-те.
Қай мекеменің болса да ұтымды табыстарға жетуі бірінші басшыға байланысты екендігі сөзсіз. Егер бірінші басшының ұйымдастыру қабілеті, ұжымды бір мақсатқа жұмылдыра білетін шеберлігі болмаса, қанда да бір биік нәтижеге қол жеткізу қиын. Солтүстік Қазақстан университетінде бір жылдан астам уақыт бойы ректордың орны бос тұр. Былтыр күзде ректор, экономика ғылымдарының докторы өз еркімен орнынан кетті де, содан бері бұл оқу орны бірінші басшысыз. Ректордың міндетін атқарушы болып тағайындалған биология ғылымдарының кандидаты, доцент Ербол Исақаев ұжымды меңгеріп, бір арнаға түсіре алмады. Бұған оның тәжірибесі де, беделі де жетпейтін сияқты. Оның үстіне барлық университеттерді ғылым докторлары басқарып отырғанда мұндағы ахуал профессор-оқытушылар құрамын қанағаттандырмайтындығы көрініп тұр.
Е.Исақаев бекітілген кадр саясатын да толық іске асыра алмай келеді екен. Біз сөйлескен университет қызметкерлері кадрлар қажеттілігін болжаудың жеткіліксіз деңгейі сол қалпында қалып отырғанын айтты. Тәлімгерлер институты дамымаған. Мемлекеттік тілді меңгеру тіпті төмендеп кеткен. Е.Исақаев мырза мемлекеттік тілді оқытатын мамандарды қуғындауға ұшыратқаны да ауызекі тілде де, әлеуметтік желілерде де жиі айтылуда. Мәселен, ұзақ жылдардан бері осы университетте қызмет істеп, ішке де, сыртқа да абыройлы болып, Nur Otan партиясы облыстық саяси кеңесінің мүшесі, қалалық мәслихаттың депутаты болып жүрген Академиялық мәселелер жөніндегі проректордың міндетін атқарушы, профессор Жанар Таласпаеваны, Ғылым департаментінің директоры Мархаба Қуантаеваны негізсіз қудалап, шырғалаңға салып, келісімшарттарына қол қоймай, қызметтерін босатуды талап еткендігі туралы әңгіме қала жұртшылығына да тарап кетті. Бұл екеуінің мамандықтары да қазақ тілінің маманы. Жап-жақсы жұмыс атқарып жүрген олардың орнына орыстілділерді тықпалағаны да әріптестерінің қарсылығын туғызған. Ж.Таласпаева бірнеше жыл Тіл және әдебиет институтының директоры болып та істеген. Осы жылдарда университетте мемлекеттік тілдің қолданылу аясы да біршама кеңіп қалған еді. Оны қаланың көзі ашық зиялы қауымы жақсы біледі.
Жуырда ұжымның бір топ өкілі, соның ішінде ректордың міндетін атқарушыдан басқа үш проректор да бар, Білім және ғылым министрі Асқат Аймағанбетовке шағым жазып, көптеген деректерді алға тартты. Онда тіпті мынадай жолдар бар: «жоғары оқу орнының басшылығына қойылатын талаптар сақталмай, университеттің стратегиялық маңызды мәселелері бойынша жеке-дара шешімдер қабылданады, проректорлардың пікірлерімен санаспай, кейде этносаралық алауыздықты тудыратын жағымсыз жағдайларға жол беріледі; министрліктің қағазбастылық жүйеден арылу тапсырмасын орындаудың орнына, керісінше хаттамалық тапсырмаларды үсті-үстіне көбейтіп, жұмыстың нәтижелі жүзеге асырылуына кедергі жасауда. Бірнеше құрылымдық бөлімдерді (Ректордың аппараты, Стратегия және білім сапасы департаменті, Ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімі) тек жұмысты бақылауға қойып, ақпараттық материалдарды жинақтау, есеп сұраумен ғана айналыстырып отыр. Бірден жазалау шараларын қолдануды әдетті іске айналдырды, қатал талаппен алынған түсініктемелерде тапсырманың объективті себеппен орындалмауы көрсетілсе де ескерілмей жатады».
Министрдің атына жазылған шағымды түгелдей талдап шығу немесе ондағы фактілерді толықтай келтіру біздің міндетіміз емес. Аталған айыптардың өзі орын алған жағдайда оқу орнындағы моральдық-психологиялық ахуалдың барынша нашарлап кеткенін көрсетеді. Мұндай жерде білім ғана емес, тәрбие де, мәдениет те, адамгершілік қасиеттер де құлдырайды. Ал енді мына айыптаулар: «Бүгіндері өңірлік университет мемлекеттік меншіктегі емес, бір адамның жеке үлесіндегі мекемеге айналғандай; жоғары оқу орнының барлық мәселелері, соның ішінде қаржы мәселесі ректордың міндетін атқарушы Е.Исақаевтың көңіл күйі арқылы ғана шешіледі. Қаржы мәселесі (жобалық-сметалық құжаттама, көлік-техникалық парк, профилакторий, іссапарлық шығындар және тағы басқа) қай күйде, кімнің қолданысында екені де үрей туғызады» дегендер министрдің ғана емес арнаулы қызметтердің айналысып, көз жеткізуін қажет етеді.
Қалай десек те мемлекеттің иелігіндегі, бір облыстағы жалғыз жоғары оқу орнындағы ахуалды тезірек оңалту министрліктің кезек күттірмес міндеті екені даусыз. Білдей бір өңірдің білімі мен мәдениетінің ең үлкен ошағында дау туып, әңгімеге ілігуі – студент жастардың адамгершілігі зор, білікті азамат болып қалыптасуына кері әсер етері сөзсіз.
Осы орайда өзіміз түйген мына мәселеге де назар аударғымыз келеді. Әрине, сырттан басшы әкеліп тізгінді ұстата салуға болады. Бірақ ондай кадрды қарсылас топтар бір-біріне тартып жатса, істің нәтижелі болуы неғайбіл. Ал іштеріндегі ахуалды жақсы білетін, бұрынғы басшының қателіктері қайда екенін және оны түзетуге қолынан іс келетін ынталы жан болса ғана бұл оқу орнындағы жағдай оңалуы мүмкін. Әйтпесе, бұрынғы ректор Оңдасын Әшімовты заңсыз шығарып, оның сот арқылы жұмысқа қалпына келтірілуі, одан кейін сырттан келген бір ректордың міндетін атқарушының бес деканды бірден орнынан алуы секілді кикілжіңдер, дау-дамайлар бұл университетте қордаланып қалған. Сырттан келген соңғы ректордың да алды-артына қарамай жұмыстан кеткені сондай – тұрақсыздықтың төркінін жетік білмегендіктің кесірінен секілді. Ішкі ахуалды жетік білмей, сырттан тон пішкендік қай уақытта болса да арандатуға апарып соқтырады. Жалпы, елдің шетіндегі, желдің өтіндегі қалада болғандықтан мұнда басқа елдердің мүддесін жүргізуге тырысатын топтардың да бар екендігі көрініс беріп қалады...
«Сырт көз сыншы» десек, бұл оқу орнында ой-өрісі биік, адамгершілік қасиеттері, іскерлік белсенділіктері де зор, ұлттық рухы да биік тұлғалар жоқ емес. Ұжымдағы Е.Исақаевтан басқа үш проректор да зерделі, ой-өрістері биік адамдар. Осы үшеуінің біріне сенім артып, бірінші басшы қойса – лайықты жандар. Соның ішінде тарих ғылымдарының докторы, университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, профессор Ақмарал Ыбыраеваны айрықша айтуға болады. Сыртқа да, ішке де абыройлы болып жүрген ол 2014 жылдан бері осы университеттің ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген жан. Алғаш Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры болып қабылданған ол төрт жылда, яғни 2018 жылдан проректор лауазымына дейін көтеріліп, қазір сол қызметті атқарып келеді. Алған атақтары мен жазған еңбектерін санамалаған болсақ, оған таза қолдау көрсеткен болып көрінерміз, сондықтан осы жерден-ақ қайырып, министрліктің білікті басшыларына ой салумен А.Ыбыраева туралы сөзімізді аяқтаймыз. Тек ол туралы университеттің профессоры, ғалым Зарқын Тайшыбай, облыстық архивтің директоры Сәуле Мәлікова және тағы басқа жылы лебіздерін білдіргенін айта кеткенді жөн көрдік.
Шешім қабылдау – әрине, министрдің міндеті. Біз тек оның барынша әділетті және өңірімізге ғана емес, еліміздің білім беру саласына пайдалы болғанын қалаймыз.
Солтүстік Қазақстан облысы