Көгінде Тәуелсіздік туы желбіреген Қазақ елінің Оңтүстік Қазақстан облысы өркендеген мәдениетімен және өнер ошақтарымен ерекшеленеді. Оңтүстік Қазақстан облысында 8 мемлекеттік театр бар. Бұл, әрине, Қазақстанның өзге облыстарында кездеспейтін жағдай, құбылыс. Кеңес дәуірінде небәрі 4 театр: Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театры, облыстық орыс драма театры, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры, қуыршақ театры болса, еліміз тәуелсіздік алған жылдары 4 театр: Түркістан қалалық сазды-драма театры, опера және балет театры, облыстық өзбек театры, әзіл-сықақ және сатира театры ашылып, оңтүстік өңірінің мәдениет ажарын аша түсті.

«Облыстағы 8 кәсіби театрда ағымдағы жылдың 10 айында 37 жаңа спектакль сахналанды. Театрлар Алматы, Ақтөбе, Қызылорда, Қарағанды, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары мен Байқоңыр қаласына және облыстың аудан, қалаларына 73 гастрольдік сапар ұйымдастырды», деп Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Күлия Айдарбекова ағынан жарылды.
Сондай-ақ, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры мен облыстық опера және балет театрларына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, облыстық қуыршақ театрының ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Облыстық әзіл-сықақ және сатира театрына жеке ғимарат беріліп, облыстық өзбек драма театры жаңа ғимаратқа көшірілді. Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыстағы барлық кәсіби театрлардың материалдық-техникалық базалары толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, Шымкент қаласының әкімшілік-іскерлік орталығы аумағынан облыстық драма театрының құрылысы қарқынды жүргізілуде.
«Шаянға барсаң – әншімін деме, Созаққа барсаң – күйшімін деме...», деп кезінде ұлы М.Әуезов айтып кеткендей, Оңтүстіктің мәдениеті мен өнері еңсесін биік көтерген өлкеге айналдырғаны шындық. «Қыз тоқыған кестедей бәрі сұлу» деп айтудан аулақпыз. Себебі, өнермен қабаттаса жүретін «тіршілік мәселесі» өзіндік қолдауын қажет етіп тұрған күрделі жайт. Әсіресе, жалақы мәселесі. Бір жанын алып, мың жанын сахнаға салатын әртіс пен ақ қағазға түскен драматургтің ойын көрерменге шашыратпай жеткіземін деп жанталасқан режиссердің айлық жалақысы қарын ашарлық жағдайда. Ел басына күн туған сонау дүниежүзілік соғыс кезінде өлермендікпен өнерін аямаған кездерін түсіністікпен қарап, «ерлік» деп қабылдасақ, бүгінгідей «тереземіз тең, айбарлы елге» айналған тұста еліміздегі ең төмен жалақымен күнелтуге мәжбүр болып отырғаны өнер сарбаздарының көкейінде «Мәдениет министрлігінде бекітілген штат кестесін қайта қарастырса» деген үміт отын тұтатады. Бұл, әрине, Оңтүстіктің төрінде елді өнерімен сусындатып отырған барлық театрға ортақ мәселе.
Әйтсе де, «өнерге өзегін беретін» театр қауымының «болмай қалды» деп қол қусырып отырмай «мәдениет майданына» білек сыбана кірісетін сарбаздар екені көңілге қуат береді. Оңтүстіктегі 8 театрдың бүгінгі таңда «ата театры» болып отырған Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театры алдағы жылы 80 жылдық мерейтойын тойламақшы. Қазақ халқының басынан өткізген сан-қилы заманауи кезеңдерін, сұрапыл өткелдерін елмен бірге бөліскен театрдың 80 жылдық өнер қоржыны репертуарға бай. Тоқыраудың тосқауылынан тұраламай өтіп, ұжымы мен қойылымдарын шашау шығармай сақтай білген театрдың «Академиялық театр» аталуына бірден-бір сәті орайласқан секілді. Театр ұжымына «Академиялық» мәртебе берілсе, ол театр ұжымына ғана емес, өнер мен мәдениеттің мәйегі болып отырған Оңтүстік өлкесіне деген құрмет болар еді.
Сая ҚАСЫМБЕК,
Ж.Шанин атындағы қазақ драма
театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі.
Оңтүстік Қазақстан облысы.