Бұл күндері әлем елдері пандемиядан кейін футбол қалай өзгереді және қалай өзгертеміз деген тақырыпта бас қатырып жүр. Ал Тұманды Альбион өкілдері бұл жағдайға аса қатты қинала қойған жоқ. Өйткені «Манчестер Юнайтед» және «Ливерпуль» клубтары ағылшын футболының құрылымына, яғни Премьер-лига бәсекелеріне өзгеріс енгізу туралы өз жобаларын ұсынып қойды.
Англия футболын жаңа биікке көтереді деген жаңа жобаның аты – Project Big Picture. Кейінгі екі аптада бұл жоба Англияда қатты талқыланып жатыр. Десе де бұл өзгеріс жергілікті футбол лигасының президенті Рик Пэрридің көңілінен шығып, ол өз келісімін беріп қойған. Енді тек үздік «алтылықтың» қолдауын ғана күтіп отыр.
Сонымен, кең талқыланып жатқан жоба ағылшын футболына қандай пайда береді? Футбол отаны ала доп бәсекесіне қандай реформа жасамақ? Бүгінгі шағын мақаламызда осы сұрақтарға тоқталып, жауабын іздеп көреміз.
Жоба авторлары пандемиядан кейінгі футболды дамытудың бірнеше бағытын жасап шыққан. Оның біріншісі – Премьер-лига табысының 25 пайызын төменгі лигаларды (Чемпионшип, Лига 1 және Лига 2) дамытуға бөлінеді. Сол арқылы аталған лигалардың шығынын азайтуға көмек болады деп есептейді. Жалпы, бұл мәселе Англияда біраз жылдан бері көтеріліп келе жатса да, пандемия мұны жеделдетіп шешу керек екенін ұқтырды.
Ірі клубтар карантин уақытында біраз қаржыдан қағылғаны белгілі. Ал бұл өз кезегінде клубтың амбициясына, трансфер саясатына кері әсерін тигізбей қойған жоқ. Жылдық бюджетінің біраз бөлігі билет сатудан түсетіндіктен, командалар биыл біраз қиындыққа тап болды. Осының салдарынан клубтарға 250 миллион фунт аванс есебімен берілуі керек еді. Алайда ағылшындар төменгі лигаларды футбол баспалдағы ретінде қарайтындықтан, бұл қаржыны аталған лигаларға беруді жөн деп тапты.
Сондай-ақ АПЛ командаларының санын 20-дан 18-ге дейін қысқартпақ. Турнир кестесіндегі соңғы екі клуб төменгі лигаға сырғыса, Чемпионшипте 3-6 орын алған командалар 16-орындағы клубпен бір жолдаманы сарапқа салады. Жалпы, бұл жерде мақсат – лигадағы ойын санын азайту екені айтпаса да түсінікті. Яғни екі команда төрт ойын үшін бір ай уақыт жоғалтады. Онсыз да командалар ішкі лигадан бөлек, ұлттық лига, Еурокубок бәсекелеріне қатысады. Қала берді ұлттық құрама ойындары мен жаттығу жиындары тағы бар. Яғни жоба авторлары қазіргі таңда футболшылардың бос уақыты болмай бара жатқанын да алға тартып отыр.
Егер алдағы уақытта АПЛ-де 18 команда өнер көрсететін болса, «ТОП-6» командаларынан бөлек, ең көп ойын өткізетін тағы үш команда Премьер-лига чемпиондығынан үміткер клубтардың қатарына қосылады. Баршаға белгілі, бұған дейін АПЛ бойынша кез келген мәселені шешу үшін 14 дауыс жиналса жеткілікті еді. Ал енді бұдан былай жоғарыдағы 9 клубтың алтауының қолдауы жеткілікті болады. Бір қызығы, аталған командалар басқа клубты сатып алуға ниетті инвесторларға вето қоюына, сондай-ақ ережелерді, лига басшылығын өзгертуге де әсер ете алатын мүмкіндікке ие болады.
Сонымен қатар АПЛ табысының 25 пайызының 8,5 пайызы түрлі аударымға және «игі істерге» жұмсалады. Атап айтар болсақ, 6,5 пайызы 4 лигадағы стадиондарды заман талабына сай жөндеуден өткізуге, қалған 100 миллион фунт Футбол ассоциациясына сыйлыққа беріледі. АПЛ-дан шығып қалған Чемпионшип клубтарына берілетін «қаржылай көмек» (бір клубқа үш жыл ішінде берілетін 150 миллион фунт қаржы) тізімі жойылады.
Жаңа жобада клубтардың трансляциядан түсетін табысының белгілі бір бөлігі клубтың кейінгі үш маусымдағы нәтижелеріне қарап беріледі. Және де Лига кубогы және Англия суперкубогын өткізу мәселесін қайта қарастыру да ұсынылған. Суперкубок бәсекесі бір ғана ойыннан тұратынын ескерсек, бәлкім турнир өз жұмысын тоқтататын шығар. Ал Лига кубогынан Еурокубоктарға қатысатын командалар босатылуы мүмкін.
Жоба авторлары УЕФА талабы негізінде қаржылық фэйр-плей ережелерін сақтауға және АПЛ басшылығы үшін есепшот және аударымдардың ашық болуына басымдық беріп отыр. Сонымен қатар футболды дамытудағы басым бағыттың бірі – сырт алаңда ойнайтын командалардың жанкүйерлері үшін жаңа ереже жасау. Яғни көрермендер үшін ең қымбат билеттің бағасы 20 фунттан аспауы, жанкүйерлердің шығындарына көмектесу, «қауіпсіз трибуналар» ұйымдастыру.
Ең соңғысы, чемпионатты әдеттегі уақыттан кеш бастау. Бұл командаларға маусым алдындағы дайындық барысында көбірек жолдастық кездесулер өткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ТОП клубтар үшін бұл аз болса да, жолдастық матч арқылы табыс табуға жақсы мүмкіндік. Бұдан бөлек, Премьер-лиганың өзі де жазғы жолдастық ойындар турнирін ұйымдастырады және әрбір бір клубты бес жылда бір рет қатысуға мәжбүрлейді.