Ұзақ үзілістен кейін «Астана Балеттегі» әдемі әлем көрерменіне есігін қайтадан айқара ашпақ. Сегізінші театр маусымын мерекелеуге қызу дайындықты бастап кеткен өнер ұжымы алдағы аптада үш бірдей қойылымның тұсауын кеседі. Карантин тәртібіне бағына отырып, жай-жайлап жанданып келе жатқан театр жұмысы бекзат өнер жанкүйерлерін шын қуантты. Онлайн тәртіпте билет алуға асыққан көрерменнің қарасы да сұлу өнерді сағынған қауымның сағынышын әйгілеп тұрғандай.
Осыдан біраз уақыт бұрын дәрігерлердің құрметіне үш қайырымдылық концертпен жұмысын бастаған театр ұжымы енді шын мәніндегі шығармашылық ізденістеріне ерік бермек. Бірнеше ай үздіксіз дайындалып, сырға толы сүйікті сахнасына толқи қадам басқалы тұрған үздік балет әртістері Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 30 қазан және 6 қараша күндері талғампаз көрермен назарына жаңа жұмыстарын ұсынады. Атап айтсақ, 30 қазанда көрермен қауым қос бірдей көркем қойылымның куәсі болады. Яғни бір кеште театр сахнасында шетелден арнайы шақырылған хореограф мамандар – Рикардо Амарантенің «Longing» («Құштарлық») және Дэвид Джонатанның «Instinct» («Түйсік») бір актілі балеттерінің премьерасын тамашалайды.
Рикардо Амаранте есімі қазақстандық көрерменге біршама таныс. Оның қойылымдары театрдың концерттік және гастрольдік бағдарламаларында тұрақты түрде көрсетіледі. Хореографтың аргентиналық композиторлар Астор Пьяццолла мен Пабло Циглердің музыкасына қойылған тың туындысы – «Longing» («Құштарлық») балетінде көрермен қауым қимылмен өрілген эмоцияның толқыны мен көркем безендірудегі минимализмге куә болады. Аталған жұмысында балетмейстер «бұл өмірден, махаббаттан, жалпы өзара қарым-қатынастан шын мәнінде не күтеміз, нені қалаймыз?» деген сұрақтың жауабын іздегендей. Әйтсе де, айтулы тақырыпты қозғай отырып, ол біржақты жауап бермей, көрерменнің өз бетінше ой қорытуына мүмкіндік береді.
– Бұл балет түс секілді. Көрген түсіміз не жайлы екенін түсіне бермейміз ғой. Оны біреуге айтып отырғанда да «мұның не сыры бар?» деген секілді іштей ойға қаласың. Рас қой. Сол секілді, осы балетті көрген соң да, әркім өзінше ой түйеді. Мұндағы пластикалық шешімдер өзім ұнататын неоклассика мәнерінде жасалған. Барлық классикалық қадамдар модерн және неоклассикаға трансформацияланған. Тангоның да аз-кем әсері бар. Қысқасы, «Құштарлықты» көріңіз! Бәрін музыка жеткізеді», деді атақты балетмейстер премьераалды дайындықтан қолы қалт еткен кезде сауалымызға орай назарын бізге бұрып.
Ал «Instinct» («Түйсік») қойылымы – театрдың жетекші солисі Дэвид Джонатанның «Астана Балет» театрына арнап қойған алғашқы балеті, яғни Дэвидтің дебюті. Бұған дейін ол балетмейстер ретінде Аустралияның Батыс балеті мен Фландрия Корольдік балетінің труппаларымен шығармашылық әріптестік орнатқан. Хореографтың айтуынша, балетті жасау идеясы бір жыл бұрын пайда болғанымен, қазіргі таңда өзектілігі тіпті арта түскен.
– Пандемия балеттің идеясына ерекше әсер етті. Карантин кезінде қандай күй кешкенімізді айтамын. Либреттода да осы жайлы жаздым: көптеген адам өзінің жақын туыстарымен, сүйікті жандарымен кездесе алмады. Осы сезім, бір болуға деген ұмтылыс ерекше маңызға ие. Балеттің аты – «Түйсік». Себебі әлемді жайлаған ауыр індет пен локдаун күтпеген жерден орын алып, біздің инстинктивті әдеттеріміз өзгеріске ұшырады. Осы жайлы ойлар мені мазалады. Біз бұрынғыдай өмір сүре алмадық, бірақ бәрібір өмір сүруіміз керек еді», дейді Дэвид Джонатан.
«Астана Балеттің» көрерменіне арнаған тамаша тартуы мұнымен әсте толастамақ емес. 6 қарашада балетсүйер қауым тағы бір ғаламат премьераның куәсі болады. Елордалық балет театры сахнасында «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, отандық белгілі талантты хореограф Анвара Садықованың «Желтораңғы туралы аңыз» бір актілі балеті көрсетіледі. Қуат Шілдебаевтың музыкасына қойылған балет желтораңғы ағашы жайлы баян етеді. Ағаштың желтораңғы аталатын себебі – желсіз күнде де оның бұтақтары тербеліп тұрады екен.
– Бұл балетте біз ағаш бейнесі арқылы халқымыздың өр рухы мен қайраты жайлы ой өрбітеміз. Адамдардың табиғатқа зиян келтіруі, адам мен табиғат арасындағы қайшылық негізгі мәселе ретінде көтеріледі, яғни қойылымның өзегі осы негізде тарқатылады. Біздің мақсатымыз – адам мен қоршаған орта арасындағы үйлесімділікті табу, – деген ойымен бөлісті хореограф Анвара Садықова.
Рас, балет әлемі – көркем. Тамашалап отырып іштей тазарасың, таңғажайып көңіл күйге бөленесің, ойланасың. Өйткені балеттің болмысы тұп-тұтас сұлулық һәм тазалық. Ендеше, тазаруға асығайық!