Ұлтымыздың тарихында әрбір әулеттің атадан балаға жалғасқан өз шежіресі бар. Қазақта ұрпақ жеті атасын білуі керек деген бұлжымас қағида орныққан. Биыл ұлы Абайдың 175 жылдығы елімізде кеңінен аталып өтуде. Осы орайда Тобықтының Көкше руында Абайдың әкесі Құнанбаймен қатарлас өмір сүрген Бозанбай бай деген би болған. Құнанбай аға сұлтан болып тұрғанда Тобықты Көкше руын 5 старшынға бөлгені тарихи деректерден белгілі. 3-ші Бірет старшыны (Еспай-Жарылғап елі) Жанатай Жамантайұлы болса, билері Қаратай Сапақұлы, Бозанбай Жарылғапұлы секілді дала даналары болды.
Құнанбай қолын қойып, таңбасын салған құжат еліміздің мемлекеттік мұражайында сақталған. Мен – осы Бозанбайдың бесінші тармағымын. Бозанбайда сегіз ұл болған. Атап айтқанда, Сати, Мәтіғұл, Уақбай, Бітімбай, Біткенбай, Кенжеғұл, Шүлембай, Мырзахан. Біз Бозанбайдың үлкен ұлы Сатидан тараймыз. Яғни Сатидан – Күленбай, Күленбайдан – Абдолла, одан – Ахметшәріп, ал Ахметшәріптен – Советқали болып жалғасады. Бозанбайдың бәйбішесі – Жекен (елдің қойған есімі – Шұға). Абай ақын өз кезіндегі Қаракесек Жанысбайдың бар балаларын білген, дос-жар, дәмдес болған екен. Бұған дәлел – Әрхәм Ысқақұлының ұлы атасы туралы естелігінде Қоңыр Көкшеге болыс болғанда Абайдың жолдас етіп араласқан кісілері қатарында Шүлембай, Мырзахан мен Күленбайды атайды. Иә, Күленбайдың есімі Абайдың ертедегі қазақтағы атқамінер ел билеушілерінің келбетін, бейнелерін беретін атақты өлеңі «Ассалаумағалейкум, болыс, мал-жан аман ба? Күленбайға» деген атаумен шыққан. Абай мен Күленбай құрдас дос, дәмдес, өте жақын аралас-құралас жүрген. Ол кезде Күленбай – Мұқыр жерінде болыс. Ұлы хакімге қастық жасалғанда, Күленбай, Нұрымбай (Сати баласы) және Мырзахан Абайдың қасынан табылған. Бұл уақиға Ресей патшасына дейін жеткен. Ресей патшасы Абайдың ақындығымен таныс екен де, дереу Омбы генерал-губернаторына нұсқау берген. «Қырғызда Ибрахим Құнанбаев бар екен. Пушкин, Лермонтов өлеңдерін аударған. Оған қол көтерген кім?» деген мән-мазмұнда. Пристав Абайға келіп мән-жайды сұрағанда, Абай өз қолымен толтырған хаттамада өзін ешкім сабамағанын, қамшы Күленбайға бағытталғанын, себебі ол кісінің болыс болғандығы екенін жазған. Ал негізінде Абайға бағытталған қамшыға Күленбай өз арқасын тосқан. Абай мен Күленбайдың достығы ерекше болғаны сонша, Күленбайдың ұлы Абдоллаға құда түсіп, үйлендірген Абай болатын. Хакім найман елінде 40 жыл болыс болған Серікбай қажымен жолдас, дәмдес, пікірлес адамдар екен. Бір жиында Абай: «Секе! Мына Күленбайдың момын ұлына бір қызыңды берсең қайтеді?» деп құдалыққа бастамашы болады. Серікбай қажы Абайдың сөзін жерге тастамай, бір қызы – менің туған апам Қайшаны Күленбай ауылына келін қылып түсірген.
«Абай жолы» роман-эпопеясындағы Абайдың сүйікті жары Әйгерім (шын аты – Шүкіман) – әкемнің туған қарындасы Мәкенді алған Молдаш жездемнің туған әпкесі. Мәкен апам бұл өмірден 90 жасқа келіп, қайтқан. «Шүкіман апамды талай көрдім, өте ажарлы, ерекше өңді, ақылды кісі еді» деп айтып отырғанын өз аузынан талай естідім.
Енді Бозанбай ұрпағымен ұлы Абайдың араласуы жөнінде нақты деректерді айта кетейін. 1872 жылы Бозанбай марқұм болған бәйбішесі Жекенге (Шұғаға) Тобықты руын жинап үлкен ас берген. Асты Абай басқарыпты, 40-50 шақырымдық ат бәйгесі сәтті өткен. Бәйгеден нағашысы Жаныс балаларының қосқан аты бірінші, Бозанбайдың өзі қосқан «Көктырна» аты екінші келген. Сонда Абай күліп, «нағашысы жиен болмайтынын Көктырна да білген ғой» депті. Ас өткен соң Абай Бозекеңнің дастарқанынан дәм алып отырып: «Бай! Бәйбішеңіздің аруағы көтеріліп, бір аунап жатқан шығар. Бәрі жөн болғанымен сіз бір нәрсені ескермей жүр екенсіз. Маған бұл жерде су тапшылығы сезілді. Тәуекел деп ана төбенің үсті мен мына беткейінен екі-үш құдық қаздырсаңыз қайтеді?» депті.
Бозекең дереу Абай нұсқаған жерден арасы 50-60 метр болатын үш құдық қаздырған. Сол құдықтардың суы бір сарқылып көрмеген. Жұрт оны «Бозанбайдың Тастықұдығы» атап кетіп, Абайдың сол жерде су түндігі бар екенін қалай білгенін кейін де таңғалып талай айтып жүріпті.
Бозанбайдың қара шаңырағына Шүлембай ие болып қалған. Шүлембайдан жалғыз ұл – Әзімхан, ал Әзімханнан үш ұл туған. Бір жылда Шүлембай, Әзімхан, Әзімханның екі ұлы бар, бәрі бірдей қайтыс болады. Қарашаңыраққа ие болып, бес жасар Балтабай қалған. Даланың әмеңгерлік заңымен жесір таласы басталады. Сонда Абай Бозанбайдың жеті ұлын алдына шақырып билік айтқан екен.
«Бозанбайдың орны жауға – ат, ашқа ас болған. Бөлгенді кім шығарды, ол орын бөлінбейді. Кім бөледі? Байдың жеті ұлы жетім баланы тәрбиелеңдер! Жас өсіп, жарлы байымай ма? Жетеуің сол үйдің дәулетімен жеті қатын ал! Бірінші, Уақбайдан Сәдіхан Әзімханның бәйбішесі Бәтибаланың қолына кір. Малына, шаруасына бас-көз бол. Өзім сырттан бағып отырамын. Екінші, Сати, сен Шүлембайдың кіші әйелі Аналықты ал. Үшінші, Кенжеқұлдың Алтынханы, сен Әзімханның тоқалы Күлесінді еншісімен ал. Төртінші, Мәтіғұлдан – Еркебай, бесінші, Бітімбайдан – Шынғай, алтыншы Бітімбай, жетінші Мырзаханның үлкен ұлы Ақылтай, осы соңғы төртеуің қалаған жерлеріңе құда түсіп, үлкен шаңырақ малынан қалыңмалын төлеп, қатын алыңдар» депті.
Сол кезде үлкен үйде 1300 жылқы, 2 мыңнан астам қой бар екен. Абайдың бітімін барлық туыстар қабыл алып, бөлінуге бет алған Бозанбай ұрпақтары қайта табысқан. Мырзахан ағайындарымен ренжісіп, нағашылары Жетісуға көшпекші болады. Көшпес бұрын үлкен ұлы Ақылтайды ертіп, Абаймен қоштасуға келеді. Мән-жайды Абайға баяндайды. Көпке дейін қонағына қарап отырған Абай: «Мырзахан, сен Жетісуға көшпе! Өзің білетін Ақшатаудағы Бақалы бұлақтан қора сал, сол сенің құтты қонысың болар. Осыдан барысымен «Бақалы бұлақтан Мырзахан кірпіш құйғызып жатыр» дегенді еститін болайын. Екі жылға шыдасаң, мына Ақылтайың атқа мінер. Ақылтай атқа мінген соң Керей-Найман жауы Ақбайталдан асар деймісің. Тоқта, осы байлауыма!», деп Мырзаханға қадала қарайды. Мырзахан сасып қалып: «Кірпіш оңай ғой, төбесін қайтем?» депті. «Төбесіне қам жеме, ол менің мойнымда. Уәде сол болсын», деп ырза қылып шығарып салыпты. Мырзахан келе сала, Бақалы бұлақтан кірпіш құйғызады. Қора тұрмысын үш күнде көтеріп, «төбесін қайтем» деп іштей уайымдап жатып қалса, ертеңінде түсте Бақалы бұлақ үстін сырғауыл артқан түйе керуені басып кетіпті. Сөйтсе, Абай көктемде Көксала өзенінің бойынан ағаш қиғызып, қабықтап, қора қабырғасының қалап болуын тосқан екен. «Асылым Абай ғой, мені туған жерімде қалдырып, өркен жайдырған!» дейді ол.
Ұлы Абайдың Ақылтай жөніндегі болжамы тура келіп, кезінде елін жаудан қорғаған батыр, жауырыны жерге тимеген балуан, мерген, жоққа қайырымдылығы, сері жүрісі, жаудан қайтпас жүректілігі ел аузында аңызға айналған. 1928 жылы Қазақстандағы колхоздастыру кезінде Кеңес өкіметінің саясатына қарсы шыққан. Сол кезде қазақтың бірлігін, тәуелсіздігін ойлаған ер азаматтары – Балтақай мен Ақылтайды НКВД жендеттері ұстап, Семей түрмесіне қамайды. 1930 жылы Семейде көппен бірге атылған, атылғандардың ішінде Абай баласы Мекайыл болған. Ақылтайдан туған бес ұл – Әшіртай, Құрмантай, Біртай, Қайыртай, Қуантай отбасыларымен бай тұқымы ретінде қудаланып, әкесін НКВД ұстап әкеткенде, жедел түрде Қытай асқан. Содан аман-есен 1955 жылы елге оралды. Біртай, Қайыртай 50 жылдай Аягөз ауданының Мыңбұлақ кеңшарында бірі қарапайым шаруа, екіншісі мұғалім болып еңбек етті. Қуантай Бозанбай әулетінде бірінші тау-кен институтын бітірген инженер болды. 50 жылдай Ақмоладағы Степногор қалашығында уран кенінде басшылық қызметте істеді. 1992 жылы Бозанбай ұрпақтары жиналып, атамыздың туғанына 200 жыл толуына орай үлкен ас бердік. Абай ауданындағы Көкбай кеңшарында өтті. Сол маңайда Бозанбайдың бейіті бар. Бұл ас Абай ауданында бірінші өткен шара, рухани жаңғыртудың бастамасы болды. Он төрт киіз үй тігілді. Құран бағышталды, қазақтың көнеге көмілген ата-дәстүрі түгелдей қамтылды. Асқа жасы тоқсаннан асқан ақсақал, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғаш бата берген Шәкер ақын қатысты. Құрметті сый-сыяпатқа ие болды. Жиырма бес шақырымдық ат бәйгесіне 45 ат қатысты, соның ішінде Шұбартау, Жарма, Таскескен аудандарының бірінші хатшыларының аттары бірге шапты. Бірінші болып мен Аягөзден алып барған Бозанбайдың үлкен ұлы Сати, Күленбай ұрпақтарының аты, екінші Уақбай, Бурахан қажының ұрпақтары қосқан ат, үшінші Мырзахан, Ақылтай ұрпақтары қосқан аттар көмбеге келді. Бейнебір ата аруағын сезгендей... Кезінде бір немересі – болыс, бір немересі – қажы болса, бір немересі қазақтың еркіндігін қорғаған. Қалған балалары қарапайым шаруа адамдары болды. Ата басына үш мәрмәр тастан белгі қойылды. Кәмпеске кезінде Бозанбай ұрпақтарынан жеті адам атылып, отыз жеті адам сотталған. Ұлы Абайдың «Қайран сөзім қор болды-ау, Тобықтының езіне» деген өлең жолдары дәл келгендей. Шолақ белсенділер бірін-бірі көре алмай, қызғаншақтықпен жақсыларын көрсеткен. Сондықтан бір мәрмәр тасқа эпиграф ретінде былай деп жаздық: «Әй, ағайын, болмасын арамызда алауыздық, сол алауыздықтан көрдік қой жантүршігерлік жауыздық». Ұлы Абайдың ұрпақтарын сол жауыздық, көреалмаушылық, қызғаншақтық құртып жіберді. Атам Күленбайды да болыстыққа таласып жиын болғанда, жанағайындары үзеңгісіне у жағып жіберіп, үйге әзер жетіп жан тапсырған. Меніңше, қазақтың жауы іште, сырттан жау келмейді. Ұлы Абай бүкіл қазақ халқының – Қыдыры, әсіресе, біздің ата-тегімізге нұрын шашқан шапағатшы. Бүгінде Бозанбай ұрпақтары 300-ден аса шаңырақты құрап отыр.
Ұлы Абайдың ықыласы түскен адамдардың ұрпақтары құлаштарын кең жайып, Қазақстанды көркейтуге үлкен үлес қосқан. Жоғарыда айтып өткен Найман Серікбай қажының шөберелері – Қамал Қадыржанұлы, Кәкім Смағұл Сопыұлы 1932 жылы Мәскеудің түсті металл институтын бітірді. КСРО-ның құрметті кеншісі атанған, министр, министрдің орынбасары қызметіне дейін көтерілген Қамал Қадыржанұлы – қазақтың ардақты да атақты перзенті Дінмұхаммед Қонаевтың туған жездесі, Қонаевтың өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосқан адам. Осы естелікті жазып отырғанда, атамнан естіген бір жайлар есіме түсті. Кезінде Семей оязы сол төңіректегі халықты жинап, үлкен мереке өткізеді екен. Бір отырыста орыс ұлықтарынан мәдениет жөнінде үлкен әңгіме туындайды: «Қазақтар кең шапан, саптама етік, бастарында тымақ, қысы-жазы киіз үйде, тазалықты білмейді» дейді. Ояздың жанында отырған Абай: «Шақыртыңыз, он адамды мына дастарқан басына. Мен де он қазақты шақырайын», дейді. Ұлықтардың дастарқаны жаман болмайды ғой, орыс шалдары дастарқан басына келе, тамаққа бас қойыпты. Қазақ ақсақалдары дастарқан басына келгенде «ал, тамақ алыңыздар» дегенде бәрі орнынан тұрып кетіп, қолдарын жуып-шайып келіп дәм алған. Сонда Абай оязға: «Тазалық қолдан басталады. Сіздердің ақсақалдарыңыз мына жиында жүріп, кіммен амандаспады, не ұстамады, олар келе тамаққа жармасты. Бізде қазақтар қай уақытта болсын, қолдарын жумай дастарқаннан дәм алмайды. Мәдениеттің басты шарты осыдан басталады» деп ұлықтардың аузына құм құйған екен.
Бүгінде Бозанбайдың жеті ұлынан ұрпақ бар. Тек Шүлембай, Балтақай ұрпақтарынан еркек кіндіктен ешкім қалмады. Балтақай қызы Тұрсынқайша 1906 жылы туған, 90 жастан асып Абай жерінде қайтыс болды. Ол кісінің өмір жолы ерекше. 1928 жылдан бастап қуғынға ұшыраған – Семей, Бішкек, Ноғайсібір, Улан-удэ, Владивосток түрмелерінде болған. Өзінен бала болмады, алғашқы құрсақ көтергенінде түрмеге әкетерде белсенділердің ұрып-соққанынан түсік тастаған Тұрсынқайша апам өте дарынды болды. Түрмеде жүріп орыс, ағылшын тілдерін жақсы меңгерген. Алғаш іздеп барғанымда, «Апа, қалыңыз қалай?» дегенде: «Ой, қалқам, сен Ахметшәріптің баласысың ба? Дауысың тура Ахметшәріптен айнымайды», деп мені бірінші рет көріп тұрса да бас салған. Себебі екеуі түйдей құрдас, жас кездерінде бірге өскен.
Мен бұл естелікті 80 жасқа келгенімде жазып отырмын. Біз 10 ағайындымыз. Өзімнің 5 балам, 14 немерем, 2 шөберем бар. Жан жарым Қазима екеуміз 54 жылдай қатар өмір кешіп келеміз. Бозанбай ұрпағын жинап, ас бергізген, ұйымдастырған мен едім. Себебі сегіз ұлдың да ұрпақтарын өте жақсы білетінмін, жақсы қарым-қатынаста болдым. Бұл естелікті Әшіртай, Құрмантай, Мұхтар, Ахметшәріп, апаларым Мәкен, Тұрсынқайша, нағашым Қабжан ата-апаларымның өз ауыздарынан естігенмін. «Жаңылмайтын жақ болмас» деген, азды-көпті кемшілігі болса түсіністікпен қараңыздар.
Мамандығым – инженер. Осы Нұр-Сұлтандағы алғашқы жоғарғы оқу орны – Агротехникалық институттың бірінші түлегімін. Ұлы Абайдың қасиеті шығар, 1995 жылы Абайдың 150 жылдығын тойлағанда, тамыз айында басқа жерлер сарғайып кеткенде, той жері көкмайса болып құлпырып тұрды. Ұлы хакімнің аруағына Бозанбайдың барлық ұрпағы бас иеміз. Жатқан жері жайлы болып, топырағы жеңіл болсын! Абай есімі дүние жүзіне қалықтай берсін деймін.
Советқали АХМЕТШӘРІПҰЛЫ,
Күленбай мен Серікбай қажы шөбересі, зейнеткер
НҰР-СҰЛТАН