Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы жылы аяқталып келеді. Облыс жиын-терін жұмыстарын өз уақытында аяқтады. Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының ең маңызды саласы, оның өнімдері өңір экономикасының төрттен бірін құрайды. Саланың облыстық басқармасының бастығы Ерболат Бекшеновтің айтуына қарағанда, 9 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 4,3% өсіммен 628 млрд теңгені құраған.
Биыл егіс алқабының жалпы көлемі жылдағыдай болуымен қатар импорт алмастыру бағдарламасына сәйкес әртараптандыру жұмысы жалғасын тапты. Соның ішінде қарақұмық өсіру былтырғыдан 2,5 есе артып, 4,2 мың гектар жерге егілген. Бұршақ егу де былтырғыдан 30 пайызға артқан. Биыл оның көлемі 54 мың гектарға жетіп отыр.
Биылғы жаздың ауа-райы ерекше болды. Өңірдің көптеген аумағында көп уақыт бойы тамшы тамбаған ыстық күндер тұрды. Бұл нанның қамырлығына жақсы болғанымен егіннің қаулап өсуіне кедергісін келтірді. Ал күзгі жиын-терін кезінде ауа-райының қолайсыздығы көп болған жоқ. Соның нәтижесінде облыс науқанды өз уақытында төкпей-шашпай аяқтады. Жедел мәліметтерге қарағанда, 4,5 млн тонна астық жиналды. Гектар берекесі 15 центнерден айналды.
911 мың гектар жерге егілген майлы дақылдар да толық жиналып алынды. Облыс биыл 772 мың тонна өнім алды, ал гектар берекесі мұнда 8,5 центнерді құрады. Қазір тек аздаған күнбағыс алқаптары ғана жиналмай тұр, олар жерге алғашқы қырау түскеннен кейін толық жиналып алынады.
Биылғы орақта биік көрсеткіштерге қол жеткізген шаруашылықтар арасында «Зенченко и К», «Тұқым», «Новомихайлов-2003» ЖШС атауға болады. Олардың әрқайсысы гектарынан 28 центнерден өнім алды.
Жоғарыда айтқанымыздай, биылғы астықтың сапасы өте жақсы, қамырлылығы жоғары. Астық қабылдау тіректеріне тапсырылған барлық 1 млн 100 мың тонна дәннің 67 пайызы – 3 класс, 24 пайызы – 4 класс және 3,6 пайызы ғана 5 класс болып отыр. Бұл 2019 жылғы астықпен салыстырғанда сапа жағынан 33 пайызға жоғары деген сөз. 4-5 кластарға жататын сапасыз астық былтырғымен салыстырғанда 30 пайызға азайды.
Мұндай сапаға қол жеткізу алдымен ауа-райының қолайлылығынан болса, екіншіден диқандардың агротехникалық шараларды бұрынғыға қарағанда өз уақытында атқарғандығының нәтижесінен болып отыр. Бұл қатарда алдымен сапалы тұқым қолданылғанын айту керек. Сапалы тұқым климаттың түрлі факторларына төтеп беріп, жоғары өнім бере алады. Биыл барлық 4,2 млн га алқапқа осындай тұқымның 494 мың тоннасы егілген еді. Соның ішінде элиталық тұқымның 43 мың, суперэлиталық тұқымның 4 мың тоннасы сіңірілді. Айта кету керек, биыл диқандар өз қамбаларына келер жылға арнап 478 мың тонна сапалы тұқым құйып алды.
Қазір диқандар минералдық тыңайтқыштар қолдануды да еселеп арттырған. Облыс басшысы Құмар Ақсақаловтың өзі осы істі жіті қадағалап, жердің құнарын сақтауды талап етіп отырады. Былтыр да бұл жұмысқа үлкен назар аударылған, ал биыл бүгінгі таңға дейін 1,8 млн гектар жерге 121 мың тонна минералды тыңайтқыштар себілді және бұл жұмыс әлі де жалғасын табуда.
Әрине, астықты егу мен жинап алуға сапалы техника қолданылмаса төгіп-шашуға жол беріліп, ысырап көбейері сөзсіз. Облыс әкімі бұл іске де үнемі назар аударып отырады. Соңғы үш жылда облыста 89 млрд теңге тұратын 4,7 мың бірлік сапалы техника алынды. Ал биылғы 9 айда ғана 44 млрд теңгеге 1707 бірлік түрлі техникалар сатып алынды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 12 пайызға артық.
Облыста мал шаруашылығы саласы да белсенді дамуда. Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 2,4% өсіммен мал шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 140 млрд теңгені құрады. Ет өндірісі 5%-ға ұлғайып 75 мың тоннаға жетті, сүт өндіру көлемі 5,3%-ға өсіп, 497 мың тоннаны құрады.
Соңғы 2 жылда 7 жаңа сүт кешені пайдалануға берілді, оны іске асыруға 6 млрд теңгеден астам қаражат құйылды. Биыл тағы да 10 заманауи сүт тауарлы кешенінің құрылысы жөнінде жұмыс жүргізілуде. Осы нысандар толық қуатына шыққан кезде қосымша 30 мың тоннадан астам сүт өндіріледі және 300-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылады.
Сондай-ақ Ақжар және Уәлиханов аудандарында 13 мың басқа арналған 2 бордақылау алаңы («Береке – Ақжар» ЖШС 3 мың орын), («Жаке» ШҚ 10 мың орын), Қызылжар ауданында 1 мың басқа арналған ет бағытындағы ферма, бройлер құс фабрикасы ашылған.
Қолда бар және құрылатын кешендерге мал басын көбейту үшін ағымдағы жылы Ресей мен Еуропа елдерінен 1900-ден астам асыл тұқымды ірі қара әкелінді. Етті құс шаруашылығын дамыту үшін Петропавл қаласында «Петропавл бройлер» бройлерлік құс фабрикасының құрылысы бойынша жобаны іске асыру басталады. Қала халқын жұмыртқамен қамтамасыз ету облыстың құс фабрикаларында өндірілетін жұмыртқа есебінен жүргізіледі. Жұмыртқа бағасын тұрақтандыру мақсатында «Есіл» құс фабрикаларының басшылығымен облыс орталығы әкімінің Петропавл қаласының тұрғындарын жұмыртқамен қамтамасыз ету бойынша келісімшарты бар. Осы келісім шеңберінде құс фабрикаларының сату бағасы бірінші санаттағы он жұмыртқа үшін 280 теңгені құрайды. Ал қала дүкендеріндегі бағасы – бүгінде 300 теңге.
«Есіл ҚФ» ЖШС айына 10 млн данадан астам жұмыртқа өндіреді, 8 айда 85 млн дана жұмыртқа өндірді, бұл Петропавл қаласы халқының қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2019 жылы облыстың құс фабрикаларында 637 млн дана жұмыртқа, 2020 жылдың 8 айында 320,5 млн дана жұмыртқа өндірілді.
Қорыта айтқанда, ауыл шаруашылығы саласы бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуде мемлекет тарапынан қуатты қолдау көрсетіліп отырғанын атап айту керек. Соңғы үш жылда облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға 116 млрд теңгеден астам қаражат бағытталған. Бұл ұқсата білген жергілікті басшылық үшін орасан зор қолдау. Мемлекеттің саланы қолдауы биыл тіпті рекордтық көлемге жетті. Атап айтқанда, 2019 жылы – 39,5 млрд теңге болса, биыл 48 млрд теңгеге жетіп, 23%-ға артты. Жыл басынан бері «ҚазАгро» қаржылық институттары арқылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 45 млрд теңге сомаға 1618 өтінім қаржыландырылды.
Мемлекеттік қолдау шараларының барлық кешені еліміздің және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қайта өңдеу кәсіпорындары қуаттарының жүктемесін, ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемін ұлғайтуға, нәтижелі еңбек жағдайларын жасау арқылы ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін және халықтың табысты болуын қамтамасыз етуге қуатты күш береді.
Солтүстік Қазақстан облысы