СҚО Полиция департаментінде жерлесіміз Герольд Бельгердің туған күні аталып өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Үш тілді тел емген жазушы, аудармашы, публицист, әдебиет зерттеушісі Г.Бельгер қазақ даласының үлкен патриоты еді. Оның өмір жолы кімге болса да үлгі бола алары сөзсіз.
1934 жылы 28 қазанда Еділ бойындағы Энгельс қаласында туған Герольдтың отбасы 1941 жылы Солтүстік Қазақстандағы қазақ ауылына жер аударылып келеді. Фельдшер болған әкесі Карлды қазақтар Бельгер деген фамилиясын өзгертіп, "білгір" деп атап кеткен. Ол шынында білгір дәрігер болып, талай тұрғындарды емдеген. Ал Гера деген ат алған баласы Герольд те қазақ арасына оңай үйреніп, тілді таза үйренуімен қатар қазақтың салт-дәстүрін де бойына сіңірген. Мектепті алтын медальға бітірсе де оны Мәскеудің ЖОО-сына қабылдамаған. Сондықтан ол Алматыдағы ҚазПИ-ді бітірген. Оның барлық өмір жолы қазақ әдебиетіне қызмет етуге арналды. Ол қазақ әдебиетінің классиктері Б.Майлин, Ғ.Мүсіреповтерді орысшаға аударған. Кейін Ә.Нұрпейісов, Д.Досжанов және т.б. аударады. Ол 1992 жылы Президенттің «Бейбітшілік және рухани келісім» сыйлығын алған.
Оның өзінің еңбектері жеңіл юмормен қазақ болмысын, қазақстандық шындықты ашуға арналған. Нақпа-нақ берілген суреттері үшін оны халық жақсы көрді. Өмір бойы Алматыда тұрса да ол өзінің өскен жері Солтүстік Қазақстан облысы, аққайыңды аралдар деп айтудан жалықпаған. Есіл өңіріндегі достарымен де өмір-бойы тығыз байланысып тұрған. Сондықтан да оның өмірін жерлестеріне етене таныстыру, жастарға өмірін үлгі ету – бүгінгі күннің міндеті. ПД болған кездесуде "ұлт жанашыры" деген тақырыпта "Қызылжар" қосымша білім беру және қызмет көрсету орталығы" ЖШС директоры Жанат Мұхамеджановтың тартымды баяндамасы тыңдалды. ПД Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің басшысы Мәдина Балғашоқова осындай практикалық сабақтар белгілі қоғам қайраткерлерінің өмірі жайлы тереңірек білуге және олардың шығармашылығының маңыздылығын ашуға мүмкіндік беретінін айтты. Карантиндік іс-шараларға байланысты аудиторияны толық қамтуға мүмкіндік болмаса да онлайн-форматтар мен тікелей эфирлердің көмегі тиіп жатты.
Солтүстік Қазақстан облысы