Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында фискалдық бақылау тетігін енгізу мәселелері белсенді талқыланып жатыр.
Фискалдық бақылау тетігін қалыптастырудың мақсаты – қосымша құн салығы нөлдік мөлшерлемесін автоматты түрде растау, жанама салықтарды төлеу туралы өтініштің электронды форматына көшу және ЕАЭО өзара саудасында тауарларды өткізудің ашықтығын қамтамасыз ету.
Әзірленіп жатқан тетік ҚҚС-тың нөлдік мөлшерлемесін қолдануды растау және тауарлар экспорты кезінде ҚҚС-ын қайтару рәсімін оңайлатуға, сондай-ақ ЕАЭО-қа мүше мемлекеттердің салық органдары арасында өзара ақпарат алмасу арқылы бизнеске әкімшілік жүктемені айтарлықтай төмендетуге тиіс.
Қазақстандық тарап фискалдық бақылау тетігін іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасындағы тауарларға ілеспе жүкқұжаттардың (ТІЖ) жұмыс тетігін таныстырды. Тараптар қазақстандық тәсілді тұжырымдамалық түрде қолдады.
Еске сала кетейік, 2020 жылғы 9 қазанда өткен Еуразиялық Үкіметаралық кеңес отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин ЕАЭО цифрлы интеграциялық платформасы және ЕАЭО-қа мүше мемлекеттердің салық және кеден органдарының кеңейтілген электронды өзара іс-қимылы арқылы өзара саудадағы салықтарды әкімшілендіруді цифрландыру мәселесін пысықтауды ұсынған болатын.