Петропавл қаласында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері тәркіленген есірткі құралдарын өрттеу жөнінде акция өткізіп, арнайы комиссияның көзінше 100 келідей улы заттың көзі жойылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл қала тұрғынының ауласында өскен қара сора алқабынан алынған есірткі еді. Есірткіге қарсы күреспен айналысатындар «Қамқор» клубының еріктілерімен бірге осы акцияны жасады. Акцияға қатысқан Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің 3 курс студенті Қайсар Мусиннің айтуына қарағанда мұндай іс-шаралар жасөспірімдер арасында жаман жолға түсудің алдын алуға бағытталған.
«Біз - еріктілер осындай акцияға өз үлесімізді қосқанымыз үшін қуаныштымыз. Осындай іс-шараларға қатыса отыра, біз «Есірткіге жол жоқ!» деп, қоғамды салауатты өмір салтына шақырамыз», - деп атап өтті белсенді.
Жыл басынан бері облыста заңсыз айналымнан 390 кг. астам түрлі есірткі заттары, оның ішінде 1 кг. 690 грамм синтетикалық дәрі-дәрмек алынды. Қылмыстық жауапкершілікке 85 адам тартылды.
Солтүстік Қазақстан облысы