• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Сәуір, 2010

ҚАУІП БҰЛТЫ ТОЛЫҚ СЕЙІЛГЕН ЖОҚ

570 рет
көрсетілді

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының мүшесі Әділ АХМЕТОВ аталған Ассамблея төрағасы Жоао Соарештің тапсырмасымен Қырғызстанға барып қайтқан еді. Ол келген күні жедел сұхбат жүргізудің сәті түскен болатын. – ЕҚЫҰ Парламенттік Ассам­блея­сының төрағасы Жоао Со­ареш­тің арнайы өкілі ретінде көрші елге барғандағы мақсатыңыз не еді? Қырғызстандағы оқиғалардан кейін сонда болған алғашқы қазақ­стан­дықтың бірісіз, не көріп, не бай­қадыңыз? – Біздің онда барғандағы мақ­сатымыз – елдің ішіндегі тыныш­тық­тың орнауына, халықтың бей­біт өмірге көшуіне ықпал ету. Сонымен бірге, бізге қалыптасқан жағдайды көзбе-көз көріп, Ұйым тарапынан қандай көмек керек екенін білу міндеті жүктелді. Менен екі күн бұрын сол елге ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасының арнаулы өкілі ретінде Мәжілістің вице-спикері Жәнібек Кәрібжанов та барған еді. Бізден басқа да ха­лықаралық ұйымдардың өкілдері бол­ды. Атап айтқанда, БҰҰ Бас хат­шысының арнайы өкілі Я.Ку­биш­ті, Еуроодақтың арнаулы өкілі П.Моррельді, ЕҚЫҰ-ның Кикіл­жің­дердің алдын алу бюросы ди­рек­торының орынбасары П.Заль­мер­ді және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының өкілі В.Семе­ри­ков­ті кездестірдік. Бәріміздің мақ­сатымыз бір болғандықтан, біз бір­лесе жұмыс істедік. Айта кете­тін жәйт, ЕҚЫҰ-ның Орталық Азиядағы ең үлкен орталығы Бішкек қаласында орналасқан, онда 110 адам қызмет етеді. Әрине, Бішкектегі қазіргі уа­қыт­ша үкімет халық сайлаған заң­ды билік емес екені белгілі. Бұлар ереуілшілердің әрекеті шектен асып, сайланған үкіметті қуып шыққаннан кейін билікті қол­да­ры­на алған түрлі оппозиция бас­шы­ларының бірлестігі. Олардың өз арасында да толық түсіністік бар деп айту қиын. Бірақ елді иесіз қалдырмай, бұзақылардың қаланы қиратып-бүлдіруіне, мародер­лер­дің талауына жол бермей отыр­ған­дары үшін де оларға біз ризашы­лықпен қарадық. Дегенмен, тағы да қайталап айтайын, олардың бар­лық әрекетін заңды дей ал­май­сың. Өйткені, Қ.Бакиевтың жақ­тас­тары өтіп кеткен деген желеу­мен парламентті таратып жіберген, Конституциялық сотты да жауып тас­таған. Мұндай құқықтары бол­ма­са да ереуілшілер дүмпуінің кү­шімен шешімдерін орындатқан. Қазір Жогорку Кенештің де­пу­таттары үйлерінде қонуға қорқып, әр­бір жерде бас сауғалап жүрген көрінеді. Ал ереуілдің алғышарты ту­ра­лы көптеген БАҚ айтып жатыр ғой, солардың тұжырымдары дұ­рыс екеніне көз жеткіздік. Елдегі әлеу­меттік жағдай өте төмен, оның үстіне коммуналдық төлем­нің тарифтерін күрт өсіріп жі­бер­ген. Халық тіпті бұл жағдайға да шыдауы мүмкін екен, бірақ осы арада Қ.Бакиев өте бір үлкен қате­лік­ті қадам жасапты. Ол оппо­зи­ция­лық партиялар лидерлері ха­лық­ты көтеріп, ереуілге шыға­ра­тынын біліп, оларды бір-ақ түнде түрмеге қаматқан. Бұл “өзі де үр­кейін деп тұрған жылқыға жапы­рақ шашсаң не жорықтың” кері болып шыға келген. Ереуіл­ші­лер­дің қолдарындағы таяқ, тас сияқты қаруды және олардың ештеңеден тайынбайтынын көрген үкімет оларды сабасына түсіру мақсаты­мен оқ атқан. Ақ үйдің үстіне отыр­­ғызылған мергендер тобырдың ішіндегі аса белсенді деп сана­ған­дарын оққа байлаған. Сөйтіп, сек­сен­нен аса адам қаза болды. Бірақ бұл әрекет халықты сабасына түсі­ру­дің орнына, тіпті ашындырып жіберген, олар өздеріне қарсы тұр­ған милицияның қаруларын тар­тып алып, бұрынғыдан да қатты қимылға көшкен. Дүкендерді тал­қандап, мекеме-ұйымдарға басып кіріп, қиратып, өрт қойған. Соның ішінде республикалық прокура­ту­ра­ның ғимаратын өртеп жіберген. Бішкекте ашылған қытайдың, тү­ріктің сауда үйлері өрт құшағында қалған. Бакиевтің баласы Мак­сим­мен байланыстағы бизнес орын­дары тегіс қиратылған. Көтеріліс­шілер аңшы мылтығы мен оқ-дәрі сататын дүкенді де басып алып, оның барлық мүлкін қолды еткен. Сол қарулармен мергендерге, үкі­мет адамдарына қарсы кәдімгідей оқ атқан. Осының салдарынан өлгендерден басқа мыңнан артық адам жараланған, қазір олардың кейбірі өлім халінде жатыр. Міне, осындай жағдайды кө­зің­мен көргенде, әрине, жағдайдың тым күрделі екендігін сезіне тү­се­сің. Халықты оққа кеудесін тосуға дейін ашындырған жәйттердің арасында Қ.Бакиевтің отбасының әрекеттері ерекше менмұндалайды. Мәселен, ұлы Максим мекеме-ұйым­дардың акцияларын рейдер­лік әдіспен тартып алған. Прези­дент өзінің туыстарын барлық жауап­ты жерлерге тағайындай бер­ген, сөйтіп, коррупцияның дамуы­на жол ашылған. – Енді атқарған шаруалары­ңыз­ға тоқталып өтсеңіз... – Біз Бішкекте уақытша үкі­мет­тің басшысы Р.Отунбаевамен, экономика министрі Б.Сариевпен, конституциялық нормалардың орындалуын қарайтын қызметтің басшысы Ө.Текебаевпен, вице-пре­мьер А.Атанбаевпен, ҮЕҰ өкіл­дерімен, таратылған парламент мү­шелерімен, т.б. сөйлестік. Бір қызығы – қырғыздар бізді Қазақ­стан­ның өкілдері деп қабылдады, біз оларға өзіміз қазақ болға­ны­мызбен, халықаралық Ұйымның өкілі ретінде келіп тұрғанымызды ежелеп түсіндірдік. Барлық халықаралық ұйымдар үкілдері мақсатымыз бір болған соң бірлесе жұмыс істеп, уақытша үкіметтің басшыларына Қ.Ба­киев­тің де-юре президент екенін, Р.Отун­баева болса, де-факто елдің бас­шысы екенін айта келіп, төң­ке­ріс барысында билікке келген үкіметті конституцияға сәйкес заң­дастыру керектігін, ол үшін Қ.Бакиевтің өз басы мен отбасына қауіпсіздік жағдайын жасап, оның биліктен бас тартуына жету, содан соң елден аман кетуін қамтамасыз ету қажеттігін ескерттік. Әрине, бұл жердегі әңгіме Бакиевтің отба­сына ғана қатысты екенін айттық, ал туысқандарына оның қатысы жоқ екенін білдірдік. Уақытша үкі­мет Бакиевті ұстап, жауапқа тар­ту туралы шешім қабылдағаны белгілі. Мұндай жағдайда оның жақтастары қарсылық білдіріп, елде азамат соғысының болуы әб­ден мүмкін. Біз осы қауіпті айтып, Бакиевтің елден аман кеткені ендігі тыныш­тықтың кепілі екенін жеткіздік. Уақытша үкімет өкілдері ара­сын­да да бірауыздылық жоқ, олар­дың кейбірі көшедегі тобырдың талабынан қорқып, Бакиевті ұстау керек дегенді айтады. Осы үрей бә­рі­нің де басында бар. Бірақ біз өз тарапымыздан билікке кел­ген­нен кейін тәуекелге барудың да қа­жеттігін ескерттік, Бакиевтің би­ліктен бас тартуымен ғана билік­терінің танылатынын, ал ол елде президент ретінде отыра беретін болса, тыныштық орнамайтынын түсіндірдік. Көп ойласқан уақытша үкімет басшылары ақыры осы ақыл­ды қабылдады. – Қазіргі кездегі жағдай туралы не айтуға болады? – Қазір жағдай қалпына түсіп келе жатқан сыңайлы. Оқу орын­дары, сауда мекемелері жұмыс істей бастады. Бұрын қорқып, формасын кимей жүрген полиция да қазір міндетін атқаруға кірісіпті. Жастар арасынан шыққан бел­сен­ділер қаладағы тыныштықты күзетуге өз еріктерімен шығуда. ЕҚЫҰ тарапынан оларды қолдау үшін қаржылай көмек берілмек. БҰҰ да өзі тарапынан қолдау білдірмек. Қалада көлік қатынасы да қалпына келтірілген. Бірақ бәрібір елде бір алаң­даушылық бар. Ол – уақытша үкі­мет халыққа тиісті деңгейде билік жүргізе ала ма, әлде бір қылығы ұнамай қалса, бұларды да төңкеріп тастай ма деген қауіп. Сондықтан олар да барынша сақтықпен, бір шоқып, екі қарап дегендей, жұмыс істеуде. Оның үстіне елде сай­лан­ған президенттің әлі биліктен бас тартпай отыруы жоғарыда айтқан қауіптің шетін шығаруда. Оның жақ­тастары да аз емес екені бел­гі­лі. Енді жаңа төңкеріске жол бе­ріл­се, оның қазіргіден де қауіпті болатыны түсінікті. Өйткені, қазір халықтың қолына қару тиді. Міне, осындайлар Қырғызстандағы жағ­дайдың толық тынышталуына жол бермей отыр. – Ал мүмкіншілік беріліп жатса, Қ.Бакиевтің қай елге кетуі мүмкін? – Оны енді уақыт көрсетер. – Уақытша үкіметтің өзінің қандай жоспарлары бар екен? Билік басында қашанға дейін отырмақ? – Олар әзірге алты ай мер­зім­ге жұмыс істейміз дейді. Сол уа­қыт­та конституциялық рефор­малар жүргізіп, елге парламенттік басқару жүйесін енгізбек. Сай­лау­ды да содан кейін өткізіп, жеңген партия үкіметті жасақтайды дейді. Таратылып жіберілген парламент мүшелері өзгерісті заңдастыру жолдарын ұсынып отыр. Олар: уа­қытша үкімет бізді қайтадан та­ны­са, біз Бакиевті заңды жолмен тақ­тан тайдырайық, сосын уақытша үкіметті заңды билік ретінде та­ниық дейді. Бірақ оған парла­мент­те Бакиевтің “Ақ жол” партия­сы­ның мүшелері көп екенінен қо­рыққан уақытша үкімет әлдеқалай болып кетер деп келіскісі жоқ. Міне, көрші елде көріп, кө­ңілге түйгендеріміз осылар. Мен осы­лардың бәрін 17-19 сәуірде Ко­пенгаген қаласында болатын ЕҚЫҰ ПА-ның бюро отырысында баяндайтын боламын. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.