Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде ұшқышсыз авиациялық жүйелерді енгізу және дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
Ұшқышсыз ұшу аппараттары – әскерлер мен қару-жарақты қолданудағы нақты жаңашылдық. Бүгінде әлем елдері оларды қарулы қақтығыстарда да, сондай-ақ іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де кеңінен қолдануға көшті.
Қару-жарақтың бұл түрі Қазақстан әскеріне белсенді түрде енгізіліп жатыр. Қарулы Күштердің Құрлық әскерлері «SkyLark» тактикалық ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жабдықталған. Ол 10 шаршы шақырым аумақты бақылауға арналған. Ол базадан 40 шақырым қашықтықта бірнеше жүздеген метр биіктіктен жердегі жеке адамдарды көруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ суретті оператордың мониторына бере алады.
Әскери-әуе күштерінің тізімінде «WingLoong» барлау-соққы беру кешені бар. Ол әуе барлауын жүргізу міндеттерін ғана орындап қоймай, басқарылатын зымырандар мен бомбаларға жоғары дәлдікті соққы береді.
Ұшқышсыз ұшу аппараттары арнайы инфрақұрылымды талап етпейді. Бұл ретте олар жауынгерлік тиімділікті айтарлықтай арттырып, басқарылатын авиацияға жүктемені төмендетеді. Оларды мақсатты айқындауға, артиллерия атысын түзетуге, жердегі нысанаға соққы беруге, аса маңызды нысаналар мен олардың элементтерін жедел жою үшін қолданылады.
Коронавирус пандемиясына байланысты төтенше жағдай кезінде Қарулы Күштердің ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылды. Олардың көмегімен 80-ге жуық құқықбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, рұқсатсыз адамдардың және көлік құралдарының карантиндік аймақтардан тыс жерлерге өтуі.
Ұшқышсыз ұшу аппараттарын қамтамасыз ету мен пайдалану бойынша мамандарды Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтында даярлайды. Тараз қаласында ұшқышсыз ұшу аппараттарын дайындау және жауынгерлік қолдану орталығы құрылды. Шаһардағы орталықта операторлар біліктілігін арттырып, нұсқаушыларды оқытады. Сондай-ақ жыл сайын оқу-әдістемелік жиындар да өткізіледі. Мәселен, таяуда Тараз қаласында Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандарына арналған кезекті семинар-тренинг өтті. Онда табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мақсатында ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану мақсат етілген.
Тренинг барысында оқитындар орталық жаттықтырушысымен және қызметкерлерімен бірлесіп ұшудың қол режімін және «DJI Pilot» мамандандырылған БҚ-да басқарудың ерекшеліктерін ұшу алдында баптауды жүргізді.
«Pix4d Capture» және «CTRL+DJI» бағдарламалары арқылы автономды режімде ұшу жоспарын жасады. Сондай-ақ жаттығу кезінде ықтимал қауіпті маневрлер пысықталып, «DJI Assistiant 2», «AIR map» және «UAV Forecast» қосалқы бағдарламаларының әдіс-тәсілдері таныстырылды.
Бұдан бөлек, әскерилер ұшуды бастау кезіндегі ұшқыштардың негізгі қателіктерін және ұшу кезіндегі негізгі сақтық шараларын пысықтады. Ел аумағындағы әуе қозғалысын реттеу саласындағы заңнаманы зерделеп, «Pix4Dmapper» арқылы деректерді ұшудан кейінгі өңдеуді қамтамасыз етудің талдамалық бағдарламасын үйренді. Сондай-ақ Талас өзені арнасының үлгісінде рельефтің және егжей-тегжейлі ортофото жоспардың цифрлы моделі әзірленді.
Тренингте әскерилер ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқаруға, жоғары сапалы ортофото жоспарларды, ғимараттардың үш өлшемді модельдерін, жергілікті жер мен рельефтің цифрлық модельдерін, биіктік карталарын жасау тәсілдерін пысықтады.
Қазақстандық әскери қызметшілер біліктіліктерін Армия халықаралық ойындары барысында да шыңдай түседі. Қазақстан жыл сайын елімізде өткізілетін «Сұңқар аңшылығы» ұшқышсыз ұшу аппараттарын сынау сайысына бастама көрсетті. 2017 жылдан 2019 жылға дейін Қазақстан Қарулы Күштерінің командасы сайыста бірінші орынға ие болған-ды. Бұл еліміздегі қару-жарақтың осы түрінің табысты қолданылуы мен дамуын көрсетеді.
Жалпы, елімізде ұшқышсыз ұшу аппараттарды ұшыру мен пайдалану тәртібі 2010 жылғы 15 шілдедегі «Қазақстан Республикасы әуе кеңістігін пайдалану және авиация жұмысы» заңында және Үкіметтің 2011 жылғы 12 мамырында бекітілген әуе кеңістігін пайдалану туралы №506 бұйрығының 5 ережесінде қарастырылған.
Қазіргі ұшқышсыз ұшу аппараттарының кешенді түрде қолданыс аясы кеңейіп келеді. Автоматтандырылған ұшқышсыз авиациялық жүйелер белгілі бір авиациялық жұмыс түрлерін орындау үшін құрылады.
Олардың авиациялық жұмыстарының негізгі түріне әуе түсірілімдері мен бақылаулары, әуе геодезиялық және маркшейдерлік, авиациялық-химиялық жұмыстарды атқару, әуе тасымалы кіреді. Сондай-ақ оларды ұшыру тәртібін аймаққа байланысты мемлекеттік органдар реттейді. Еліміздің заңнамасында жеке және заңды тұлғалар үшін дрондарды сатып алуға және пайдалануға шектеу қойылмаған. Қазіргі таңда елімізде ұшқышсыз 277 ұшу аппараты тіркелген.
Жалпы, мұндай дрондардың қарулы күштерде қолданылуы кейінгі кезде күрт артқан. Кей сарапшылардың пайымдауынша, келешекте сарбаздардың әрбіреуі дербес ұшқышсыз ұшу аппаратына ие болуы мүмкін. Ұшқышсыз ұшатын шағын аппараттар әскери тапсырманы орындауға шыққан сарбаздарға көмектеседі.
«КТ-Беспилотные Системы» арнайы жобасының бас конструкторы Павел Рожковтың айтуынша, қазіргі таңда салмағы 180 грамм тартатын нано ұшқышсыз ұшатын аппараттар құрастыру жұмысы жүріп жатыр. Мұндай дрон бірқатар мамандандырылған әскери тапсырмаларды орындау үшін қажет. Әсіресе, іздеу-құтқару операцияларында, қиын немесе жабық нысандарды тексеру, мониторинг жүргізуде таптырмас көмекші.