• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Оқиға 02 Қараша, 2020

Өрт азаяр емес

218 рет
көрсетілді

Қыс маусымы түсіп, үйге от жағу жұмыстары басталғаннан бері Солтүстік Қазақстанның өрт сөндірушілері алаңдаушылық білдіруде. Өйткені от жағатын жекеменшік үйлердің кейбірі от қауіпсіздігін сақтамайды. Осыған орай Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамил Камалов журналистермен кездесті.

Жыл басынан бері облыста 547 өрт тіркеліп, оның ішінде 43 адам қаза тапқан. Келтірілген материалдық залалдың көле­мі 116 млн теңге. Бұл былтырғымен салыс­тыр­ғанда шамамен екі есеге артық.

Осы өрттің 75%-ы жекеменшік тұрғын үйлер секторында болған. Қаза тап­қан­дардың да 41 адамы осы сектордың үле­сінде. Нақты айт­сақ, 8 өртте 20 адам қаза тапқан. Оның ішінде 14 адам (70%) мас күйінде қаза болған. Мәселен, биылғы қаңтарда Петропавлдағы «Жұмысшылар кентіндегі» жеке үйде болған өрт салдарынан 1991 жылы туған әйел және 2016 және 2018 жылдары туған оның екі ұлы қайтыс болды. Өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан шыққан.

2020 жылғы 7 тамызда да осы кенттегі жеке үйде болған өрт салдарынан 1988 жылы туған үйдің иесі және оның 2011 және 2015 жылдары туған оның екі баласы қаза тапты. Өрт салдарынан шатыр, үйдің ішкі қаптамасы, мүліктер мен шаруашылық құрылысы толығымен жанып кетті. Тіпті көрші үйдің қабырғасы зақымдалды. Өрттің жалпы аумағы 141 шаршы метрді құрады. Бұл өрт – темекі шеккендегі абайсыздықтан болғаны анықталды. Осы тамыз айында Ильинка селосында жеке тұрғын үйде болған өрттің салдары­нан 1969 жылы туған ерлі-зайыпты мен олардың 1992 жылы туған ұлы және неме­релері ажал құшты. Бұл жолы да өрт теме­кі­ден тұтанған.

Сол күні Айыртау ауданы Айыртау селосының маңындағы карьердегі жылжымалы тұрғын вагонда болған өрттен «Көкше-Бур» ЖШС жұмысшы-бұрғылаушысы, 1960 жылы туған азамат құрбан болды.

Болған өрттердің негізгі себебі – жылыту пештерін пайдалану кезінде өрт қауіп­сіз­дігін сақтамау. Сонымен қатар қайтыс болған ересектердің бәрі мас күйін­де бол­ға­нын атап өту керек. Демек, мас бо­лып от тұтату адам өміріне айрықша қа­уіп­ті екенін әрқашан ескерген жөн.

Сондай-ақ облыста улы газбен улану салдарынан зардап шеккендер де көп. 2019 жылы осы себеппен 27 адам зардап шегіп, бір адам қайтыс болды. Ағымдағы жылы 4 адам жарақат алған және тағы төртеуі (оның ішінде 1 бала) қайтыс болды.

 Бір топ адамның қаза болуы 2020 жылғы 25 қазанда Қызылжар ауданының Петерфельд селосында тіркелді. Онда 1959 және 1963 жылы туған ерлі-зайыптылар көміртегі тотығымен уланған.

Республикалық рейтинг бойынша біздің облыс өрт саны жағынан төмен болға­ны­мен адам өлімі бойынша екінші орында тұр. Көңіл көншітпейтін статистиканың се­беп­тері бірнешеу. Олардың бірі – ха­лық­тың осал топтарына жататын өңір тұр­­ғын­дарының басым бөлігінің әлеу­мет­тік жағ­дайы. Қазір сондай 4557 мекен­жай есеп­ке алынды, онда 16944 адам тұ­ра­ды, оның ішінде 4841-і бала. Бұл тұрғын үйлер­дің өртке қарсы жай-күйі өте қауіпті күйде қа­луда.

Электр қауіпсіздігін тексеру барысында 2956 үйде электр жабдықтары мен жылыту жүйелерін пайдалану қауіпті жағдайда екені анықталды. Бүгінгі күні сондай 618 үйде электрден өрт шығу қаупі жойылды. Ал халықтың әлеуметтік осал топтарының 2338 үйінде 4964 бұзушылық жойылмаған. Олар тұратын мекенжайларға көмек көр­се­­ту шеңберінде барлығы 274 автоном­ды датчиктер (191 улы газ, 83 түтін) орна­тыл­­ды, ал облыстың басқа өңірлерінде бұл сан бірнеше есе асады.

Өзінің сөзінде Р.Камалов ағымдағы жылы Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдармен, еріктілермен, жер­гілікті полиция қызметімен бірлесіп, об­лыстың елді мекендерінің тұрғын үй сек­торында өрттердің алдын алу бойынша айтарлықтай профилактикалық жұмыс жүргізгендерін жеткізді. Осы жылдың 15 тамыз бен 15 қазаны аралығындағы өрт қауіпсіздігінің екі айлығы барысында рейдтік іс-шаралармен 20 мың тұрғын үйді аралап, нұсқаулықтар өткізілген, өрт қауіпсіздігі ережелерін түсін­діретін 50 мыңнан астам жадынама тара­тылған. Адам өлімінің алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлар департаменті тұр­ғындарға пешпен жылытуға және электр сымдары мен электр аспаптарының жарам­ды­лығына ерекше назар аудару керектігін ескерткен.

 

Солтүстік Қазақстан облысы