СҚО Тайынша ауданындағы Келлеровка ауылының бір тұрғыны түнгі мезгілде өзінің дүкенінде шам жарығын байқалғанын айтып полицияға дабыл берген. Шақыртуға келген учаскелік полиция инспекторы мен оның көмекшісі дүкеннің терезесін сындырып кірген 2005 және 2006 жылдары туған екі жасөспірімді ұстады. Бұлардың арасында үшінші бала да болған, бірақ ол полицияны байқап қалып, зытып кетіпті, деп жазады Egemen.kz
Балалардың сөмкесінен 6 блок сигарет, бір қап қара темекі және 19 қорап сағыз шыққан. Аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне Қылмыстық кодекстің "Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу" және "Ұрлық" баптары бойынша енгізілді. Жасөспірімдер ата-аналарының кепілгерлігімен босатылды. Олар балаларының әрекеттері үшін қылмыстық-әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
"Осындай фактілердің жасалуына жол бермеу үшін ювеналдық полицейлердің жұмыстары күшейтілді", деп хабарлады Тайынша ауданының ПБ бастығы полиция подполковнигі Нұрлыжан Ақтанов.
СҚО-да жыл басынан бері жасөспірімдердің 30 қылмыс жасағаны тіркелген. Оның басым бөлігі – ұрлық.
Солтүстік Қазақстан облысы