Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университеті мен Республикалық ғылыми-әдістемелік «Қазақ тарихы» журналының редакциялық алқасы бірлесіп «Тарих ғылымы мен әдістемесінің жоқшысы, насихатшысы әрі қозғаушы күші – «Қазақ тарихы» журналы» атты дөңгелек үстел өткізді. Бұл дөңгелек үстелге журналдың тұрақты оқырмандары мен жанашырлары, тарихшы ғалымдар мен ұстаздар, жоғары оқу орындарының ұстаздары, колледж оқытушылары, магистранттар мен студенттер қатысты.
Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университеті мен Республикалық ғылыми-әдістемелік «Қазақ тарихы» журналының редакциялық алқасы бірлесіп «Тарих ғылымы мен әдістемесінің жоқшысы, насихатшысы әрі қозғаушы күші – «Қазақ тарихы» журналы» атты дөңгелек үстел өткізді. Бұл дөңгелек үстелге журналдың тұрақты оқырмандары мен жанашырлары, тарихшы ғалымдар мен ұстаздар, жоғары оқу орындарының ұстаздары, колледж оқытушылары, магистранттар мен студенттер қатысты.
«Қазақ тарихы» журналы әу баста «Қазақстан мектебі» журналының қосымшасы ретінде шыға бастады. Сонау 1993 жылғы шілдеде алғашқы нөмірі жарияланған журнал 2003 жылы дербес басылымға айналды. Алғашқы санынан бастап қазақтың арғы-бергі тарихын, оның атауын, шығу тегін жазу-сызу пайда болған уақытына қатысты мәліметтерді жүйелі түрде жариялап келеді. Онда қазақ тайпалары, қазақ-жоңғар шайқастары, Шыңғыс хан қағанатының қыр-сыры, араб, қалмақ, орыс отаршылдығына қарсы күрес кезеңдері мен көріністері, жетекшілері жөнінде тың мағлұматтар жарияланып тұрды. Ұлтымыздың кеңес империясы тұсындағы саяси өмір тынысы, экономикасы, мәдениеті, қазақ халқының тәуелсіздігі, саяси-экономикалық жаңаша бітім-пішімі көрсетіліп, кезеңдік өзгерістер, қоғамдық даму заңдылықтары сөз етілді. «Ата қазақтың арғы тарихынан», «Тарихи тұлғалар», «Тарихқа жаңаша көзқарас» сияқты төл тарихтың сан-саласын қамтитын айдарлар бар.
Журнал екі үлкен бөлімнен тұрады: біріншісі – «Ғылыми зерттеулер мен деректемелер». Бұл бөлімде қазақ тарихының көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихы сөз болады. Ал екінші бөлім – «Оқыту, Әдістеме. Тәжірибе» деп аталады. Бұл бөлімде орта, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында Қазақ тарихын оқыту тұжырымдамалары, әдіс-тәсілі, оқулықтары талқыланады. Сонымен қатар, құқықтану, дінтану негіздері, дүние жүзі тарихын оқытудың әдіс-тәсілдері баяндалып, ұстаздарға әдістемелік кеңес беріледі.
«Қазақ тарихы» журналы отандық тарих ғылымының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты. Әсіресе, оған дейін басым көпшілігі орысша әрі коммунистік сарынмен, «аға ұлттың» ықпалындағы құлдық санамен жазуға машықтанған отандық тарихшылардың қазақша әрі тәуелсіз көзқараспен жазуына ықпал жасады. Қазақтың жеке этнос ретінде ұстанымын, мемлекеттік патриотизмін қалыптастыруға жан аямай қызмет етті. Отандық тарих терминдерінің, ұғымдарының орнығуына атсалысты. Төл тарихтың ақтаңдақтарының ашылуына журнал бетіндегі деректі мақалалар, сұхбаттар, пікіртерімдер, сауалнамалар жиырма жылдай ойтүрткі жасаса, Қазақстан тарихы пәнінің бірде ҰБТ-дағы міндетті пәндер қатарынан, бірде осы пәннің жоғары оқу орындарындағы мемлекеттік емтиханынан алынып қалуына наразылық ретінде ашық хат жазып, оған әйгілі тарихшылардың қолын қойғызып, министрлікке қайта-қайта хат жолдап, хабарласып жүріп, әділеттіліктің орнауына қол жеткізілді.
Журналдың бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ы.Алтынсарин атындағы медальдың иегері Әбділдәбек Салықбайдың айтуынша, редакция тарапынан жазылатын аңдатпаларда, түйін сөздерде төл тарихтың бұрмаланбауын, тарихты зерттеуде шежіре, тарихи жыр-дастандар, жер-су атаулары, қазақы ұғымдардың этимологиясы сынды төл деректердің ескерілуін үнемі зерттеушілер қаперіне сала отырып, «Қазақ тарихы» журналы отандық тарихшылар ортасында тарихты реформалау сияқты тың ойлардың, пікірлердің туындауына себепкер болды.
Шарафаддин ӘМІРОВ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.